Компания басшылығы аталған кәсіпорын ел нарығында 1998 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтты.
Бүгінгі таңда 372 адам еңбек етіп жатқан кәсіпорын 160-тан астам өнім шығарады. Олардың арасында қазіргі уақытта аса қажет медициналық қолғаптар, үш және төрт қабатты бетперделер, халаттар, дәрі-дәрмектер бар. Компанияның жылдық қаржы айналымы 8,4 миллиард теңгені құрайды.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев облыстағы денсаулық сақтау саласының жағдайы туралы баяндама тыңдады.
Алматы облысында коронавируспен күресуге арналған іс-шаралар аясында қысқа мерзімде 200 төсектік жұқпалы аурулар ауруханасы салынып, 180 жедел жәрдем көлігі мен 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынған. Облыстың 17 ауруханасы оттегі станцияларымен қамтамасыз етіліп, төсек-орындардың 45 пайызы оксигенотерапиямен қамтылған. Ем мекемесінде 17 компьютерлік томограф, 53 рентген, 75 Хай Флу, 606 желдету аппараты қосылып, жұмыс істеп тұр.
Бүгінде облыс халқының 649 мың тұрғыны екпенің І компонентін, 510 мыңы II компонентін салдырған. Бұл облыс халқының 60 пайызы вакцинамен қамтылғанын көрсетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев облыс басшылығына өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, вакцинация қарқынын назарда ұстауды тапсырды.