Әлем • 23 Тамыз, 2021

ФИФА Ауғанстандағы футболшыларды шұғыл түрде шығаруды сұрады

232 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұған дейін футболдан әйелдер арасындағы ұлттық құраманың экс-капитаны Халида Попал спорт ұйымдарына жүгініп, спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұраған, деп жазады Egemen.kz.

ФИФА Ауғанстандағы футболшыларды шұғыл түрде шығаруды сұрады

Әйелдер футболынан алғашқы әйелдер командасы 2007 жылы құрылды. Фото: ВВС

ВВС таратқан мәлімет бойынша, Халықаралық футбол қауымдастықтары федерациясы (ФИФА) бірнеше елдің үкіметіне футболшыларды Ауғанстаннан шұғыл түрде шығару туралы хат жолдады. 

Халықаралық кәсіби футболшылар қауымдастығы федерациясы (FIFPro) да ауған спортшыларына көмектесуге шақырды.

«Соңғы бірнеше күнде FIFPro Ауғанстандағы спортшыларды эвакуациялау жоспарын әзірлеу үшін бірнеше елдің үкіметімен байланыста болды. Бұл құтқару миссиясының мақсаты – көптеген адамның қауіпсіздігін сақтау», деп жазған қауымдастық Twitter-де.

FIFPro сонымен қатар жас ауған футболшысы, 16 жасқа дейінгі ұлттық құраманың бұрынғы ойыншысы Заки Анваридің Кабул әуежайында қайтыс болуына байланысты көңіл айтты. Ол Ауғанстаннан қашып бара жатып, ұшақтың дөңгелегінде оттегі жетіспеушілігінен көз жұмды.

Бұған дейін футболдан әйелдер арасындағы ұлттық құраманың экс-капитаны Халида Попал спорт ұйымдарынан спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өтінген. Ол Талибан билігінде қалған адамдардың тағдыры үшін алаңдайтынын білдірді.

«Мен Ауғанстандағы футболшылардан түрлі хабарлама аламын. Олар қараусыз қалғандарын, үйінен шыға алмайтынын, қорқатынын айтады. Бұл қорқынышты түс сияқты. Біз әйелдер мен қыздарды батыл болуға, әлеуметтік желілерін жабуға шақырамыз. Өте ауыр. Біз әйелдердің құқығын қатты қорғадық, бірақ қазір олардың өміріне үлкен қауіп төніп тұр», деді Халида Попал.

Тәліптер билік басына келгелі әйелдердің «шариғат заңына сәйкес» жұмыс істей алатынын мәлімдеген.