22 Қаңтар, 2014

Ішсең – шұбат, жесең – ет, мінсең – көлік

551 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

 01-шубатБірақ түйе шаруашылығын дамыту тасада қалып келеді

Түйе түлігінің жыл санаудан қалай құр қалғанына аңыздан қанықпыз. Тұла бойына адам тіршілігі үшін қажетті дүниелерді тұтастырған осы бір адал, момын, кербез түліктің жолы өмірде шынымен шектеліп қалды. Шет қалу, еленбеу, бауырынан саулаған аста-төк ақ сүтінің, одан дайындалған шұбатының құнары белгілі болса да, құны болмау, тағысын-тағылар...

 

Бірақ түйе шаруашылығын дамыту тасада қалып келеді

01-шубат

Түйе түлігінің жыл санаудан қалай құр қалғанына аңыздан қанықпыз. Тұла бойына адам тіршілігі үшін қажетті дүниелерді тұтастырған осы бір адал, момын, кербез түліктің жолы өмірде шынымен шектеліп қалды. Шет қалу, еленбеу, бауырынан саулаған аста-төк ақ сүтінің, одан дайындалған шұбатының құнары белгілі болса да, құны болмау, тағысын-тағылар...

Түйе – қазақтың өз малы. Көшкенде қосын артып, қомына немересін қасына ала ақ жаулығы қарқарадай аналар жайғасып, бесік пен шаңырақты үйлестіре теңдейтін көлігі болғандығы белгілі. Жаугершілік заманда атан мініп жер шолғандар жайлы оқып-біліп жүрміз. Желмаясымен желіп өткен Асан қайғы атамыз мін болса, зады түйені тақымына басып несі бар?! Әр заманда талай қазақ баласының талғажауына татыған, қажетіне жараған түйе әлі күнге лайықты қолдауға ие емес.

Қолда барды ұқсатып, ел игі­лігіне жарату, сол арқылы т­әуел­сіз мемлекетімізді әр бағытта дамыту тірліктері қолға алынған қазірдің өзінде түліктің төресі бола тұра түйенің көзге ілінуі кемшін. «Көрмес түйені де көрмес» деген осы болса керек. Шөлге шыдамды, ащылы-тұщылы шөбі бар далада маңғаз жайылып, бәйек боп қора тұрғызып, алдына ас салып аса мәпелеуді қажет етпей, табиғат аясында емін-еркін өсіп-өне бере­тін түйе еліміздің Маңғыстау, Қы­зылорда, Атырау, Орал өңір­лерінде өсіріледі. Нақтырақ айт­сақ, түйе малы бағзыдан осы өңір­лер климатына барынша бейімделген дәстүрлі сала. Бірақ, дәстүрлі, қалыптасқан бола тұра түйе шаруашылығы дамымай қалды, еңсесі заманға сай тіктелген жоқ. Бір ғана мы­сал – табиғи-климаттық жа­ғ­дай­ларға байланысты басқа аймақ­тарда негізгі шаруашылыққа жатпағандықтан болуы керек, түйе күні кешеге дейін салалық мемлекеттік бағ­дарламалардан тыс қалып келді. Бұған дейін ет түрлері тізбесіне «түйе еті» де­ген жол ілінбеген болса, 2014 жылға жасақталған «Мал шаруашылығының өнімділігі мен өнім сапасын арттыру бағдарламасы» жобасында суб­сидияланатын тізбеге түйе еті енгізіліп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Бірақ, бұл әлі жоба ғана. Бұл – құзырлы минис­трліктегілердің түйеге «бет бұра бастағанындай» әсер береді. «Түйе етін жей ме?» деушілер де табылмай қалмайды, ата дінімізден алас етілген торайдың етінен дайындалған кәуапқа тойып алып, ит пен тасбақаның етін қызықтап жеп, бақа-шаян, құрт-құмырсқаның тұрқын десерт деп сорып отыратын бауырлардың ақ адал түйе малының етінен тыжырынуының жөні жоқ. Былтыр күз айында Астана қаласында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне сиыр, қой, жылқы етімен бірге түйе етін апарған маңғыстаулық шаруагерлер астаналықтардың түйе етін сөмкелеріне сықай тол­тырып, сөрелерді босатып кет­кендігін айтады. Денсаулыққа өте пайдалы саналатын сусын – шұ­батқа қызығушылық пен сұраныстың қандай болғандығы айтпаса да түсінікті. Осыған қарап халыққа түйе өнімдерінің қолжетімділігін көпе-көрінеу шектеп отырған жоқпыз ба деген ой келеді. Аталған аймақтарда түйе шаруашылығын барынша дамытып, оның өнімдерін ел игілігіне ұсынса, өзін өзі ақтайтыны анық.

