Өткен жылдан бері Қызылорда облысында 13 826 адам коронавирус жұқтырды. Бүгінгі таңда олардың 80 пайызы емделіп шықты. Ал пневмониямен сырқаттанған 1 950 науқастың 1 670-і (85,6%) емделді. Биылғы жылдың маусым-шілде айларында инфекциялық орын 585-тен 2 340-қа, реанимациялық төсек орын 90-нан 172-ге дейін көбейтілді.
Қазіргі таңда 1 860 инфекциялық орын науқастардың пайдалануында. Оның ішінде реанимациялық төсек орын - 157. Қазіргі жүктеме 65 пайызға жеткен. Резерв орындарының санын қосқанда 3 200 орын әзірленді. Оның 518-і орталықтандырылған оттегімен жабдықталған.
«Жақында модульдік стационар іске қосылып, 10 тамыздан бастап науқастарды қабылдауда. Стационарда қажетті дәрі-дәрмектердің қоры қалыптасқан. Коронавирус инфекциясына қарсы күрес жұмыстарына қажетті медициналық кадрлар мен құрал жабдықтар жеткілікті», деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов.
Өңірде 11 ПТР аппараты іске қосылған. Тәулігіне 1 300-1 500 аралығында сынама алынады. Қажеттілік туындаған жағдайда зерттеу санын 3 500-ге дейін жеткізуге мүмкіндік бар.