Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары ішінде сындарлы кезеңді бастан кешірді. Елдің экономикасын дамыту мақсатында жаңа бағдарламалар қабылданды. Осы жұмыстардың сабақтасы ретінде жақында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, Бір мүдде, Бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бұл туралы Egemen.kz тілшісі хабарлады.
Бізге хабарласқан оқырмандар және олардың еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбаттарында Елбасымыздың жоғарыда аталған Жолдауына жылы лебізін білдірді. Елді бір мақсатқа үндейтін, жаңғырудың сара жолы – «Қазақстан-2050» Стратегиясын Басты құжат ретінде қабылдап, бірігіп күш біріктіруге ниет білдіріп отыр.
Бейбіт Мамыраев, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры:
Елбасы әдеттегідей өзінің Жолдауында әлеуметтік салаға зор назар аударды. Оның ішінде қоғамның әртүрлі сатылары бар. Ғалымдар, студенттер, оқушылар болсын, зейнеткерлер мен жұмыскерлер болсын дегендей қоғамның әр мүшесі болашақта өзінің даму жолдарын осы Жолдаудан айқын көре алатынына сенімдімін. Әрине, алдымыздағы басты мақсат – дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Ол айналып келгенде өмірдің сапасын жоғары көтеру.
Сағындық Жұмәділ, актер:
Әр өнер ұжымы ән айтсақ та, қойылым қойсақ та, «Мәңгілік ел» тақырыбына байланыстырып, жас ұрпақты патриотизмге баулуымыз керек деп ойлаймын. Ең бастысы, Көшбасшымыз өзінің Жолдауында осы бағдарды айқындап көрсетіп берді. Енді тек қана соған ат салысып, жұмыс жасаумыз тиіс.
Александр Машкевич, Еуразиялық өндіріс тобының басшысы:
Мемлекет басшысының Жолдауында шағын және орта бизнестің қуаттылық дәрежесін арттыруға қатысты айтылған тарау бар, оны орындауға дайынбыз. Сондықтан болашаққа сенімділікпен қараймыз. Бізде алюминий кластерін дамытуға зор қызығушылық туындап отыр. Ол елімізге қосымша кіріс әкеледі.
Әлия Юсупова, көркем гимнастикадан ұлттық құраманың бас бапкері:
Маған Жолдауда қамтылған барлық мәселелер ұнады. Соның ішінде балалар бақшасы да назардан қағыс қалған жоқ. Бұл ретте жаңа балалар бақшасы пайдалануға берілсе, үйінде көп баласы бар аналарға өте жақсы көмек деп ойлаймын. Өйткені, ол жерде балғындардың таным-түсінігі кеңейеді. Спортпен айналысуына да мүмкіншілік бар.
Жамал Жақсылыққызы, Астана қаласындағы №4 емхананың аға мейірбикесі:
Президентіміз әр жылғы Жолдауында халқымыздың денсаулығына қатысты мәселені көтеріп келеді. Бұл жолы міндетті медициналық сақтандыруды енгізуді зерттеу қажеттігін атап өтті. Әрбір азамат спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтанса, профилактикалық тексеруден алдын ала өтсе, аурудың алдын алған болар еді. Сайып келгенде, денсаулықты күту өзімізге байланысты дер едім.
Дайындаған: Әмірхан Алмағанбетов.
Дереккөз: Egemen.kz, «Хабар» телеарнасы.
Фото: Ақорда. kz.