133 шаһарға шолу жасалып, ондағы 140 тауар мен қызметтер бағасы салыстырылған. Оның ішінде азық-түлік, алкоголь, коммуналдық қызмет, киім, жеке гигиена, баспана арендасы, спорт пен денсаулық шығыны, ойын-сауық және транспорт категориялары зерттелген.
Қорытындысында ең қымбат қала мәртебесін Париж, Цюрих және Гонконг иеленген. Үшеуінің де индексі 103 пайызды құраған. Сонымен қатар үздік ондықта Сингапур (4), Тель-Авив (5-6), Осака (5-6), Женева (7-8), Нью-Йорк (7-8), Копенгаген (9-10), Лос-Анджелес (9-10) қалалары бар. Ал ең арзан қалалар – Дамаск пен Ташкент. 133 қаланың ішінде Алматы 33 пайыз индекспен 129-орынға тұрақтаған. Сөйтіп әлемдегі ең арзан қалалардың бірі ретінде аталып отыр.
Әрине, Қазақстанның өз ішінде Алматы ең қымбат қалалардың бірі саналады. Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары себетіндегі 19 позицияның 12-сі Алматыдағы қымбат тауарлар қатарына жатады. Басқа қалалармен салыстырғанда оңтүстік астанада бірінші сортты бидай ұны (29,7 пайыз), бірінші категориялы жұмыртқа (38,4 пайыз) ерекше қымбат. Сонымен қатар мегаполисте коммуналдық қызмет, қоқыс шығару қызметі, ыстық су, электр энергиясы республиканың басқа қалаларынан бірнеше есе қымбат.
Energyprom мәліметінше, балабақша, шаштараз, фотоқызмет, ақылы дәрігер қызметі де алматылықтардың қалтасына едәуір салмақ салып отыр. Тұрмыстық химия мен жеке гигиена заттарын да арзан деп айта алмайсыз. Дегенмен фармацевтикалық препараттардың өзге қалалардағы бағадан төмен екені анықталған.