Ол еліміздің тарихында тұңғыш рет әйелдер арасындағы Ұлттық хоккей лигасында (NHL) өнер көрсетті. Бұлбұл – хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі. Қазіргі таңда ол АҚШ-тағы жасөспірімдер хоккей клубының бірін жаттықтырып жүр. Ол Нью-Джерси штатындағы High School базасында жаттығатын Princeton Tiger Lilies team 14U AA Black командасына жетекшілік етеді.
Бұлбұл Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Көгершін ауылында дүниеге келген. Ол бала күнінен спортқа қызығып өсіпті. Сондықтан шығар, Көгершінде қыздарға арналған секция болмағандықтан, 7 жасында боксқа жазылған.
«Әжем маған бал қосылған ыстық сүт ішкізіп, бауырыммен бірге жаттығу залына жіберетін. Қысқа ғана шашым бар, спорт киімін киіп алып, мәз болып кететінмін. Осылайша екі ай жүрдім. Екі айдан соң ауылға ауданнан жаттықтырушылар келіп, 7 жастағы мені ұл екен деп ойлап, өздерімен бірге алып кетпекші болған. Бірақ жаттықтырушыларым әжемнің мені ешқайда жібермейтінін және алдында тұрған ұл емес, қыз бала екенін айтты», деп еске алады хоккейшінің өзі.
Алдына қойған мақсатына жетпейінше тыным таппайтын еңбекқор адамдар болады ғой. Бұлбұл дәл сондай адам. Балалармен бірге жұдырықтасып жүріп, кейіннен күреске ауысады. Алайда қыз бала үшін бұл спорттың оңайға соқпайтыны белгілі. Сондықтан Бұлбұлдың ата-анасы оның күреспен айналысуына қарсы шығады.
Кейінірек, Бұлбұл 12 жасқа толғанда отбасымен бірге Алматы қаласына көшіпті. Қаршадай қыз қарап жатпай, спортшы болсам деген арманына ұмтыла түседі. Сөйтіп, қаладағы әуесқой футбол секциясына жазылады. Бірақ сабақ пен алаңның арасында жүгіріп жүру оңай емес. Мұны түсінгендіктен, ата-анасы Бұлбұлды спорт-интернатқа оқуға жібереді.
Бұлбұлдың үлкен спорттағы баспалдағы осы кезде басталды десек, қателеспейміз. Мектепте қыздарға арналған футбол үйірмесі жоқ екен. Дегенмен, хоккей ойнауға мүмкіндік мол. Өмірі аяғына коньки байлап көрмеген қыз айдынға абайлап шығады. Бірақ ролик теуіп үйренгендіктен, мұзда сырғанау қиындық туғызбапты.
Шайба мен таяқты жанына серік еткен Бұлбұл бес жыл мектеп командасында ойнайды. Сөйтіп жүріп Универсиадаға қатысты. Талантының арқасында 18 жасында Ұлттық құрамаға шақырту да алды.
Бір қызығы, Бұлбұл 2 жыл регби де ойнаған екен. Осы спортпен айналысып жүргенде елордада «Томирис» хоккей клубы құрылып жатқанын естиді. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» сай келіп, команда сапына енеді. Көп ұзамай оны клуб капитаны етіп таңдайды.
«Алтыншы сыныпта оқып жүргенде, хоккейге ауыстым. Таңертеңгі жаттығуға үлгеру үшін ұйқыдан таңғы сағат бесте тұратынмын. Алғашында Алматыдағы «Жұлдыз» командасында ойнадым. Сосын жастар құрамасына өтіп, Словакияда, Ресейде өткен әлем біріншіліктеріне бардым. 2011 жылы Ұлттық құрамаға өттім. Сол жылы Алматыда өткен Қысқы Азиада ойындарына қатысуға жасым жетпей қалды...
2 жылға жуық уақыт жаттыққан соң, бізді ешкім қаржыландырмайтын болды. Сосын мен регбиге ауысып, сол спорт түрінен спорт шеберіне кандидаттығымды қорғадым. Әне-міне регби құрамасына кірем деп жүргенде, Астанада енді ашылып жатқан «Томирис» хоккей командасына шақырту алдым», дейді Бұлбұл.
Бұлбұлдың айтуынша, мұхит асып, Америкаға бару туралы ой оған 16 жасында Словакияда өткен әлем чемпионатына жүргенде келеді. Содан бастап жатса да, тұрса де шетел асуға аңсары ауады.
Сөйтіп жүргенде танымал жаттықтырушы Сэми Джо Смолдың көзіне түседі. Бұлбұл ағылшын тілін жетік білетіндіктен, бір-бірін жақсы түсініп, емен-жарқын тілдеседі. Хоккейші қыздың талантын байқаған жаттықтырушы оны Канадаға шақырыпты.
«Канадада Calgary Coyote командасына қосылдым. Алғашында жат елде ойнау қорқынышты еді. Бірақ артқа шегінбеуім қажет екенін түсіндім. Шетел деп келген соң өзіңнің ғана емес, еліңнің намысын қорғауың керек. Басты мақсатым – NHL-ге қосылу еді. Канада арқылы Америкаға бардым. 2019 жылы жазымды Минессоттада өткіздім. Кейіннен Нью-Йорк, Нью-Джерси командаларының іріктеуінен өттім. 16 тамыз күні маған екі команда хабарласып, келісімшарт ұсынды. Қуанышымда шек болмады», дейді Бұлбұлдың өзі.
Сөйтіп қаршадай қыз Нью-Джерси штатындағы Монмут Джанкшен қаласының «Метрополитен Риветерс» клубының сапына қосылды. Бұлбұлдың шеберлігіне «Риветерстің» бас менеджері де жоғары баға бергені есімізде.
«Қартанбаеваның шеберлігі, ойынға адалдығы оны жанкүйерлердің сүйікті ойыншысына, командамыздың белді мүшесіне айналдырары сөзсіз», дейді Кейт Витман Эннис.
Бұлбұл сегіз қырлы, бір сырлы десек қателеспейміз. Ол бос уақытында түрлі волонтерлік іс-шараларға қатысады. Бір қызығы, «Томирис» сапында ойнап жүргенде ол елордада өтетін жәрмеңкелерде печенье пісіріп сатқан.
«Бір күні әлдебір америкалық сайтты ақтарып отырғанымда, қызылды-жасылды печенье көзіме оттай басылды. Біраз ақпаратқа қаныққан соң, кәсіпкерлік курсындағы таныстарыма өзімнің печенье пісіргім келетінін айттым. Олар менің ойымды қалжың деп қабылдап, күлді де қойды. Мен ғаламторға хабарландыру жазғаннан кейін жұрттан тапсырыс түсе бастады», дейді Бұлбұл.
Бұлбұлдың арманы көп. Ол әйелдер хоккейін дамытуға үлес қосқысы келеді. Қазіргі таңда осы мақсатта еңбек етіп жүр.