Технология апробациядан өтсе, өңірде бес құрылғы қондырып, барлық жерге жаңбыр жаудыруға болады. Нәтижесінде, қуаңшылықтан зардап шеккен шаруалардың мәселесі шешіліп, малдың қырылуы тоқтамақ.
Отырысқа қатысқан фермерлер, ғалымдар, кәсіпкерлер мен облыстық әкімдік өкілдері жаңа технологияға қатысты жан-жақты мәселені көтерді.
«Қазір Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстарында құрғақшылық болып жатқаны өздеріңізге белгілі. (...) Малдың көлемі, жерге экоцид, өсімдіктің өспеуі, мал жайылымының тарылуы сияқты көптеген мәселе туындап жатыр. Біз проблемадан шығу үшін елге қажет әдістерді іздеп, климаттық технологияның бар екенін біліп, мамандарды Маңғыстауға шақырдық. Қазір қолдан жаңбыр жаудырудан басқа жолын көріп отырған жоқпыз», деді Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Еділ Жаңбыршин.
Бірнеше мемлекетте сыналған жаһандық International Center of Climate Change Technologies жобасын елімізге әкеп отырған Central Asian Center of Climate Change Technologies компаниясының басшысы Алтай Айнабектің айтуынша, бұл технологияның негізінде әлемде бірнеше ғана компания жұмыс істейді. Азаматтық мақсатта қолдануға болады. Қоршаған ортаға, адамдарға, жан-жануарға, ұшақтарға әсер етпейді – ешқандай зияны жоқ. Ол туралы еуропалық De Nayer зертханасының оң қорытындысы бар – Clear Sky Manager технологиясы.
«Теріс иондарды атмосфераға жіберу арқылы атмосферадағы әртүрлі деңгейдегі ылғалдарды шоғырландырып және Каспий теңізінің акваториясындағы буланған ылғалдарды Маңғыстаудың терең аудандарын тасымалдау арқылы бұлттар түзіледі және керек жерде жаудырылады. Біз ұсынып отырған Clear Sky Manager 5 және Clear Sky Manager 7 технологиялары Ресей, АҚШ, Жапония, ЕуроОдақта патенттелген. Климатты басқару саласының әлемдік деңгейде мойындалған докторлары, метериалолог, аэролог және басқа мамандар жұмыс істейді», деді Алтай Айнабек.