Қоғам • 19 Тамыз, 2021

Жол апаты: жылдамдық және жауапсыздық

10792 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жылдамдықты асыру. Жауапсыздық. Жантүршігерлік жол апаттарының басты себептері осылар. Бұған жол­дың сапасыздығын қосыңыз. Жоғары жылдам­дық­пен жүруді жаман әдетке айналдырған жауапсыз жүргізушілердің кесірінен елімізде күн сайын жол-көлік апаты болып жатады. Екі күннің бірінде күре жол үстіндегі қайғылы оқиғадан талай жанның тағдыры үзіліп, талайы ауыр жарақатынан айығып кете алмай, өмір бойына мүгедек болып қалып жатыр.

Жол апаты: жылдамдық және                жауапсыздық

Қара жол бойындағы қасіретті жағдайлар азаймай тұр. Құзырлы органдар тіпті өткен жылмен салыстырғанда биыл жол апатынан қаза болғандардың саны 18 пайызға артып кетті деп дабыл қағу үстінде.

Күні кеше Ақтөбе өңірінен тағы бір қайғылы хабар жетті. Аймақты басып өтетін Самара-Шымкент тас жолының бойында ірі жол-көлік оқиғасы болып, апат салдарынан бір отбасының төрт бірдей мүшесі көз жұмған. Ақтөбе қаласынан Nissan X-Trail көлігімен жолға шыққан отбасы Ырғыз ауданының Қалыбай ауылы маңында қарсы бағытта келе жатқан жүк көлігімен соқтығысқан. Соққының қатты болғаны соншалық – жеңіл автокөліктің 39 жастағы жүр­гі­зушісі мен оның әйелі және олардың
11 жастағы ұлдары сол жерде тіл тартпай кеткен. Ал көлік ішінде болған 5 жасар ұл мен 10 жастағы қыз дереу аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер кішкентай бүлдіршіннің өміріне араша түсе алмаған. Осылайша, бір отбасының оты қас-қағым сәтте өшіп, жансақтау бөлімінде 10 жастағы қыздың ғана шырағы әлсіз жанып тұр... Бір адамның қателігі бүкіл бір шаңырақты қара жамылдырды. Асығыстықтың ақыры орны толмас қасіретпен аяқталды. Ең өкініштісі – осындай жол-көлік апаты салдарынан бір емес, бірнеше адамның қаза болып, зардап шеккені туралы суыт хабарды күн сайын еститін болдық.

Естіген елді күйзелтіп, жақындарын күйретіп кеткен осы жол апатынан кейін Самара-Шымкент тас жолының сапасы туралы тағы да айтыла бастады. Себебі бүкіл бір отбасын жалмап кеткен бұл қайғылы оқиға – дәл осы күре жолда тіркеліп отырған алғашқы апат емес. Облыс тұрғындарының бірі: «Ақтөбе аймағында жол жүру қауіпті», десе, енді бірі: «Ырғыз маңындағы жол – ең сапасызы! Қаншама адам осы жолдың кесірінен ажал құшты?!» деп күйінеді. Тағы бірі: «Күре жол өте тар. Төрт жолақ етіп салғанда мұндай қаралы хабарлар болмас еді», деген өкінішін жеткізді.

Аймақ тұрғындарының ашына айтып отырған мәселелері өзекті. Күре жолда ай сайын кем дегенде 2-3 жол апаты болып тұрады. Әр апаттың артында бір адамның ғана емес, бүкіл бір отбасының, тұтас бір әулеттің тағдыры мен қайғы-қасіреті тұрғаны да хақ. Тар жолдың кесірінен адам өліп, талай жолаушының аурухана төсегіне таңылғаны да мәлім. Дәл осы республикалық маңызы бар жолда көлік иелерінің жол ережесін бұзып, жылдамдықты арттыратыны да рас. Межелі жеріне бірінші болып жетуі үшін күніне бірнеше рейс жасап, күнделікті нәпақасын тауып жүрген таксистердің онсыз да тар жолда киіп-жарып, асығатындары да белгілі. Алайда осының барлығына бір тоқтау қою керек. Себебі бізде заң бар. Ал заң баршаға ортақ.

