Өйткені жастары қырыққа аяқ басқан, балалы-шағалы, алды 12-13 жылдан осы жерде қызмет етіп жүрген өнер иелерінің әлі күнге тұрғын үй мәселесі түпкілікті шешілмеген. Осылай жүре берсе, зейнет жасына да жетіп, баспанасыз қалатынын ойлап, назаланған өнерпаздар жұмыстан кетеміз деп арыз беріпті.
«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, бәрі осыдан 11 жыл бұрын жергілікті әкімдіктің өз міндетін шала атқарып, артын шулатып кеткен жосықсыздығынан болып отыр.
Петропавл қаласының солтүстік шетіндегі 19-шы шағын ауданның Жуков көшесінде сонау Кеңес Одағының соңында басталып, өтпелі кезеңдегі экономикалық дағдарыс жылдарында аяқталмай қалған 80 пәтерлік бір үйдің қаңқасы бар еді. Сол үйді жаңғыртуды 2008 жылы облыс басшылығы қолға алып, облыстық бюджеттен 300 млн теңге қаражат бөлдіріп, «Вант» мердігерлік ұйымына құрылыс жүргіздірген. Өңірде медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі көп болғандықтан, оларды қолдау мақсатымен бұл үй «Дәрігерлер үйі» болады деп жарияланған.
Міне, осы «Дәрігерлер үйінен» Солтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі 2010 жылы С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының баспанасыз жүрген белді әртістеріне алқалаған жұрттың көз алдында, театрдың 10 жылдық мерейтойына орай 1 бөлмелі 4 пәтердің кілтін тапсырады. Оларға Болат Абдрахманов, Бибігүл Жағыпарова, Асылхан Разиев және Гүлнәз Ғайнулина ие болды. Ал театрда 10 жыл бойы еңбек сіңірген, балалы-шағалы Нартай Сәрсенбаев пен белгілі әнші Жанат Айтбаевқа басқа үйлерден 3 бөлмелік пәтерлер берілген.
Алайда... облыс әкімі кілтті тапсырғанымен, «Дәрігерлер үйінен» театр қызметкерлеріне берілген төрт пәтерге ешқандай құжат берілмепті. Пәтердің мекенжайы мен нөмірі көрсетілген қағаз бен кілтті тапсырған да жүре берген. Бүгінгідей құжатсыз «қурай сынбайтын» заманда осындай бола ма екен? Болады екен...
Театрдың бүгінгі директоры Біржан Жалғасбаевтың айтуына қарағанда, әртістер арада өткен жылдар бойы өздері тұрып жатқан пәтерлеріне қандай да бір құжат алу үшін талай есікті қағып, талай табалдырықты тоздырған. Бірақ ешқандай нәтиже болмаған. Ал облыстың Денсаулық сақтау басқармасы «пәтерлерді босатыңдар» деп дігерлеп, өздері бас-көзсіз кіріп алғандай көріп, бұларды пәтерлерінен қууды қолға алған. Олардың сүйенгені – үй ведомстволық тұрғынжай қоры ретінде осы мекеменің балансында тұрғаны ғой.
Бір қызығы, басқа үйлерден 3 бөлмелі пәтерлер алған Нартай Сәрсенбаев пен Жанат Айтбаев дау-дамайсыз өз баспаналарын жекешелендіріп алған. Ал «Дәрігерлер үйінен» 1 бөлмелік пәтер алған Болат Абдрахманов пен Бибігүл Жағыпарова 2-3 жылдан кейін кетіп, олардың пәтерлері Тұрақ Дүйсенбеков пен Нұрбол Асқаровқа берілген. Олар да өнер ұжымында 10 жылдай қызмет істегендер.