Адам ағзасына пайдалы, құ­нар­лы бола тұра шұбаттың да «ба­ғы жанып» тұрған жоқ. Шұбат өндірісіне жасалған қолдау – республикалық бюджеттен литріне 55 теңгеден субсидия төлеу. Бұл сиыр сүтіне белгіленген құн, ал шұбат түйеден шұбат күйінде сауылмайды, ол – түйенің сүтін ашыту арқылы қазірге дейін көбіне дәстүрлі технологиямен дайындалатын өнім. Сондықтан, шұбатқа сүттің бағасын беру дұрыс емес.

Қазіргі таңдағы есеп бойынша еліміздегі барлық түйенің үштен бір бөлігі Маңғыстау даласында жайылып жүр. Олар толықтай жекеменшіктің иелігінде. Ауылдық жер тұрғындары мал ұстап, шұбатпен өздерін өздері қамтамасыз етеді, ал өңірде түйе сүтін өңдеумен «Жаңаөзен сүт зауыты» ЖШС мен «Таушық ауыл шаруашылығы» ЖШС сүт өңдеу цехы айналысады. Шұбатты негізгі тұтынушылар – Ақтау, Жаңаөзен қалалары және ірі өндірістік кәсіпорындар. Олар шұбатты жұмысшыларға тамақ әрі сусын ретінде қабылдап жатады. Жоғарыда аталған екі сүт өңдеу нысанының есебіне жүгінсек, шұбатты дайындап, өң­деп, құтыға құйып шығару үшін қосымша жұмсалатын шығын 89,17-95,29 теңге аралығында екен. Түйенің арнайы кешендерде қолға ұстап бағылмайтындығын, бір-біріне шалғай орналасқан ауылдық жерлерде ұсталатын түз малы екендігін, шұбат дайындау технологиясының, оны құтылау, сақтау, тасымалдау мәселелерін ескеріп, шұбатқа төленетін субсидияны литріне 150 теңгеге дейін көтеру қажеттігі айқын сезіледі. Маңғыстау облысында қазір 10-12 мың бас аналық түйеден 3,5-3,7 мың тонна сүт алынады екен. Бұл жылына орта есеппен бір түйеден 330 литрге тарта сүт өндіру деп есептеуге мүмкіндік береді, бұл есептер түйе шаруашылығын қолдау дұрыс жолға қойылса, сүт өнімі өндірісін кемінде 3 есе ұлғайтуға болатындығын көрсетеді. Бірақ, істің тетігін, көзін таппағандықтан бұл сала, иен байлық, аста-төк ас-дәм игерілмей, халыққа жетпей жатыр. Өз отбасына қажетті шұбат үшін 2-3 түйені ғана сауатын түйе иелері қалған боталарды аналарымен бірге босатып жіберуге мәжбүр. Шұбатты дайындап, құтылап өткізетін арнайы орын болмағандықтан, Маңғыстауда түйе қазір тек ет өндірісі көзіне ғана айналып барады. Цехтарда өңдеуден өтіп дайындалған құ­тылы өнімдерді өндірістік мекемелер алатындықтан болар, құтыларға құйылған шұ­бат­­тар дүкен сөрелерінен сирек ұшырасады. Ғалымдар жаңа­лы­ғындағы «таблетка шұбат», «ұн­тақ шұбаттардың» бәрібір құ­нарлылық жағынан табиғи шұ­батты алмастырмайтындығы бел­гілі, оның үстіне даласы түйеге толы қазақ баласына таблетка мен ұнтаққа қарап қалар не күн туыпты?!

