Санитарлық-эпидемиялық жағдай тұрақтанып келеді
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, әлемдегі жағдай шиеленіскен күйінде қалып отыр. Жалпы алғанда, бүгінде әлемде 208 млн жуық КВИ ауруы тіркелді, күніне
480 мыңнан аса жағдай тіркелуде. 4,3 млн аса адам қайтыс болды. ДДҰ-ның алты аймағының төртеуінде шілде айының екінші онкүндігінен сырқаттанушылықтың өсу тенденциясы байқалды. Жаңа жағдайлардың ең үлкен пропорционалды өсуі Америка мен Тынық мұхитының батыс аймақтарында тіркелді. ДДҰ-ға мүше мемлекеттердің 228 елінің 38-інде жаңа жағдайлардың 50%-дан астамға өскені байқалды.
Өткен аптада аурудың ең көп өсуі Әзербайжанда байқалды, онда бір апта ішінде сырқаттану 121%, Израильде 63%, Жапонияда 21% өсті.
Қазақстанда апталық өсім 2%-ға төмендеді. 18 тамыздағы мәлімет бойынша, республикада COVID-19-дың оң нәтижесі бар 708 379 науқас және КВИ- нәтижесі бар 66 381 науқас тіркелді. «Түркістан облысынан басқа барлық аймақ – «қызыл аймақта». Соңғы үш аптада Қазақстанда эпидемиялық жағдайдың біртіндеп тұрақталуы байқалды, орташа есеппен аптасына 53 мыңға жуық жағдай тіркеледі», деді А.Цой.
Оның айтуынша, 1 тамыздан бастап Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралу индексі 1,11-ден 0,97-ге дейін 14%-ға төмендеді. Инфекциялық орындар 53%, реанимациялық орындар 47% жүктемеленген. Инфекциялық орындардың көп жүктемеленуі Ақтөбе облысында – 69%, Қызылорда облысында – 66%, Алматы облысында – 64%.
Сондай-ақ министр елдің медициналық ұйымдарының тұрақты жұмысын атап өтті. Бүгінде КВИ-мен ауырған 120 мыңнан аса науқас емделуде. Сонымен қатар бірінші күні реанимацияға жатқызылған пациенттердің үлесі 40%-дан асты және бұл агрессивті «Дельта» штамының әсерімен, науқастардың өзін өзі емдеуімен және олардың медициналық көмекке кеш жүгінуімен байланысты. «Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар аурудың алдын алу, халық арасында өзін өзі емдеуге жол бермеу және медициналық көмекке уақытында жүгіну бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет», деді А.Цой.
Министр қазақстандықтардан КВИ алғашқы белгілері білінген кезде өзін өзі емдеуге емес, меди-
циналық көмекке жүгінуді сұрады. «Қарапайым ережелерді сақтау жүздеген адамның өмірін сақтап қалатынын есте сақтау керек», деді А.Цой.
Вакциналау процесіне келетін болсақ, бүгінге дейін республикада бірінші компонентін 6,1 млн адам алды, тиісті халықтың қамтылуы 62%-ды құрады, екінші компонентін 4,8 млн-ға жуық адам алды, бұл тиісті халықтың 48%-ын қамтиды. Министрдің айтуынша, ең көп қамту 6 аймақта байқалады: Шымкент, Алматы қалаларында, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында.
Бірінші дозамен вакциналаудың ең төменгі пайызы Маңғыстау облысында байқалады. «Өңірлер вакцинаның жеткілікті мөлшерімен қамтамасыз етілген. Вакциналар кесте бойынша жеткізілуде. Қытайдың Sinopharm вакцинасының бірінші партиясы барлық аймаққа жеткізілді. Жеткізу жалғасуда», деді А.Цой.
Ashyq жобасының кеңінен таралуы жалғасуда. Министр атап өткендей, жобаға қатысушылардың саны 111 мыңнан асты, оның ішінде 921 көшбасшы, қолданушылардың саны 4 млн-ға жетті. Күн сайын 400 мыңнан аса қазақстандық онлайн режімінде өз статусын тексереді. Бақылау топтары карантин шараларының сақталуын бақылауды жалғастыруда. Талдау көрсеткендей, соңғы екі аптада рейдтік қамту 16%-ға, ал бұзушылықтарға жол берген нысандар саны 1,2 есеге өсті. Бұл ретте А.Цой Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды облыстарында нысандардың рейдтік қамтылуының төмендегенін атап өтті.
