
Қазіргі кезде жекелеген мекемелер мемлекеттік сатып алу заңынан шикілік жіберіп жатады. Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық прокуратурасы 2013 жылы бұған қатысты тексеру жүргізіп, 13 заң бұзушылық анықтады. Осының негізінде 14 мемлекеттік қызметкерді тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселе қозғалды.
Аудандағы Өзгент ауылдық округі әкімінің аппараты өткен жылы Үсен ата, Досан ата, Рахманов, И. Әбдікәрімов, А. Құнанбаев, С. Сейфуллин және М.Жұмабаев көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу веб-порталына хабарландыру жариялаған. Конкурсқа қатысуға «Ақжол», «Нұр-строй ЛТД» және «Шиелі жолшы» жауапкершілігі шектеулі серіктестері өтінім беріпті. Бұл жерде аталған серіктестер талапқа сәйкес салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдары туралы мәліметті белгіленген мерзімде тапсыруы қажет. Осындай негізгі міндетті өз дәрежесінде орындай алмаған «Ақжол» мен «Нұр-строй ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестері конкурсқа жіберілмеді. Осыдан кейін жоғарыда аталған әкімдік бір көзден сатып алу тәсілімен «Шиелі жолшы» серіктестігін жөндеу жұмыстарына қатыстыруды ұйғарып, оған бөлінетін қаржы көлемін 46 106 390 теңгеге бағалау арқылы шарт жасасады.
Енді мәселенің басын ашып алу үшін мынаған назар аударғымыз келеді. Мемлекеттік сатып алу туралы заңның 40-бабының 1-тармағында көрсетілгендей, мемлекеттік сатып алу туралы шарт оған тапсырыс беруші мен өнім беруші қол қойғаннан кейін не конкурстық құжаттамада көзделген шарттың орындалуын қамтамасыз етуді өнім беруші толық енгізгеннен кейін күшіне енетіндігі белгілі.Осы негіз бойынша мердігер шарттың 66-тармағында көрсетілген барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін, тапсырыс берушіге жұмыстардың аяқталғаны туралы хабарлама жіберуі тиіс. Ал тапсырыс беруші жеті күн мерзімнен кешіктірмей жұмыстардың аяқталуын бағалау жөніндегі комиссия құрамын тағайындайды. Сонымен бірге, жұмысшы комиссиясы кемшіліктердің тізбесін жасап шығып, оны жою мерзімін нысанды тапсыру күнінен кешеуілдетпеуі қажет. Егер мердігер шартта көрсетілген мерзімде жұмысты аяқтамаса, тапсырыс беруші әрбір мерзімі өткен күнге 0,1 пайыз сомасында тұрақсыздық айыбын есептеп шығарады. Жалпы, бұл талапты кейбір мекемедегі өндіріс саласына жауапты қызметкерлер біле бермейді. Бүгінгі күннің ең басты мәселесі де осы болып тұр. Соның бір шалағай көрінісі жоғарыда біз атап өткен Өзгент ауылдық округі әкімдігінде орын алды.
2013 жылдың 16 қазанында «Шиелі жолшы» ЖШС Өзгент ауылдық округі әкімдігіне өздеріне жүктелген жұмысты аяқтағанын, оның сапасын тексеру үшін арнайы комиссия құрамын бекіту қажеттігін мәлімдеген. Осыған байланысты жасақталған комиссия төрағалығына жергілікті әкімдіктің бас маманы Т.Көркембаев, ал оның мүшелері болып аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы А.Үскенбаев, «Әділбек және компания» толық серіктестігінің директоры А.Тасболатов, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы басшысының орынбасары А.Тұрғанбаев, аудандық жұмыспен қамту орталығының әлеуметтік маманы Б.Балабеков, жеке кәсіпкер Е.Қабылбаев және «Шиелі жолшы» ЖШС директоры А.Абдуллаев бекітілген.
Алайда, осы құрамдағы жекелеген азаматтардың атқарылған жұмысты бағалауға қатыспағаны мәлім болды. Бұған қоса, серіктестік кейбір кемшіліктерді қалпына келтіруге асықпаған. Осы олқылыққа байланысты 1106 544 теңге өсімпұл өндіру мәселесі де назардан қағыс қалды. Мұндай өрескел қателікке қатысты «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңының 12-бабы 1-тармағының 4-тармақшасында шешiмдер әзiрлеу мен қабылдау кезiнде заңды және жеке тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсету, сондай-ақ, осы заңның 5-тармақшасында кiмге болса да табыс алуға байланысты кәсiпкерлiк және өзге де қызметтi жүзеге асыруда заңдарда көзделмеген кез келген жәрдем көрсету әрекеттерi сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық болып табылатындығы айтылған .Бұл ретте Өзгент ауылдық округі әкімінің атына заң бұзушылықтарды жою жөнінде ұсыныс енгізіліп, кемшілікке жол берген бір қызметкерді тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылды.
Нұржан Айекенов,
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы прокурорының көмекшісі.