Медицина • 20 Тамыз, 2021

14 жастағы баланың жүрегіне ерекше ота жасалды

385 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кардиохирургтар туа біткен жүрек ақауы бар 14 жастағы баланың жүрегіне әлемдегі ең кішкентай кардиостимуляторды орнатты. Мұндай ота ТМД бойынша алғаш рет жасалды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

14 жастағы баланың жүрегіне ерекше ота жасалды

Баланың 7 жасында қарыншааралық қалқан ақаулары анықталып, оның трикуспидалық қақпақшасын түзеткен, бірақ бұл ота жиі кездесетін асқынуларға алып келді.

«Жүректе мұндай тосқауыл тұрғанда жүрекшелер мен қарыншалар арасында байланыс болмайды. Бұл жүрекшелер мен қарыншалардың бөлек соғуына алып келеді, әйтсе де жүрек синхронды түрде жұмыс істеуі тиіс. Бұндай жағдай адам үшін өте қауіпті және дереу емдеуді қажет етеді. Солай жасалды да: отадан кейін науқасқа электродтары бар әдеттегі кардиостимулятор (ЭКС) қойылды», дейді Жүрек орталығының мамандары.

Алайда, осы уақыт ішінде бала өсті, яғни имплантацияланған кардиостимулятор мөлшері енді сәйкес келмейді: электрод созыла бастайды.

«Рентген суретте ол доға тәрізді көрінеді, бірақ қалыпты жағдайда электрод толқынды болуы керек», деп түсіндіреді мамандар.

Электродтың жарылу қаупі артады, содан кейін жүрек жұмысына қайта тосқауыл болады.

«Біз ескі кардиостимуляторлық жүйені алып тастау керек деп шештік, себебі ол науқасқа енді жарамайды. Осыдан кейін жаңа Micra AV электродсыз кардиостимуляторын салдық. Науқастың жағдайы айтарлықтай жақсарды, ал жүрекшелер мен қарыншалар арасындағы синхронизация 80 пайызға жетті», дейді Жүрек орталығының интервенциялық аритмология бөлімінің меңгерушісі Аян Әбдірахманов.

Micra AV – қос камералы стимуляция қызметін атқаратын, бар болғаны таблетканың өлшеміндей ғана, әлемдегі ең кішкентай электродты кардиостимулятор. Ол тек оң қарыншаға – жүректің бір камерасына орнатылады. Бірақ ол жүрекшенің жиырылуын тануына қарай екі камералы секілді жұмыс істейді.