Мониторинг топтары Ashyq қатысатын нысандарда да карантин шараларының сақталуын бақылайды. Ashyq жобасы аясында мониторинг топтары 60 473 нысанды қамтыды, 1 183 нысанда бұзушылықтар анықталды. Сонымен қатар министр атап өткендей, Ashyq енгізілгеннен бері «қызыл» және «сары» статусы бар 46 067 келуші анықталды, оның ішінде 29 930-ның ПТР тестісінің оң нәтижесі бар және
16 137-сі ауруды жұқтырғандармен байланыста болғандар. «Бұл статистика, өкінішке қарай, кейбір азаматтардың үйде оқшаулану режімін сақтамайтынын, халық жаппай жиналатын жерлерге баруға тырысатынын, ел ішінде көп жол жүретінін, осылайша ауруды басқаларға жұқтыру қаупін тудыратынын көрсетеді. Басқаларға қауіп төндіретін азаматтардан азаматтық жауапкершілік танытып, вирустың таралуына ықпал етпеуін сұраймын», деді А.Цой.
Оның айтуынша, қазіргі карантин шараларына қарамастан, көптеген аймақта көп адамдардың қатысуымен мерекелік шараларды (үйлену тойлары, еске алу асы және басқалары) өткізу жалғасуда және карантинді өрескел бұзу фактілері анықталды. Министр Премьер-Министрге жергілікті атқарушы органдарға мониторинг топтарының жұмысын күшейтуді тапсыруды сұрап өтініш білдірді.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин Маңғыстау, Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында вакциналау қарқынын едәуір күшейтуді тапсырды. Премьер-Министр жаңа оқу жылына дайындық аясында 25 тамызға дейін мұғалімдерді вакциналауды аяқтап, оқу орындарының дайындығына бақылауды күшейту қажет екенін атап өтті. А.Мамин халықтың шектеу шараларын сақтауын одан әрі бақылауды және мониторингтік топтар қызметінің тиімділігін арттыруды, вакциналау қажеттілігі туралы ақпараттық жұмысты кеңейтуді тапсырды.
«Қызыл аймақта» орналасқан өңірлерде демалыс күндеріне енгізілген локдаун сақталады. Ashyq жобасына қатысушылар санын арттыру жұмысы жалғасады. Бүгінгі таңда қосымшаға 4 млн-нан аса пайдаланушы тіркелген, жобаға 111 мың бизнес субъектісі қатысады.
Мал азығының маңызы артуда
Үкімет отырысында малды жемшөппен қамтамасыз ету және егін жинау науқанына дайындық мәселелері қаралды. Мал азығын дайындаудағы қазіргі жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, өңірлерде жем-шөп дайындау барысы туралы Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, егін жинау жұмыстарына дайындық туралы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев баяндады.
Биылғы жаз ерекше құрғақ болды, соның салдарынан еліміздің батысы мен оңтүстігінде бірқатар өңір зардап шекті. Құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлерді жемшөппен қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі шешімдерді Жергілікті және орталық атқарушы органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық жедел штаб қабылдап жатыр.
Биылғы 16 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 20,7 млн тонна ірі азық дайындалды, бұл жоспарланған жылдық көлемнің 81,7%-ын құрайды. Маңғыстау және Қызылорда облыстарына жемшөп сатып алуға Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінді, жемшөп дайындауға қосымша 43,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Солтүстік өңірлерден жемшөп жеткізілді.
Батыс өңірлерді жемшөппен қамтамасыз ету мәселесіне волонтерлер де кірісті. Осы жылғы 23 тамыздан бастап ірі азықты республикадан шығаруға уақытша тыйым салуды енгізу туралы шешім күшіне енеді, биылғы 1 қыркүйектен бастап мал жемін экспорттауға квоталау енгізіледі. «Қабылданған шаралардың арқасында жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесі жалпы тұрақтанды», деген Үкімет басшысы А.Мамин Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктерге осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, жағдайды ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Үкімет басшысы егін жинау науқанын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар қабылданғанын атап өтті. Биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты жетекші астық өндіруші елдерде бидай өнімділігінің төмендеуі болжануда. Мәселен, АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Халықаралық астық кеңесінің болжамдары бойынша, Құрама Штаттарда бидай түсімінің 4,4%-ға – 49,7 млн тоннадан 47,5 млн тоннаға дейін, Канадада 32%-ға – 35,1 млн тоннадан 24 млн тоннаға дейін, Ресейде 15%-ға – 85,3 млн тоннадан 72,5 млн тоннаға дейін төмендеуі күтілуде.
