
Қазақстан мен БҰҰ-ның жан-жақты өзара іс-қимылы рухы шеңберінде және осы ұйымның толық құқықты мүшесі ретіндегі міндеттемелері аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ өтінішін қолдау туралы шешім қабылдады.
18 тамызда UNAMA қызметкерлері бар алғашқы борт Алматы әуежайына қонды. СІМ Алматы әкімдігі, құзыретті ведомстволар және қызметтермен бірлесіп, оларды орналастыру бойынша жедел түрде қажетті шараларды қабылдауда. Келген қызметкерлер – халықаралық дипломаттар, БҰҰ паспорттары мен иммунитеттерінің иегерлері.
Алматыда UNAMA және басқа да БҰҰ агенттіктерінің кеңселерін орналастыру және олардың одан әрі қызмет етуі уақытша, яғни Ауғанстандағы жағдай тұрақталғанға дейін, шамамен жарты жылға созылады деп ұйғарылып отыр.
Қызметкерлердің кеңсе мен үй-жайларды жалға алуы сияқты шығыстарының барлығы толығымен БҰҰ-ның бюджетінен қаржыландырылады, деп хабарлады еліміздің Сыртқы істер министрлігі.
«Егемен-ақпарат»