Төмен көміртекті экономикалық даму – қазір көптеген мемлекет алға қойған негізгі мақсаттың бірі. Осы бағытқа Қазақстан да көңіл бөліп, «жасыл өсімге» қарай бет бұрғанын айта кеткен орынды. Оның нақты көрінісі жаңадан қабылданған Экологиялық кодекстен табылып отыр. Жер көлемі жағынан тоғыздыққа кіретін еліміз үшін қоршаған ортаға қатысты проблемалар қашан да өзекті. Себебі ұлттық экономиканың жүйе құраушы секторы табиғи ресурстарға тәуелді екені мәлім.
Бұл орайда жаңа заңның енгізілуімен тау-кен өнеркәсібін қандай өзгерістер күтіп тұрғаны ойландырады. Мәселен, табиғатты қорғауға арналған реформаның аясында қоршаған ортаны ластайтын өнеркәсіптік кәсіпорындардың «ластаушы төлейді» қағидасы негізінде жауапкершілігі күшейтілді. Егер де бұрынғы экологиялық саясатта эмиссиялық төлемдерге басымдық берілсе, жаңа заңнамада озық технологияларды енгізуге көбірек көңіл бөлінген. Сондықтан да өндірістік ұйымдарға қомақты айыппұлды төлегеннен гөрі экологиялық технологияларға көшкен әлдеқайда тиімді.
Жаңа редакциядағы Кодекстің басты нормасы да озық технологияларды енгізу қажеттілігіне қатысты. Соған сәйкес бұл талапты орындау мерзімі 2025 жылға қарай белгіленіп, 10 жылға созылатынын айта кету керек. Осы норманы жүзеге асырған кәсіпорындар эмиссиялық төлемдерден босатылса, оны елемеген компанияларға керісінше жоғары мөлшердегі экологиялық төлемдерді өтеуге тура келеді. Ал бұл төлемдер үш жылда бір рет екі-үш есеге өсетінін ескерте кетейік.
Сондай-ақ аталған реформада зиянды қалдықтардың шығатын көзін онлайн режімде бақылауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған жүйені енгізу, экологиялық төлемдерді табиғат қорғау шараларына 100%-ды деңгейде бағыттау, сол секілді қоршаған ортаға әсерді бағалау және нормалау саласындағы тетікті өзгерту қарастырылған.
«Жасыл экономика» қағидаттарын жүзеге асыруда
Тау-кен кәсіпорындары қазір «жасыл экономика» қағидаттарын іске асыруға кірісіп, қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға байланысты ауқымды жұмысты жүргізіп жатқанын атап өткен жөн. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпаратына сүйенсек, Ақтөбе облысындағы ферроқорытпа зауытында цехтарды жаңғыртуға арналған жоба қолға алынды. Оның нәтижесінде 2022 жылдың соңына қарай зиянды қалдықтың көлемі 30%-ға азаяды деп болжануда. Арнайы меморандумға сәйкес Қарағанды өңірінде «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы 2025 жылға дейін ауаға тарайтын қалдықтардың көлемін 30%-ға дейін төмендетуге уәде беріп, Теміртаудың айналасында 500 түп ағаш отырғызатындарын жеткізді. Шығыс Қазақстандағы «Қазмырыш» кәсіпорнында тиісті меморандум бойынша атмосфераға тарайтын қалдықтың мөлшері 20%-ға азаяды деп күтіліп отыр.
Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының мәліметі бойынша бүгінде бірқатар ірі кәсіпорын кешенді технологиялық аудиттен өтті. 2023 жылға қарай озық технологияларға байланысты анықтамалықтар әзірленеді деп болжануда. Бірінші кезекте жоғарыда аталған технологияларға еліміздегі эмиссиялардың 80%-ын шығаратын ең ірі 50 кәсіпорын көшеді. Оның ішінде тау-кен металлургия, жылу энергетикасы, сондай-ақ мұнай-газ және химия өнеркәсібі кәсіпорындары бар. Олар 2025 жылға дейін кешенді экологиялық рұқсат алуы тиіс.
