Әкімдердің жұмысы бағаланатын өлшемнің бірі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру, әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажетін атап көрсеткен болатын. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?! Әкімдердің жұмысын осы өлшем бойынша да бағалаймыз», делінген Жолдауда. Маңызды құжатта міндеттелген бұқаралық спортты дамыту, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында Шымкент қаласында ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен алғаш рет қала мектептері арасында футбол, волейбол, баскетбол, шахмат сияқты спорт түрлерінен «Шымкент жастар лигасы» өткізілді. Оған 140 жалпы орта мектептің 536 командасы, яғни 8 569 оқушы қатысты. Әр спорт түрі бойынша 1-орын алған мектептерге 20 млн теңге жүлде берілді. Бұл қаржы мектептің қажеттілігіне жұмсалуда. Сондай-ақ қалада шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларында шұғылданушылардың санын арттыру үшін тиісті инфрақұрылымды және қосымша жұмыс орындарын көбейту мақсатында спорттық үйірмелерді жан басына шаққандағы қаржыландыру іске асырылуда. Бұл бойынша 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балалар мемлекеттік тапсырыспен кез келген спорт секциясына, шығармашылық үйірмесіне тегін бара алады. Жаңа жобаға сәйкес ата-аналардан спорттың 71 түрі бойынша өтініштер қабылданады. Қазір спорттың бокс, футбол, грек-рим күресі, жүзу, үстел теннисі, каратэ, таэквондо, дзюдо, баскетбол түрлері бойынша ата-аналардан 3 347 өтінім түскен. Жобаны іске асыруға биылға 339,8 млн теңге қаралып, 4 096 баланың спорттық секцияларға баруына мүмкіндік берілген. Бұл көрсеткіш биыл жалпы бос балалардың қосымша спорттық секциямен қамту үлесінің 5,3%-ын құрайтын болады. Бұқаралық және балалар спортын дамыту бағытында мектептердегі спорттық үйірмелермен 156 мың бала қамтылған. Спорт мектептерінде және мемлекет-жекешелік әріптестік бойынша жұмыс жүргізетін 5 спорттық ұйымға 17 мың бала тартылған. Тұрғындарға қолжетімді болуы үшін шағын аудандар мен тұрғын алаптарда 115 спорт алаңшасын орнату бастамасы қолға алынып, іске асырылуда. Балаларын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге жаздырғысы келген ата-аналар artsport.edu.kz бірыңғай интеграцияланған білім беру платформасы арқылы өтініш қалдырады. Жүйенің ерекшелігі – әрбір ата-ана спорттық секцияны немесе шығармашылық үйірмені өзі таңдай алады. Жаттықтырушылардың біліктілігін, нысанның орналасқан жерін таңдау мүмкіндігіне ие. Қала әкімінің айтуынша, бұл жүйе тұрақты және алдағы жылдары оған бөлінетін қаражат пен балаларды қамту көрсеткіші өсетін болады. Сонымен қатар спортты баршаға қолжетімді ету басты назарда. Бұл орайда мемлекет-жекешелік әріптестік аясында жұмыс істейтін 5 спорттық клубтың қосар үлесі мол. Мысалы, «Мирас» спорт кешенінде 5 пен 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер футбол және дзюдо секциясына тегін қатыса алады. Жаңа футбол алаңында 13 жасқа дейінгі балаларға арналған республикалық және халықаралық турнирлер өткізуге болады. Сондай-ақ бокстан әлем чемпионы және Олимпиада ойындарына қатысушы Біржан Жақыповтың «Әли спорт» клубы да болашақ чемпиондарды тәрбиелеуде. Мұнда 200-ге жуық бала спорттан тәлім алып жүр. Ал Қызылжар шағын ауданындағы спорт кешенінде ұл-қыздар бокс, дзюдо, грек-рим күресі және каратэмен тегін шұғылдана алады. Клуб каратэ мен күрестен алғашқы чемпиондарын дайындап та шығарды.
Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметтеріне қарағанда, жыл басынан бері спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтар саны 340 305 адам немесе қала тұрғындарының жалпы санынан 31,2%-ын құраған. Атап айтқанда, жалпы білім беру мекемелерінде 208 457 адам, орта арнайы оқу орындарында – 12 095, жоғары оқу орындарында – 12 817, спорт мекемелерінде – 18 578, фитнес клубтарда – 17 513, спорт федерацияларында – 6 895 және басқа да мекемелер мен ұйымдарда 63 950 адам жүйелі түрде спортпен шұғылданады. Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс арқылы шұғылданушы балалар санын биыл 4 096 балаға (5,6 %), 2022 жылы – 14 мың (16%), 2023 жылы – 18 мың (20%), 2024 жылы 20 мың балаға (22%) жеткізу жоспарлануда. Спорттық кешен мен алаңшалар салуға демеушілік жасап, қолдау танытып отырған кәсіпкерлер көп. Мысалы, мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландыру платформасына 25 кәсіпкерден өтінім түскен. Оның ішінде 20 кәсіпкер біліктілік іріктеуінен өтіп, оң шешім алды. Бір кәсіпкердің өтінімі қаралып жатса, 4 кәсіпкердің өтінімі кері қайтарылған. Іріктеуден өткен білікті өнім берушілердің бірі – «Эталон Клининг» ЖШС-ы STRONG фитнес орталығын жалға алу арқылы мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеуде. Жалпы ауданы 950 шаршы метр болатын спорт кешенінде кәсіпкер бокс және таэквондодан 160 балаға өтініш жолдап, шілдеден бастап іске кіріскен. Қазіргі таңда 110 ата-анадан өтініш түсіп, келісімшарт жасалыпты. Іріктеуден өткен өнім берушілердің тағы бірі – жеке кәсіпкер Бахытжан Хуснидинов каратэ спорт түрінен 30 балаға өтінім жолдап, 10 ата-анамен келісімшарт жасасқан.