Сөйтіп, бүгінгі таңда «өзіміз тұратын 1 бөлмелі пәтерімізді жекешелендіруге рұқсат етіңіздер, әйтпесе «кетіңдер» деген ар-намысқа тиетін сөзді естіп қашанғы жүреміз, қызметтен шығамыз» деп арыз беріп отырған алты әртіс – Асылхан Разиев, Гүлнәз бен Марат Ғайнуллиндер, Тұрақ Дұрысбеков және Нұрбол мен Гүлдана Асқаровтар. Әрине, олар кетіп қалса, театр жабыла қоймас, бірақ облыстың өнер әлеміне көп нұқсан келері сөзсіз. Онсыз да 2019 жылы дайын болады деген театрдың жаңа ғимаратының құрылысы әлі күнге тоқтап тұр. Енді әртістері де кеткелі жатыр деген сөз облыстағы қазақ өнерінің құлдырауынан, оған деген көзқарастың салқындығынан хабар берері анық. Үздік мамандар онсыз да кетіп қалған, толыққанды қойылымдарға әртістер жетпей жатады. Осыны түсінген әкімдік пен мәдениет саласының басшылары өнер иелеріне мүмкіндігінше жағдай жасауға ұмтылып отыр. Облыстың Мәдениет басқармасының басшысы Досбол Әбдірисовтің айтуына қарағанда, қазір «Дәрігерлер үйіндегі» төрт отбасының екеуіне 3 бөлмелі пәтерден беру мәселесі қалалық әкімдікпен бірлесіп шешілуде екен. Ал қалған екі отбасына 2-3 ай мерзімінде шешілмек.
Алайда мұндай шешімге әртістер риза болып отырған жоқ. «Аузы күйген үріп ішеді» дегендей, бұған дейін де үй аласыңдар деген талай жауапты естігеннің бірі – Тұрақ Дұрысбеков оның себебі туралы: «Нақты шешім жоқ және беретін үйлеріңізді айтыңыздаршы, тым болмаса сыртынан барып көрейік десек, айтпайды. Бұл бізді кезекті рет шығарып салу сияқты», дейді. Ал дұрыс шешім – қазіргі тұрып жатқан 1 бөлмелі пәтерлерін жекешелендіруге рұқсат беру деп санайды ол.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 109-бабының 2-тармағында былай делінген: «Осы заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк мекемелердің жұмыскерлері мен судьялар, егер олар мемлекеттiк қызметте, бюджеттiк ұйымдарда, мемлекеттік кәсіпорындарда немесе судья лауазымында (мемлекеттiк сайланбалы лауазымда болу мерзiмiн қоса алғанда) кемiнде он жыл (жиынтығында) жұмыс iстесе, сондай-ақ еңбек қатынастары мынадай негіздер бойынша:
1) ұйымның таратылуы, қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы бойынша;
2) одан әрi жұмыс iстеуге кедергi келтiретiн сырқатына байланысты;
3) зейнеткерлікке шығуына байланысты тоқтатылса, жұмыс iстеген мерзiмiне қарамастан, өздерi тұратын қызметтiк тұрғынжайларды қалдық құны бойынша жекешелендiре алады».
Демек, кемінде 10 жыл бюджеттік ұйымдарда қызметтік пәтерде тұрғандардың оны жекешелендіруге қақысы бар. Ал С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры бюджеттік ұйым екені белгілі. Алайда жоғарыда айтқанымыздай, әртістердің қолында қызметтік пәтер алғаны туралы ешқандай құжат жоқ. Бірақ оларға облыс әкімі қызметтік пәтер кілтін тапсырғанын жүздеген адам көрді, БАҚ жазды, көрсетті және олар қажет болса, соттың алдында куәлік ете алады. Осылардың негізінде сот тиісті шешім шығарып, әртістердің қызметтік пәтерлерді алғанын және театрда 10 жылдан аса қызмет істегенін ескеріп, оларға жекешелендіру құқығын беру туралы шешім шығаруы мүмкін. Бұл үшін әртістер білікті адвокат жалдап, сотқа жүгінулері керек.
Әрине, әртістер бір бөлмелі шағын пәтерлерін жекешелендіріп алса, оларды дереу сатып, басқа жаққа кетіп қалулары мүмкін. Мұның өзі жергілікті театр көрермендерінің өкінішін тудырары анық. Алайда өнер иелерінің заңды құқығын шектеп, күшпен ұстап тұра алмайсың ғой...
ПЕТРОПАВЛ