Саясаткер БАӘ-де екенін, ал Кабулдан ақша алып қашты деген қауесет негізсіз екенін айтты.
«Кабул құлаған күні не болғанын егжей-тегжейлі кейін айтып беремін... Ауғанстаннан кетуге мәжбүр болдым, себебі Кабулда қан төгілуіне себепші болғым келмеді», деп келтірді оның сөзін РИА Новости.
«Мен Кабулдан ақшамен кетіп қалдым деген айыптаулар шындыққа жанаспайды», деді Ғани. Сонымен қатар ол жақында Ауғанстанға оралатынын айтты.
Ауған басшысы отандастарын өз халқын сатты және бас амандығы үшін қашып кетті деген сөздерге сенбеуге шақырды.
«Егер біреу сізге «Президент сендерді сатып кетті, өзінің қаржылық мүддесі және жанын аман алып қалу үшін қашты» десе, сенбеңіз», деді Ғани.
Президент Ауғанстанда оған дайындалып жатқан қастандық туралы хабарланғанын айтты.
Бұған дейін БАӘ СІМ Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани мен оның отбасы елде екенін растаған.
Сондай-ақ Ғани елден қашып бара жатқанда, мемлекет қазынасынан 169 миллион доллар жымқырды делінген болатын.