Сондай-ақ жуырда Абай ауданында заманауи ашық спорт алаңшасы ел игілігіне берілді. Көп функциялы спорт алаңшасының ашылу рәсіміне қатысқан қала әкімі бұқаралық спортты дамыту арқылы сау әрі саналы ұрпақ, мықты ұлт қалыптасатынын айтып өтті. Қала тұрғындарын саламатты өмір салтын ұстануға шақырды. Спорттық алаңша Eurasian Resources Group ЖШС-ның жеке қоры демеушілігі есебінен салынды. Қаржы көлемі – 14,5 млн теңге. Жалпы ауданы 324 шаршы метр болатын нысан спорттық жабдықтармен және дене шынықтыруға арналған қондырғылармен жабдықталған. Мұнда спорттың волейбол, баскетбол, футбол түрлерімен және стрит воркаутпен айналысуға болады. Жалпы Абай ауданында 222 аула абаттандырылып, 58 спорт алаңшасы салынған. Биыл балалар және спорт алаңшаларын орнату жұмыстарына 1 млрд 389 млн теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржы 21 көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыруға, 12 спорт алаңшаларын ағымдағы жөндеуге, 35 спорт алаңшаларын орнатуға жұмсалмақ. Сонымен қатар ауданда «Шымкент – қайырымды қала» қоры арқылы демеушілік есебінен 4 спорт алаңшасы орнатылды. Eurasian Resources Group ЖШС-ның жеке қоры есебінен салынған тағы бір спорт алаңшасы Еңбекші ауданында ашылды. Қаржы көлемі – 13 млн теңге, ауданы 324 шаршы метр болатын бұл нысан да спорттық жабдықтармен және дене шынықтыруға арналған қондырғылармен жабдықталған. Еңбекші ауданында 2011-2020 жылдар аралығында 85 алаңша салынған және биыл 15 спорт алаңшасын құру жоспарланып отыр. Спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында қала аумағындағы тұрғын алаптар мен шағын аудандардан спорт алаңшаларын салу үшін жалпы 115 жер телімі қарастырылған. Демеушілердің есебінен 14 спорт алаңшаның құрылысы жоспарланған. Қазіргі уақытта 8 алаңша құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Әл-Фараби ауданы аумағында Shymkent Plaza сауда-ойын-сауық орталығының демеушілігімен 7 спорт алаңшасының құрылысын жүргізу жоспарланып, оның 4-і ел игілігіне берілді. Сонымен қатар, қала аумағында «Евразийская группа» ЖШС-ның демеушілігімен жоспарланған 7 спорт алаңшаның 4-інің құрылысы аяқталған. Қала бюджетін нақтылау барысында қалған 101 спорт алаңшасын орнатуға 2 060, 0 млн теңге қарастырылып, мемлекеттік сатып алу конкурстық процедуралары жүргізілуде.
25 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында балалардың спорттық және шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударды. Осы ретте биыл 1 мамырдан бастап шығармашылық тапсырыс бойынша жаңа стратегиялық шаралар қабылданды. Бұл орайда Шымкент қаласында шығармашылық үйірмелер бойынша мың баланы қамтуға 72 млн теңге қаралған. Мемлекеттік тапсырыс 13 шығармашылық бағытты қамтиды. Ата-аналардан ұлттық би, халық биі, бал биі, деректі және көркем фильм, актерлік шеберлік үйірмелері бойынша 689 өтініш түскен. Мысалы, жуырда 400 бала шығармашылық тапсырыс аясында тегін үйірмеге қатысуға мүмкіндік алды. Оның ішінде 200 бала деректі және ойын көркем киносына, ал 200 бала актерлік өнер бойынша үйірмеге қатысады. Ал Қаратау ауданына қарасты «Нұртас» шағын ауданында орналасқан үйірмеге бүгінде ұлттық би мен халық биі бойынша жалпы 100 өтініш келіп түскен. Сондай-ақ ЖК «РИТМ» үйірмесіне ата-аналардан 300 өтініш түскен. Олардың ішінде 140 бала ұлттық би үйірмесіне жазылған болса, 60 бала заманауи биге, 100 бала бал билеріне қатысуға өтініш берген. Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Х.Есенова шығармашылық үйірмелерді жан басына қаржыландыру қағидасы бойынша 10 жеке кәсіпкерден 24 өтінім түскенін, 8 үйірмеге жұмыс атқаруға рұқсат берілсе, 5 үйірменің құжаты кері қайтарылып, қалған 11-нің құжаттары қаралу үстінде екенін айтады.