Еліміздегі жол қауіпсіздігі мәсе­ле­­сінің ушығып кеткенін мына де­рек­тер­ден-ақ аңғаруға болады. ІІМ мә­ліметінше, жыл басталғалы бері республика жолдарында 7180 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Апат салдарынан 1017 адам көз жұмса, 9500-ден астам жолаушы жарақат алған. Жүргізушілердің жүгенсіздігі – жол қауіпсіздігіне ең көп кесірін тигізетін қателік, міне, осы. Мұны ішкі істер органдарының мамандары да жоққа шығармайды.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғым­ба­ев өткен жылдың қазан айында Атырау-Ақтөбе бағытындағы тас жолда екі көлік соқтығып, салдарынан 9 адам көз жұмған кезде де жылдамдықты арттыратын жүргізушілер мәселесін қоғам талқысына салған еді. Жол-көлік оқиғаларының 96 пайызы жүргізушілердің кесірінен болатынын ашық мәлімдеген министр сол кезде де жүгенсіз кеткен көлік иелерінің көбінесе патрульдік кезекшіліктер мен бейнебақылау камералары жоқ автожолдар мен тас жолдарда өрескел ереже бұзатындарын сынға алған болатын.

«Жүргізушілердің дені жылдамдықты ша­мадан тыс арттырып, тыйым салынған және қауіпті аймақтарда алдын­да келе жатқан көлікті басып озуға ты­ры­­сады. Ал мұндай желігудің соңы кө­бі­не қайғылы апатқа, орны толмас өкі­нішке ұрындырып жатады», деген Е.Тұрғымбаев ІІМ статистикалық мә­­ліметтеріне сәйкес тәжірибесіз жүр­гізу­шілердің, яғни көлік жүргізу өтілі 1 жылдан төмен көлік иелерінің үлесі­не жол-көлік оқиғаларының тек 1,8 па­йызы тиесілі екенін де мәлімдеген-ді. Оның айтуынша, жол апаттарының басым бөлігі «тәжірибелі» жүргізушілердің тарапынан орын алады.

«Өздеріне тым сенімді тәжірибелі жүргізушілер қауіпті тәуекелге саналы түрде барып, өздерінің ғана емес, өзге­лер­дің өміріне де үлкен қатер төн­діреді», деген еді министр мәселенің тағы бір себебіне тоқталып.

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төра­ғасының орынбасары Серік Түсі­пов те жүргізушілердің көлік жүр­гізу мәде­ниетінің төмендігі жол қауіп­сіз­ді­гінің «айқындаушы факторы» болып отырғанын айтады. Мәселен, кейінгі 7 айдың ішінде жол сақшылары еліміз бойынша жол қозғалысы ережелерін бұзудың 3,8 млн дерегін тіркесе, оның 68 пайызы, яғни 1,4 миллионнан астам хаттама жылдамдықты шектен тыс арт­тыруға қатысты толтырылған. Бұл дегеніңіз – Қазақстанда «темір тұлпар» тіз­гінін ұстаған екі жүргізушінің бірі жо­ғары жылдамдықпен жүйткиді деген сөз.

С.Түсіповтің айтуынша, әрбір бесін­ші жол-көлік апаты жылдамдықты арт­ты­ру салдарынан болады.

«Әсіресе елді мекендерде, қала ішін­де, ауыл көшелерінде жылдамдықты арт­тыру өте қауіпті екенін жүргізу­ші­лер ескере бермейді. Заң талаптары қатаңдатылып, айыппұл көлемі артса да, желік қуған көлік иелерінің жауап­сыз­ды­ғына бұл шектеулер тыйым болмай тұр. Нақты деректерге сүйенер болсақ, елімізде 2021 жылдың басынан бері елді мекендерде жылдамдықты арттыруға қа­тысты 1200-ден астам жол апаты тір­келді. Асыққан жүргізушілердің кесірінен 136 адам оқиға орнында көз жұмса, 1628 жолаушы ауыр жағдайда ауру­ханаға жеткізілді», дейді ІІМ өкілі.

Елімізде биыл жол апатының 15 па­йыз­ға артып кеткеніне алаңдау­шы­лығын білдірген комитет қызметкері қазіргі уақытта жолдардағы өлім-жітімнің жол-көлік апатының негізгі үш түрінің динамикасына байланысты екенін түсіндіріп өтті.