Мал, оның ішінде түйе туралы сөз еткенде, айтылуға тиісті бір тақырып – жүн. Қойдың қылшық жүні мен терісін айтпағанда, тү­йенің мамық жүнін делдалдар 500-600 теңгеден қабылдап алады. Ал ол жүннен дайындалатын тауарлар тізбегі мен аталмыш құн­ды салыстырып қарағанда, кімнің ойсырай ұтылып, кімнің ұрты қаншалықты пайдаға майланатыны анық көрінеді. Алдындағы малдың жай-күйін бес саусағындай жақсы білетін «дала профессорлары» малбегілер түйені аяп күземесе, пайда табу мақсатында күзеп әлекке қалуды доғарды. Кей жағдайларда табиғат жүнді өзі түлетіп, өзі өсіріп, өзі ұшырып әкетеді. Мал шаруашылығына қатысты осы жайттар еліміздің ауыл шаруашылығы саласына үлкен және оң өзгерістер енгізу, тегеурінді тетіктерді іске қосу қажеттігін аңғартады. Мыса­лы, Маңғыстаудың маңдайына біткен сүбелі қос саланың бірі – мұнай болса, екіншісі – мал шаруа­шылығы. Құдайға шүкір, мұнайдың жұлдызы жарқырап тұр. Мұнай саласының жұмысы жүйелі түрде ұйымдастырылған, яғни өндіруші өз жұмысын атқарса, өзге тиісті мекемелер қабы­лдауды, сақтауды, тасымалдауды, сатуды неме­се дайын өнім шығаруды жүзеге асырады және оларды табатын табысы қанағаттандырады. Саланың маңыздылығына орай жұмыс ырғағы, өнім­ділігі үнемі Үкімет назарында. Ал, ауыл шаруа­шылығы саласының жұмысы мар­дымсыз – мұнда табыс аз, қиын­дық көп болғандықтан еш­кімді қы­зықтырмай, тоқырап, талан-таражға түсті.

«Игіліктің ерте-кеші жоқ» дей­ді халық дана­лығы, әлі де болса ауыл­ шаруашылығын дамытып, мал басын арттырып, сол арқылы табиғи таза, арзан өнімді өзімізде өндірудің мүмкіндіктері мол. Шағын субъектілердің, шаруа­шылық саласындағылардың зауыт, фаб­рика салуға қаржысы жоқ, қаржы инс­титуттарынан алайын десе, кепілге қоя­тын дүние-мүлкі тағы жоқ, жүйкені жұ­қартып барып қол жеткізуге болатын бұл қаржылардың шарықтап тұрған сыйақысынан-ақ шаруагер зәрезап.

Өзге аймақтардан сиыр, шош­қа, құс әкеліп, оны ауа райына бейімдеп, қора-жай салып, жем-шөп әзірлеп, тұрақты адам күтіміне беріп қосалқы шығынға белшеден батқан дұрыс па, әлде қолда барды бағалай білген дұрыс па? Бұл шаруашылықтардың да берер өнімі жоқ емес, бірақ жергілікті жерде қиындықсыз өсіп-өнетін дәстүрлі мал шаруашылығын дамыту – сапалы, арзан, мол өнім өндірісінің көзі. Бұл салаларды дамытуға халық ынталы, тарихи машықтанған, көп кәсіби біліктілікті де қажет етпейді, ба­ғым-күтімін негізінен шаруагер өз мойнына алып отыр, мамандарымыз ветеринарлық іс-шараларды уақытында іске асырып, жергілікті атқару органдары өнім өндірісіне, өңделуіне, сатылуына жағдай жасаса, Үкімет тиісті деңгейде көмек көрсетсе – біраз істің басы шешіледі. Өнім өндірісін молайтудың Үкіметке де, халыққа да тиімді жолының бірі болары анық. Сондықтан, түйе өсіретін өңірлерде түйеден тауарлық сүт фермаларын құру қажет. Сүт көлемін арттыру үшін қазақтың айыр түйесі мен түркіменнің аруанасын будандастыру арқылы «қазақ аруанасын» шығаруға ұмтылғаннан гөрі, мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы арқылы табиғаты ұқсас, қашаннан малы аралас көрші түркімен халқының аруанасын алдырған тиімді. Айыр түйенің сүті сапа жағынан озық болса, түркімен аруанасының сүті 2-3 есе өнімді.

Біз құнарлы, таза төрт түліктің өнімін ұқсата алмай келеміз. Тұ­тыну нарығымызды көздің жауын алатын жыл­тырақ қағаздарға оралған, әдемі құты­ларға құйылған, құрамы небір қоспа­ларға тұнып тұрған шетелдік тағам­дар мен қызылды-жасылды су-суандар басып алды. Атам қазақтың «мал-жан» деп отбасымен қосарлана айтылып, қымбатына бағалаған малы – қой мен жылқының, әсіресе, жиырма жыл бойы елеусіз қалып, күні бүгінге дейін ешкімге керексіз болған түйенің жазығы қанша?

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Күзембай ЕРҒАЛИЕВ,

Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы

басқармасының басшысы.

Маңғыстау облысы.