Әлем • 23 Тамыз, 2021

Колорадо өзені суалып барады

564 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аризона штаты 1994 жылдан бері құрғақшылықпен күресіп келеді. АҚШ-тың Санақ бюросының мәліметінше,  штат халқының саны 2020 жылы 7,2 миллион адамға дейін өскен. Әсіресе Аризонаның екі ірі қаласы – Феникс пен Туссонның айналасында, Марикопа, Пима және Пинал округтерінде тұрғындар тығыз орналасқан.

Колорадо өзені суалып барады

Екі қала да, жергілікті тайпалар, фер­мер­лер, муниципалды және өнеркәсіптік пай­даланушылар да суды Орталық Аризона жобасы арқылы тұтынады. Аталған жоба каналдар мен акведуктар жүйесінен құ­рал­ған. Жалпы алғанда, Калифорниядан бастап Вайомингке дейінгі аймақты мекендейтіндер, тіпті Мексика халқы осы өзен суына тәуелді. Қысқасы, өзен шамамен 40 млн адамды тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отыр.

Өткен аптада АҚШ-тың мелиорация бюросы Мид көліндегі қуаңшылық туралы ресми түрде жариялады. Осылайша, Гувер бөгетіндегі су деңгейі азайған. Колорадо өзенінің де суы тартылып барады. Болжамға сүйенсек, келер жылы көлдегі су тағы 30 пайызға азаймақ.

Бірақ ғалымдар тағы бір ыстық жаз бол­са, Мидтің суы толарсақтан ғана келуі мүмкін екенін айтып отыр. Қазіргі таңда су қой­ма­сының маңызы зор. Ол Аризона, Кали­форния және Невада штаттарын сумен ғана қамтамасыз етіп қоймай, аталған штаттарға қажетті электр энергиясын өндіреді.

Әдетте дамба толы болғанда өндірілген тоқ 8 млн тұрғынды қамтуға жететін. Бірақ судың азаюы электр энергиясы өндірісінің баяулауына әкеп соғып отыр. Соның салдарынан Мидтің өндіріс көлемі 25 пайызға азайған.