«Ең көп тіркелетін жол апаты – жаяу жүргіншілерді қағып кету. Осындай оқиғалардың салдарынан жыл басынан бері 273 жолаушы қайтыс болды.

Екіншісі – көліктің аударылуы, қаза болғандар саны 170-тен асады.

Үшіншісі – жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, соқтығысу. Қаза тапқандар – 141 адам.

Жол-көлік апатының осы үш жағда­йын­да қаза болғандардың жалпы саны еліміздегі жол оқиғаларынан көз жұм­ған­дардың жартысынан көбін – 58 па­йызын құрайды. Жоғарыда айтылған қаралы сандарға ортақ бір себеп бар. Ол – жылдамдықты шамадан тыс арттыру. Себебі сағатына 40 шақырым жыл­дамдықпен келе жатқан жүргізуші кез келген жағдайда, тіпті қарсы алдынан жаяу жолаушы жүгіріп шықса да, тежегішті басып үлгереді. Адамды қаққан күннің өзінде соққы өлімге алып келетіндей ауыр болмайды. Ал 80, 100, 120-мен келе жатқан автокөлік жаяу жүргінші үшін де, жүргізушінің өзі үшін де, қарсы бетте келе жатқан көлік иесі үшін де өте қауіпті. Мұндай жылдамдықтағы соққының салдары да, тартқызар зардабы да көп», дейді ол.

Қазақстандағы жол қауіпсіздігі ста­тис­тикасына қандай факторлар жиі әсер етеді? Осы сұраққа жауап іздеген Freedom Finance Insurance сақ­тан­ды­ру компаниясы елдегі жол-көлік оқиғаларына ең көп түрткі болған 5 себептің рейтингісін жасап шығарған. Оның негізгі параметрлеріне – жүр­гізу­шінің мас күйде көлікке отыруы, ауа райының қолайсыздығы, жолдың сапасы, автокөліктің жағдайы енсе, ең басты фактор ретінде – жылдамдықты асыру көрсетілген. Ал арнайы сараптама жасаған ішкі істер органдарының мамандары жол апатына себеп болатын басты үш факторды атап көрсетеді. Олар – жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл түсіне өту және қарсы бағытқа шығып кету. Сондықтан жол тәртібіне жауаптылар жүргізушілерден қандай жағдай болсын жол ережесін қатаң сақтауды талап етеді.

Ranking.kz сарапшыларының мәлі­метінше, елімізде болған 10 жол апа­ты­ның үшеуі Алматы қаласында тіркеледі екен. Жыл басынан бері бұл мегаполисте 2 мыңнан астам жол-көлік апаты болған. Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының саны бойынша қаралы тізімнің басында Алматы (1,3 мың) мен Жамбыл (576) облыстары тұр. Биыл жол үстінде қаза болған мыңнан астам жолаушының 733-і ер адам болса, 280-ні әйел, 90-ға жуығы – кәмелетке толмаған бала.

 

 

ТҮЙІН. Адамның айдың-күннің аманында жарық дүниеден мезгілсіз өтіп кеткенінен артық қасірет жоқ. Төтелеп келген ажал ата-анасы болашағынан үміт күткен жасты, әсіресе буыны қатып үлгермеген баланы жұлып әкетсе, тіпті жаның жұтап, сең соққандай есеңгіреп қаласың.

«Асыққан – шайтанның ісі» деген сөз бар. Жаны бар сөз. Қарапайым ғана қағида. Жол ережесін сақтау – әрбір адамның өз өміріне деген жауапкершілігі әрі бірден-бір кепілдігі. Жолды жөн­деуге болады, жол қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ететін заңнаманы жетілдіру де уақыттың еншісіндегі іс. Алайда «темір тұлпар» тізгіндегендердің тәртібі тү­зелмей, жыл­дам­дықпен ойнаған жүр­гізушілердің желігі басылмай, әр жүргінші өз жауап­кер­шілігін жете түсінбей жағ­дай­дың оңға басуы қиын. Мәселе –
заңның қатайтылуында емес, қо­ғамдық сананың һәм жүргізуші мен жүргінші мәдениетінің әлі де тө­мендігінде екендігі көзге ұрып, «Енді не істесек?» деген са­уал алқымнан алып тұр...