22 Қаңтар, 2014

Сахнада – Қыз Жібек, экранда – Күләш

760 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

IMG-20140116-WA0004-1Қазақтың «бұлбұл үнді» әншісі атанған Күләш Байсейітова жайлы көп сериялы фильм «Хабар» телеарнасынан көрсетілгенде солтүстік­қазақ­стан­дық өнерсүйер қауымның қуанбағаны кемде-кем шығар. Араларында таңданысын жасырмағандар да болғаны шүбәсіз. Өйткені, тарихи-өмірбаяндық телехикаядағы басты рөлді Қызылжар өңірінде 80 жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернаттың түлегі Әйгерім Уалжанова сомдаған еді. Жерлестері оны Сәменова тегімен, көптеген байқаулардың жеңімпазы ретінде танитын. Солардың ішінде Семей қаласында өткен республикалық Абай оқулары мен халықаралық «Бозторғай» әншілер байқауының дипломанты ретінде жақсы білетін. Мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын таңдады. Оны тәмамдаған соң еңбек жолын «Ақсарай» жастар театрында актриса болып бастап, көптеген қойылымдарда басты рөлдерді ойнады. Әлі күнге дейін «Қыз Жібек» спектакліндегі Жібектің рөлі ерекше ыстық. Кино сахнасында Күләшті бейнелеу арқылы республика жұртшылығына басқа қырынан танылды. Оның әр сөзінен таңдап алған мамандығына деген ерекше құштарлық пен іңкәрлік аңғарылып тұрды. Өмірдегі және өнердегі Күләш жайлы сыр сабақтадық.

– Әйгерім, алдымен өскен жерің, тәлім-тәрбие алған ортаң жайлы айтсаң?

– Аққайың ауданындағы Көк­терек ауылының тумасымын. Бәлкім, бала кезден өнерге деген махаббатымды табиғаты тамаша, ауасы таза «аққайыңдар өлкесі» оятқан шығар. Екіншіден, әжем ешкімге ұқсамайтын даусымен халық әндерін тамылжыта шырқағанда аспандағы қаз жерге қонғандай әсерге бөленетінмін. Әкем ән салумен қатар домбыраны, гитараны шебер тартатын. Міне, осындай отбасының, ортаның тәрбиесін бойға сіңіре жүріп, өнер, ән көгінде тербетіліп өстім. Мектеп-интернатта оқып жүргенімде ұстаздарым өнерге деген бейімімді одан әрі жетілдіріп, түрлі сайыстарға үзбей қатыстырып жүрді. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Күләш Жетпісбайқызы мен ән үйірмесінің жетекшісі Алмагүл Есенқызының жасаған жақсылығы мен шарапатын еш ұмытпаймын. Қысқаша айтқанда, әдебиет пен өнерге деген қызығушылығым осылай қалыптасты. Мамандық таңдағанда көп ойланған жоқпын. Актриса боламын деген шешімге бірден тоқталдым.

– Сан қырлы өнер иесі Бибігүл Төлегенова сияқты ға­жайып ұстаздан дәріс алуың ән­шілік қарым-қабілетіңді де ұш­тай түскен шығар?

– Әрине. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында бір жылдай опера ән өнерінен тә­лім алдым. Жүріс-тұрысымен де, сөзімен де үлкен тәрбие бере білген, бойымдағы бұйығып жат­қан әншілік өнеріме жол ашқан апа­йы­мыз­­бен тоғыстырған тағды­ры­ма риза­мын, мың шүкірші­лік етемін. Ол кісі­ден алған білімім, тәлімім өмір бойы азық болып келеді.

– Көзі тірісінде аты аңызға айнал­ған дарын иесі Күләш Бай­сейітоваға сырт келбетіңнің қатты ұқсауы басты рөлге таға­йын­далуыңды шешпеген болар, сірә? Жалпы, бұл рөлге қалай таң­далдың?

– Қызым дүниеге келіп, актер­ліктен біраз қол үзіңкіреп қалдым. Бірақ, соған қарамастан, реті келсе, түрлі кастингтерге қатысып жүрдім. «Ғашық жүрек» деген фильмнің кастингіне қатыстым. Одан қоңырау шалынып, танымал продюсер Баян Есентаева түсіргелі жатқан «Осторожно, корова» (режиссер Асқар Ұзабаев) атты фильміне ауыл келінінің рөлін ойнауға шақырды. Фильмге түсіп жүргенімде Баянның өзі арнайы келіп, Күләш Байсейітова жөнінде кино түсіргелі жатқанын, соған актерлік сынамаға қаты­суға шақырды. Атақты актри­саға ұқсайтынымды айтып, қуант­қанмен түсе алмайтынымды бірден айттым. Себебі, фильм Орал қаласында түсірілетіндіктен, отбасы жағдайына байланысты бара алмайтын едім. Кейін фильмнің режиссері өзі хабарласқаннан соң ойлана келе түсуге келісім бердім.

– Киелі де қиын өнер жолына енді түскен, тәжірибесі аз саған ұлт мақтанышының тұлғасын бейнелеу қаншалықты ауыр болды?

– Шынын айтсам, бастапқыда қатты қобалжыдым. Үйде баламен отырып қалғаннан кейін өзімді замана көшінен кейін қалғандай сезіндім. Қашан Орал қаласына жеткенше абыржыдым. Түсірілімнің алғашқы күндерінде бойымды билеген сенімсіздік, қорқыныш әп-сәтте ғайып болды. Соған қарағанда апайымыздың аруағы жебеген болар деймін.Әрине, Күләштай дара тұлғаны сомдау қай әртіске болмасын оңай түспесі анық. Мен де қатты қиналдым. Рөлге бойлай еніп, шынайы шығару үшін көп ізденуге, бар қабілетімді сарқа жұмсауға тура келді. Қазақ операсы жарық жұлдызының тағдыры күрделі болғаны белгілі. Өнер жолында талай пендешілікті бастан кешірді. Бибігүл апайдан алған білімімнің пайдасы көп тиді. Кинода ән айтпасам да, опера әншісінің сахнада жүріп-тұруы, өзіндік ұстау мәнері маған таныс болатын. Менің даусым колоратуралық сопрано. Соған қарамастан бірінші серияда «Ақ-дариға», «Балқадиша» әндерін өзім шырқадым.

– Фильмді көріп отырып, қандай сезімде болдың?

– Сан қилы әсерге бөлендім. Халық пір тұтатын Күләш Байсейітованың бейнесін дұрыс сомдай алдым ба деген екіұдай ой қатты мазалағаны рас. Оның әділ бағасын көрермен берер. Жұртшылықтың, сыншылардың бағалауынша жаман шықпаған тәрізді. Фильмді көрген отбасым: «Рөліңді жақсы сомдадың. Өзіңді еркін ұстадың», деп айтып жатты. Әсіресе, қызым Аяулым қатты қуанды. «Мама, жүріңіз, «Күләш» басталды», – деп мультфильмдерін көрместен жетелей жөнеледі.

– Алдағы мақсатың қандай?

– Белгілі продюсерлердің филь­міне түсу, басты рөлді ойнау, шеберлігімді шыңдап, екін­ші тынысымды ашқандай сезіне­мін. Ең бастысы, өзіме деген сенім­ділік пайда болды. Өнер үшін жарал­ға­нымды түсіндім. Қазақтың сахна және кино өнерінің дамуына сеп­тігім тиіп жатса, одан асқан бақыт жоқ шығар. Сахнада Қыз Жібекті, кинода Күләшті бей­не­ле­уімді жақсы ырымға балаймын.

– Әңгімеңе рахмет.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.

Соңғы жаңалықтар