Болжам бойынша, Қазақстанда дәнді дақылдардың жеткілікті көлемі жиналады. Сонымен қатар 6,5-7 млн тоннаға жуық экспорттық әлеует сақталады. Үкімет басшысы егін жинау науқанын сапалы өткізіп, элеваторлардың өнімді қабылдау мен сақтауға дайындығын қамтамасыз ету, астық қабылдау кәсіпорындарының оны сақтау үшін уақтылы қабылдауы қажет екенін атап өтті. Энергетика министрлігіне егін жинау кезінде ЖЖМ-ді уақтылы қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.
Ақтөбе облысының кешенді даму жоспары бекітілді
Үкімет отырысында Ақтөбе облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қаралды. Бұл жөнінде Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин баяндама жасады.
Үкімет басшысы Ақтөбе облысы батыс агломерациясының орталығы, еліміздегі маңызды индустриялық-аграрлық өңір екенін атап өтті. Металлургия, химия және мұнай-газ салаларын дамыту үшін облыстың айтарлықтай әлеуеті бар. Кешенді жоспардың 36 іс-шарасын іске асыру облыстың дамуына жаңа серпін береді, бес жыл ішінде шамамен 5,8 трлн теңге инвестиция тартуға, оның ішінде
1,7 трлн теңге шетелдік инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Ақтөбе облысының елді мекендерінде инженерлік-коммуникациялық, индустриялық, көлік инфрақұрылымын дамыту жобалары жүзеге асырылады. Өңірде 450 гектар аумақта түрік инвесторларын тартумен «Gebze» ерекше шарттары бар индустриялық аймағы құрылады. Жоба 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орындарын құруға және 500 млрд теңгеден аса жеке инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Тау-кен металлургиясы өнеркәсібінің экономикалық тиімділігін арттыру мақсатында жеке инвестициялар есебінен Әйтеке би ауданында катодты мыс өндіру кешенін кеңейту және Мәртөк ауданында титан-цирконий кен орнын игеру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Деректерді өңдеу орталығын пайдалануға беру және газ өңдеу зауыты құрылысының екінші кезеңін іске асыру жоспарлануда.
Агроөнеркәсіптік кешендегі 5 жобаны іске асыру арқылы 2026 жылға қарай облыста суармалы жерлердің көлемін 40 мыңнан 100 мың гектарға дейін, ірі қара мал басын 225%-ға, жылқы басын 130%-ға ұлғайту жоспарланған. Ет өндірісі 140%-ға (220 мың тоннаға), сүт өндіру 130%-ға (447 мың тоннаға) дейін арттырылады.
Ақтөбе облысының өңіраралық байланысын нығайту мақсатында 525 шақырым республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолы жаңартылады. «Ақтөбе-Орск» және «Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолы» сияқты жобаларды іске асыру Ақтөбе қаласының «өсу орталығы» және елдің батысындағы ірі көлік торабы ретіндегі рөлін күшейтеді. «Ақтөбе – Хромтау – Қарабұтақ – Ұлғайсын» және «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» автомобиль жолдарын одан әрі қайта жаңарту жақсы және қанағаттанарлық жағдайда автомобиль жолдарының үлесін 61%-дан 95%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жолаушылар ағыны мен көрші облыстармен жүк тасымалының ұлғаюы нәтижесінде Ақтөбе облысының тауар айналымы 5 жыл ішінде 1,5 есе артып, 2,3 трлн теңгеге дейін өседі деп күтілуде.
Денсаулық сақтау мен білім беру жүйесінде көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту үшін заманауи инфрақұрылым құрылады. Облыстық көпбейінді аурухананы пайдалануға берумен қатар, өңірде балалар гематологиясының онкологиялық орталығы салынады, сондай-ақ кемінде 25 денсаулық сақтау объектісі күрделі жөндеуден өтіп, жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен жабдықталады. Облыс бойынша 49 мектеп пен Ақтөбе қаласындағы колледждердің студенттеріне арналған 3 жатақхана салу жоспарлануда.
Жалпы, Кешенді жоспарды іске асыру өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын, табысы мен әл-ауқатын жақсартуға жол ашады. Алдын ала бағалау бойынша, 114 мың жаңа жұмыс орны ашылады, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 21,6%-ға, ауыл шаруашылығы өнімдері 37%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 21%-ға, құрылыс жұмыстарының көлемі 60,7%-ға өседі. ЖӨӨ нақты өсімі 27,4%-ды құрайды.
Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр бекітілген Ақтөбе облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспарының шараларын уақтылы және сапалы орындауды қамтамасыз етуді тапсырды.