Үкімет • 24 Тамыз, 2021

Үкімет бірнеше заң жобасын қарады

178 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекеттік бюджетке қатысты төрт заң жобасы қаралды, деп жазады Egemen.kz.

 

Үкімет бірнеше заң жобасын қарады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобалары, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған нысаналы трансферт бөлу туралы» ҚР Президенті Жарлығының жобасы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады.

Үкімет басшысы республикалық бюджеттің ұсынылып отырған жобасы, ең алдымен, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемесін толық әрі уақытылы орындауға, сондай-ақ қазіргі жағдайда экономиканың сапалы және тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Дағдарысқа қарсы макроэкономикалық саясатты іске асыру пандемияның салдарын жұмсартып, экономикалық өсу қарқынын қалпына келтіру процесін іске қосуға мүмкіндік берді.

2022 жылы экономиканың 3,9%-ға дейін өсуін қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Атаулы ЖІӨ 2022 жылы 87,1 трлн теңгеден 2026 жылы 119,9 трлн теңгеге дейін өседі.

Жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 2022 жылы 4-6%-ды құрайды, кейіннен 2026 жылы 3-4%-ға дейін төмендейді.

Шикізаттық емес сектор сапалы өсудің негізгі драйверлерінің біріне айналады және экономика тұрақтылығының негізгі факторы болып қала береді.

Бюджет шығысының негізгі бағыты экономиканың нақты секторын, кәсіпкерлікті, әлеуметтік инфрақұрылымды, оның ішінде денсаулық сақтау және білім беру жүйелерін, мәдениет пен спорт салаларын, сондай-ақ қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сапалы және орнықты дамытуды қамтамасыз ету болмақ.

Үкімет басшысы аталған заң жобалары мен әлеуметтік-экономикалық даму болжамын Парламентке енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды.