Әлем • 19 Тамыз, 2021

Серіктестікті нығайтуға келісті

141 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік Корея мен Қазақ­стан көшбасшылары өнеркә­сіптің жаңа салалары, климат, әлем бойынша стратегиялық серіктестікті нығайтуға келісті. Мемлекеттер басшылары сейсенбіде жоға­ры деңгейдегі келіссөздер барысында өздерінің стратегиялық серіктестіктерін әртүрлі секторда, соның ішінде төртінші өнеркәсіптік революция, денсаулық сақтау, ғарышты игеру және климат салаларында тереңдетуге және кеңейтуге уағдаласты.

Серіктестікті нығайтуға келісті

Президент Мун Чжэ Ин өзінің қазақстандық әріптесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оңтүстік Кореяға COVID-19 пандемиясы басталғаннан кейін келген алғашқы шетелдік көшбасшы екенін атап өтті. Ол елге дүйсенбі күні 2019 жылдың сәуір айында Мунның Орталық Азия еліне сапарына жауап ретінде екі күндік мемлекеттік сапармен келді.

«Мен екі ел арасындағы қарым-қатынас бауырлас елдер сияқты одан әрі дамиды деп үміттенемін», деді Президент Мун. Ол Қазақстан Оңтүстік Кореяның Орталық Азиядағы ірі сауда серіктесі болып саналатынын, қос елдің екіжақты сауда көлемі 2019 жылы рекордтық деңгейге – 4,2 миллиард АҚШ долларына жеткенін атап өтті. Ол сонымен қатар Қазақстанға 1943 жылы қайтыс болған Кореяның тәуелсіздігі үшін күрескен қолбасшы Хон Бом Доның сүйегін тарихи отанына жеткізудегі ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді. Батырдың сүйегі жексенбіде Оңтүстік Корея 1910-1945 жылдары Жапонияның отаршылдық билігінен азаттық алуының мерейтойын атап өткен кезде жеткізілді.

Қазақстан Президенті цифрлық инфрақұрылым, big data, жасанды интеллект, электроника, ғарыштық технологиялар және киберқауіпсіздік салаларындағы бірлескен жобаларға оңтүстіккореялық серіктестерді тартуға қызығушылық танытты. Мун мен Тоқаев климаттың өзгеруі және басқа да шешілмеген жаһандық мәселелерде екіжақты ынтымақтастықты дамытуға шешім қабылдады.

Соңғы жаңалықтар