Енді медициналық анықтамасы бар немесе соңғы үш айда ковидпен ауырып жазылғандарды қоспағанда 18 жастан асқан студенттердің барлығы вакцина алуы тиіс.
Сонда ғана оқуға және жатақханаға жіберіледі. Ал мектептерде жоғары, орта және бастауыш сынып оқушылары бөлек есіктен кіріп-шығуы қажет. Сондай-ақ сабақ арасындағы үзілістер әртүрлі уақытта болуы керек. Бұған қоса, сынып кабинеттері сағат сайын желдетіліп тұратын болады. Күнделікті дәрістен басқа кез келген бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынған.
«Білім беру мекемелерінде жаңа оқу жылын штаттық режимде ұйымдастыру үшін педогогтар мен қызметкерлер, жатақханалар, асханалар персоналы және ата-аналар арасынан жұқтырған, вакцина алмаған және байланыста болған адамдарды бақылау мақсатында барлық білім беру және тәрбие ұйымдарында Ashyq жүйесін енгізу қажет. Барлық қызметкерлер мен білім алушылардың күнделікті сүзгі жұмыстарын өткізу, кабинеттік оқыту жүйесін тоқтату», деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми өкілі Айгүл Шатекова.