Қазір Алакөл республика деңгейіне кеңінен танымал шипалы көл. Оның суының көптеген аурулардың алдын алатын немесе мүмкіндігінше адамның жазылуына себеп болатын емдік қасиеті мол. Елдің оған көп келетіні де сондықтан. Тек, Канаданың «Атаблеска» деп аталатын көлінің ғана суы Алакөлмен теңдес екен. Ғалымдардың зерттеуі солай дейді. Су құрамының химиялық, емдік әсері керемет!

Қазір Алакөл республика деңгейіне кеңінен танымал шипалы көл. Оның суының көптеген аурулардың алдын алатын немесе мүмкіндігінше адамның жазылуына себеп болатын емдік қасиеті мол. Елдің оған көп келетіні де сондықтан. Тек, Канаданың «Атаблеска» деп аталатын көлінің ғана суы Алакөлмен теңдес екен. Ғалымдардың зерттеуі солай дейді. Су құрамының химиялық, емдік әсері керемет!
Кейінгі жылдары Алакөлдің Үржар аумағындағы жағалауы демалыс аймағы болып жарияланған соң, демалу шараларына арналған нысандар бірінен соң бірі салынып, іске қосыла бастады. Ел Президентінің де бірнеше рет келіп-кетуі, жағалаудың дамуына үлкен себеп болды.
Алакөлге 28 немесе 29 өзен құяды. Бүкіл Үржар өңірінің Барқытбел тауының (Тарбағатай) бауырынан шыққан өзендер, бұлақтар және Қытай жағынан келген өзендер (Еміл, Шағынтоғай), сонымен қатар, Алматы облысының Үшарал жағынан, Алатаудың шеткі сілемдеріне шыққан өзен-сулар барлығы осы көлге құйып жатыр. Көктем кезінде Бүкіл Тарбағатай тауының қалың қары осы көлге су болып қотарылады. Осыған орай Алакөл Қазақстандағы ең терең көл.
Мен кейде осы Алакөлдің Үшарал жағынан оңтүстік облыстарымызға қарай канал тартса ғой деп ойлаймын. Оңтүстік облыстар суға қарық болып қалар еді. Жағасына ел қонып, шаруашылықтар ашылып, мыңдаған адамдар жұмыспен қамтылар еді-ау. Сонда Алакөлдің жағалауы жыл сайын құламас еді. Жылдан-жылға көбейіп бара жатқан су жағалауды құлатуын тоқтатар емес.
Мәселен, Қырғыздың Ыстықкөлінің немесе жағасында 22 курорт бар орыстың Байкалының жағалауы қандай дамыған десеңізші! Келіп жатқан туристерге де, демалам деушілерге де керемет жағдай жасалған. Бірақ солай бола тұра, суының дәрулігі мен шипалылығы жағынан олар Алакөлден әлдеқайда әлсіз. Бұл шындық. Бізге демалушылармен бірге ем қабылдаушылар да кейінгі жылдары өте көп келетін болды.
Дегенмен, ана бір жылдардағыдай емес, көл жағасы, ауданға әкім болып Серік Зайнулдин келгелі, өте бір жинақылыққа, тазалыққа келгендей десек, артық айтқандық болмас. Көл жағасының көркемдігі де біршама жақсара түсті. Талап пен табандылық қай істі болмасын қозғалысқа келтіреді ғой. Аудандық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен мектеп оқушылары мен балалардың денсаулықтарын нығайту, жазғы демалыс уақыттарын ұтымды ұйымдастыру мақсатында Алакөл жағалауында бірнеше демалыс үйі және асхана ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде жазғы демалыс маусымында 1500-ден астам оқушының көл жағалауында денсаулықтарын түзеп, демалуларына мүмкіндік жасалды.
Үржар ауданына келген іссапары кезінде, оқушылардың көл жағалауындағы демалыс үйлерін көрген облыс басшысы Б.Сапарбаев бұл бастаманы өте жоғары бағалап, Алакөл жағалауында осындай балалар демалыс орындарын салу жөнінде облыстың барлық аудандарына ұсыныс берген болатын. Қазір бұл шара да өз нәтижесін бере бастады.
Үржар ауданының тұрғындары бұл атқарылып жатқан жұмыстарға үлкен қошемет білдіруде. Ұстаздар мен ата-аналар ризашылығын айтып, қуаныштарын жасыра алмауда. Көл жағасы даму үстінде. Тек, Алакөлді, әсіресе, оның химиялық қоспалары көп Үржар өңіріндегі бөлігін республикамыздың түкпір-түкпіріне, тіпті, әлемге өте шипалылығы, дәрулігі жөнінен кеңінен таныта алсақ жарар еді.
Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Шығыс Қазақстан облысы.