Білім • 19 Тамыз, 2021

Елімізде 4,5 миллионға жуық бала тегін үйірмеге бару керек – Аружан Саин

527 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Қазақстан Республикасындағы балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин тамыз конференциясында мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz

Елімізде 4,5 миллионға жуық бала тегін үйірмеге бару керек – Аружан Саин

Әр бала мемлекеттік бюджет есебінен екі үйірме мен бір танымдық секцияға баруға құқылы. Осы мазмұндағы Заң мамыр айында күшіне енген. Алайда жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру үшін қаржыны жеткілікті деңгейде бөлмеген. 

«Бұл реформаны қолға алғанымызға көп бола қойған жоқ. Осы бағыттағы жұмыстар біз қалағандай жылдам шешіле бермейді. Аталған мәселеге қатысты күрмеуі шешілуі тиіс мәселе көп. Қазір ондаған мың балалар жүздеген секциялар мен үйірмелерге барады. Бұл төмен көрсеткіш», деді Аружан Саин.

Себебі Қазақстанда 4,5 миллионға жуық 4 жастан 17 жасқа дейінгі балалардың барлығы тегін секциялармен қамтамасыз етілуі тиіс.

«Бірақ механизм жұмыс істей бастады, мен бұл сан ай сайын өсетініне сенемін. Ең маңызды мәселе жергілікті атқарушы органдар бұл мемлекеттік тапсырысқа жеткілікті қаражат бөлмеген. Бақылағанымыздай әкімдіктер маңызы төмен іс-шараларға қаржыны көп жұмсаған. Біз биылғы Олимпиададан балалар мен бұқаралық спортты дамытпай, халықаралық аренада жетістіктерге қол жеткізе алмайтындығымыздың дәлелін көрдік», деп түсіндірді Саин.