«Талибан» содырлары бейбіт өмірді қалайтындарын, бұрынғы жауларынан кек қайтармайтынын, әйел құқығын ислам шеңберінде қорғайтынын мәлімдегенімен, мыңдаған ауған шетел асуды қалайды. Олардың арасында шетелден келген әскерилерге көмек көрсеткен жергілікті тұрғындар көп.
Қауіпсіздік қызметінің өкілі кетуге мәжбүр болған екі мыңнан астам адамның арасында қанша ауғандықтың болғанын хабарламады және жексенбіде АҚШ әскери күштерінің C-17 жүк ұшағымен кеткен 600-ден астам Ауғанстан азаматының осы санға енген-енбегені белгісіз.
Ұлыбритания үкіметі ауған азаматтарының қоныс аудару жоспары бойынша алғашқы кезде 5000 ауғандықтың Ұлыбританияда тұруына мүмкіндік береді, ал ұзақ мерзімде олардың санын 20 мың адамға жеткізуді ұсынып отыр. Әйелдер мен балаларға, сондай-ақ «Талибан» тарапынан үлкен қауіп төніп тұрған діни бірлестіктерге басымдық берілмек.
Сонымен қатар БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары Филиппо Гранди Батыс елдерін Талибан билікті басып алғаннан кейін ауған азаматтарын депортациялауды тоқтатуға шақырды. Өткен аптада бірнеше Еуропа елі, соның ішінде Германия мен Нидерланды депортацияны тоқтатты.