Әлем • 24 Тамыз, 2021

Бауырластыққа негізделген қарым-қатынас

227 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласындағы Өзбекстан елшілігінде баспасөз мәслихаты өтті. Жиын барысында Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев бірқатар маңызды мәселеге тоқталды.

Бауырластыққа негізделген қарым-қатынас

Елшінің айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстанның аумағында фар­мацевтикалық өнеркәсіп ашу мәселесі қаралып жатыр. Сон­дай-ақ С.Ниязходжаев коронави­руспен күресте Өзбекстан мен Қазақстанның өзара байланысына ерекше тоқталды.

«Екі елдің Денсаулық сақтау министрліктері індетті жеңу жолын­да өзара тәжірибе алмасты. Қазақ­станның Денсаулық сақтау министрі Өзбекстанға барып, елдегі эпидемиялық жағдайды жақ­сартуға қатысты екіжақты кеңес өтті. Одан бөлек, пандемия өршіп тұрған сәтте бауырлас қазақ елі өзбек бауырларына гума­ни­тарлық көмек көрсетті. Сәйке­сінше біздің ел де Covid-19-бен кү­ресте Қазақстанға қол ұшын соз­ды. Бүгінде екі ел арасында аталған бағытта өзара тәжірибе алмасу жалғасып келеді. Соның бірі – қазіргі таңда Өзбекстан мен Қазақстан аумағында фарма­цев­тикалық кәсіпорын ашу мәселесі қаралып жатыр», деді Саидикрам Ниязходжаев.

Елшінің айтуынша, биылғы
6 ай ішінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 1,9 млрд долларға жетті. Аталған елде акционерлік қоғам үлесі бойынша қазақстандық өнеркәсіптер алғашқы орында тұр.

«Екі ел Үкіметі қабылдаған өзара келісімнің нәтижесінде екі­жақты тауар айналымының қарқы­ны артып келеді. Бұған дейін Өз­бекстан мен Қазақстан арасын­дағы тауар айналымы тұрақты дең­гейде болды. Атап айтар болсақ, өткен жылы екі ел арасын­дағы тауар айналымы 3 млрд-тан астам долларды құрады. Биыл 6 айдың ішінде екі ел арасын­дағы тауар айналымы 1,9 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 41,3 пайызға жоғары. Қазіргі уақытта Өз­бекстан республикасы аума­­ғында Қазақстан капиталы­ның қатысуымен 858 өнеркәсіп жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 431 өнеркәсіп екіжақты капитал (50/50) көмегімен жұмыс істеп тұр және 427 өнеркәсіп таза қазақ­стандық капиталдың есебінен өн­дірісін жалғастырып жатыр», деді Өзбекстан елшісі.

Баспасөз мәслихатында Саиди­крам Ниязходжаев Өзбекстанды мекендеген қазақтардың жай-күйіне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда елде 800 мыңнан астам қазақ тұрып жатыр.

«2018 жылы Қазақстанда Өз­бекстан Республикасы жылы ата­лып өтті. Айтулы жыл аясында Қазақстанда түрлі бағыт­тағы 90-нан астам іс-шара ұйым­дас­тырылды. Сәйкесінше, 2019 жылы біздің елде Қазақстан жылы аталып өтілді және оның аясында 80-нен астам іс-шара өтті. Екіжақты өткен іс-шаралар саяси, ағарту, мәдени және гуманитарлық бағытқа арналды. Өкінішке қарай, 2020 жылы пандемияға байланысты екіжақты іс-шараларды тоқтата тұруға тура келді. Дегенмен, екі ел арасындағы өзара байланыс тоқтаған емес.

Қазіргі таңда Өзбекстанда 822 мың қазақ өмір сүріп жатыр. Олар Өзбекстан елінің дамуына өз үлесін қосуда. Біздің елде 400-дей мектеп қазақ тілінде білім беріп жатыр. Сонымен қа­тар Өзбекстанның 7 жоғары оқу орнында гуманитарлық және тех­никалық мамандықтар қазақ тілін­де оқытылады. 1992 жылдан бері Өзбекстанның 30 облыс орталығында қазақ мәдени орта­лығы жұмыс істеп тұр», деді
елші.

Саидикрам Ниязходжаевтың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, 630 қандасымыз көрші өзбек елі­нің мемлекеттік наградаларын иеленген. Елші бауырлас Қазақ­станмен аталған бағыттағы достық қарым-қатынас жалғаса беретінін атап өтті.