Таяуда өткен Green Energy & Waste Recycling Forum еуразиялық бизнес-форумында Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы басқармасы төрағасының орынбасары Елена Қуанбаева айтқандай, озық технологиялардың анықтамалығы зиянды қалдықтарды азайтуға байланысты шарттарды айқындайды. Былайша айтқанда, бұл кәсіпорындарға экологиялық көрсеткішті жақсартудың тиімді бағыт-бағдарын сілтейтін нұсқаулық десек те болады. Оның циклі Экологиялық кодекспен белгіленген және 8 жылды құрайды. Анықтамалықтың әрбір нұсқасы кез келген ресурсты мейілінше үнемді пайдалануға бағыттайды. Демек, шикізаттың қажетті мөлшерін ғана тұтынуды қамтамасыз етіп, одан шығатын қалдық қайта өңдеуге жіберілуі тиіс.
Көміртегі салығының экспортқа әсері
Алайда өнеркәсіпті экологиялық тұрғыда жаңғырту, сондай-ақ озық технологияларға көшу – тау-кен өндірушілердің жақын уақытта тап болатын жалғыз мәселесі емес. Айталық, Еуропалық одақ жаһандық жылынудың алдын алуға арналған бірізді саясатты жүзеге асырып, 2050 жылға қарай кәрі құрлықты көмірсутегінен тазартудың көздеп отырғаны белгілі. Парник газдарының шығарынын есепке алып, оларды азайту – Еуропа елдерінің төмен көміртекті экономикалық дамуға бағытталған негізгі ұстанымы. Бұл орайда 2023 жылдан бастап еуропалықтар «Көміртегі салығын» қабылдауды жоспарлап отырғанын атап өткен жөн.
«Отандық өнімнің көптеген түрі Еуропаға шығарылатынын ескерсек, әлбетте бұл Қазақстанның тау-кен секторы үшін айтарлықтай тәуекел тудырады. Мысалы, елімізден Еуропалық одаққа мыс, күміс, ферроқорытпа, алюминий, титан және қорғасын экспортталады. Былтырғы экспорттың жалпы көлемі 1 млрд доллардан асқан болатын», деді Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директорының орынбасары Максим Кононов.
Қауымдастық өкілінің айтуынша, көміртегі салығы өнімі Еуропа нарығына бағытталған отандық өндірушілерге айтарлықтай әсер етіп, үлкен қаржылық шығындарға соқтыруы мүмкін. Бірақ та бұл шығынның мөлшерін әзірге анықтау қиын, өйткені салықты есептеу әдісі әлі толық аяқталмаған.
Осылайша, Қазақстанның кеншілері мен металлургтерінің басына бұлт үйіріліп отыр. Неге десеңіз, металл өнімдерінің «Көміртегі салығы» тізбесіне түсу тәуекелі жоғары болғандықтан отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігі айтарлықтай төмендей түседі.
Заңды еуропалық жүйемен сәйкестендіру қажет
М.Кононовтың пікіріне сүйенсек, қалыптасқан жағдайдан шығудың амалы бар. Салалық қауымдастық қазақстандық заңнаманы Еуропаның көміртегі қалдықтары квоталарының сауда жүйесіне интеграциялауды ұсынып отыр. Десе де «Көміртегі салығының» теріс экономикалық әсерін толығымен еңсеру мүмкін емес екенін де жоққа шығармайды.
Осындай кезеңде қазақстандық тау-кен саласының бәсекеге қабілеттілігін сақтау үшін уәкілетті органдар мен бизнес арасында тиімді диалог құру аса маңызды. Себебі ЕО нарығына арналған отандық өнімдердің тасымалы қысқаруы ғажап емес. Сондықтан да осы индустриядағы кәсіпорындарды тұрақты инвестициялық, салықтық және тарифтік саясатпен қамтыған артық етпейді. Бұл арқылы қазақстандық өндірушілер инвестициялық жобаларды іске асыруға, сол секілді жаңа технологиялық және экологиялық талаптарға сәйкес келуге мүмкіндік алады деді сала өкілдері.