Елорда • 21 Тамыз, 2021

Елордада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі басталды

653 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін елордада «Хан Шатыр» СОО жанындағы алаңда ел өңірлерінің ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі басталды. Дәстүр бойынша маусымды Түркістан облысы ашты, деп жазады Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі басталды

«21 тамыздан бастап қалада республика өңірлерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің кезекті маусымы басталды. Бүгін бізде бірінші жәрмеңкені дәстүрлі түрде оңтүстік өңір - Түркістан облысы ашады. Облыс 500 тоннаға жуық түрлі өнімдер әкелді: ет, сүт, көкөніс өнімдері және бақша дақылдары. Қаладағы жәрмеңкелер 31 қазанға дейін жалғасады», деді Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бөлім басшысы Руслан Ыдырысов.

Жәрмеңкеде өңірдің 50-ден астам өндірушілері 99 тонна ет және ет өнімдерін, 75 тонна сүт өнімін, 152 тонна көкөніс, 21 тонна жеміс-жидек, 23 тонна картоп, 20 мың дана тауық жұмыртқасын, 11 тонна балық, 2 тонна бал, 31 тонна кептірілген жемістер мен түрлі консервілерді, 8 тонна басқа өнімдерді әкелді.

«Бүгінгі жәрмеңкеге Түркістан облысының 50-ден астам тауар өндірушісі қатысады, өндірушілерден делдалсыз 500 тоннаға жуық өнім ұсынылған, сондықтан бағалар нарықтық бағадан 15-20%-ға төмен», деп түсіндірді Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Айта кету керек, жәрмеңке кезінде барлық санитарлық нормалар сақталады: маска режимі, әлеуметтік қашықтық, қол гигиенасы.