Білім • 19 Тамыз, 2021

«Әліппе» мен «Сауат ашудың» айырмашылығы қандай?

1777 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтандағы №63 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Марал Смағұлова «Әліппе» мен «Сауат ашу» оқулықтарының айырмашылығын түсіндіріп берді, деп жазады Egemen.kz.

«Әліппе» мен «Сауат ашудың» айырмашылығы қандай?

«Әліппе» мен «Сауат ашудың» айырмашылығы бар. Ең бастысы – баланың сауатын ашу кезеңдеріндегі айырмашылығы. Әліппе дейінгі кезең, әліппе кезеңі, әліппеден кейінгі кезең екі оқулықта әртүрлі уақытты қамтиды. «Әліппені» 1-жартыжылдықта аяқтап, «Ана тілі» оқулығына кірісетінбіз.

Ал «Сауат ашуда» әліппе кезеңі 3-тоқсанға дейін жалғасады. Бұл баланы жалықтырып жіберетін процесс.

«Әліппеде» барлық сөз, сөйлем буын-буынға бөлініп берілетін. Әріппен танысқанда, төменгі жағында әріптің жазба түрі, сөздердің, сөйлемдердің көркем жазу үлгісі көрсетілетін. Әліппе кезінде әріпке байланысты әңгіме мәтіндер беріледі. Мәтіндер қысқа мазмұнды, баланың түсінуіне жеңіл, өлеңдер жаттап алуға, есте сақтауға, қабылдауға оңай болатын.

«Сауат ашудың» жаңалығы мен өзгешелігі көп. Басты ерекшелігі - тыңдалым, жазылым, оқылым және айтылым сынды деңгейлерден тұрады. Бір әріпті үйренуге төрт-бес сабақ арналады да, сол уақытта баланы өздігінен ізденуге үйрететін түрлі тапсырма беріледі. Яғни, баланы жаттанды білімге бағыттау емес, бір дүниені үйренуге өзінше талпыну, іздену, керекті білімді игеруге өзі күш салып барып, қабылдауға баулиды. Қарапайым диалогты оқушылар тыңдалым арқылы бірінші сыныпта-ақ меңгеруіне мүмкіндік береді», деп түсіндірді Марал Смағұлова baq.kz-ке берген сұхбатында.