Спортта ғана емес, шымкенттік оқушылар білім сайысында да жоғары нәтижеге қол жеткізуде. Жуырда Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Еркебұлан Тазабек география пәнінен өткен халықаралық олимпиадада (IGEO-2021) күміс медаль жеңіп алды. Халықаралық олимпиада жүлдегерін құттықтау рәсімінде қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева еліміздің келешегі дарынды жастардың қолында екендігін айта келе, Еркебұланның ата-анасына Алғыс хат, ал зияткер оқушыға арнайы грамота мен смарт сағатын және кітап сыйға тарту етті. Еркебұланның жетекшісі, ХББ NIS-тің география пәнінің мұғалімі Ақбөпе Жаманқұлқызы Құрмет грамотасымен марапатталды. Айта кетелік, география пәнінен Халықаралық олимпиада 1996 жылдан бері Халықаралық географиялық одақтың жетекшілігімен өткізіліп келеді.
Алғашқы зияткерлік жарыс
Гаагада ұйымдастырылса, биыл олимпиада астанасы Ыстанбұл атанып, қашықтан өткізілді. Жеңіс үшін әлемнің 46 елінен 200 оқушы бақ сынасып, оның екеуі Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушыларына бұйырды.
Иә, осындай елге үлгі етерлік оқушылары көп Шымкент қаласында биыл 12 714 орынға арналған 23 мектеп пайдалануға беріледі. Оның ішінде 19 жаңа мектеп қыркүйек айында оқушыларға есігін ашады. Пайдалануға берілетін білім мекемелерінің төртеуі – мемлекеттік, 19-ы – жекеменшік. Нәтижесінде, апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға, мектебі жоқ елді мекендер 13-тен 11-ге және ыңғайластырылған ғимараттағы мектептер саны 5-тен 4-ке төмендейді екен. «2021-2025 жылдар аралығында сапалы білім беруге жағдай жасау мақсатында 72 мектеп құрылысы жүргізілетін болады. Ал күрделі жөндеу 4 нысанда жүргізілуде және 28 мектептің ауласына спорт алаңдары орнатылуда. Қысымдау жұмыстары 258 мемлекеттік білім ұйымдарында 100% аяқталды», дейді басқарма басшысы Жанат Тажиева.
Айта кетелік, жаңадан бой көтеріп жатқан білім ордалары заманауи үлгіде салынуда. Жаңаша дизайнда жасалып, қабырғалары ерекше бояулармен әрленген. Соңғы үлгідегі техникалар мен ерекше стильдегі жиһаздар да қойылады. Оқушыларға сапалы білім беру мақсатында лингафонды мультимедиялық кабинеттер, модификацияланған технологиялық бағыттағы сыныптар, СТЕМ-кабинеттермен қамтамасыз етілмек. Қауіпсіздікті қадағалау үшін бейнекамералар қойылып, олар құқық қорғау органдарымен орталықтандырылады. Турникеттер мен дабыл батырмалары да назардан тыс қалмайды. Құрылысқа жауапты мекемелерге осындай талаптар қойылған. Жалпы, қаладағы білім мекемелері дәстүрлі форматта оқытуға дайын. Мектептерде күнделікті термометрия, кварцтау, желдету, дезинфекция және маска режімі сақталады. Білім басқармасына қарасты 785 білім ұйымы Ashyq жобасына 100% қосылған. «Педагогтер мен техникалық персонал медициналық қарсы көрсетілімдері барларын қоспағанда 100% вакциналанды. Білім беру ұйымдарына бөгде адамдарға кіруге тыйым салынады. Бір сынып – бір кабинет талаптары сақталады», дейді басқарма басшысы. Білім мекемелерінде 2021-2022 оқу жылы 350 мыңға жуық білім алушылармен басталғалы отыр. Балалар саны өткен жылмен салыстырғанда 8 мыңға артқан. Ал 1 сыныпқа 25 005 бала қабылданған. Сондай-ақ білім қоры арқылы мектеп формасына бір реттік қаржылай көмек қаладағы 57 466 балаға беріледі. Биыл мектептерді жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 263 кабинет, 178 интерактивті тақта орнатылуда. Яғни жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтылған пән кабинеттер үлесі 62,5%-ға жеткізіледі. Қала мектептеріндегі жалпы компьютер саны – 56 746, орта есеппен 4 оқушыға 1 компьютерден келеді.
Республикалық қала мәртебесіне ие болған Шымкентте білім саласына бөлінген қаржы көлемі 2000 жылға дейін 300 млн теңге болса, бүгінде 135 млрд теңгеге жеткен. Педагогтердің орташа айлық жалақысының көлемі соңғы 5 жылда 3 есе өсіп, айына орта есеппен 185 мың теңгені құрады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қаладағы балабақшалар саны 129 болса, қазіргі таңда демографиялық және көші-қондық өсімге сәйкес, бұл көрсеткіш 397-ге артқан. Оның ішінде осы жылдары мемлекет есебінен 31 балабақша салынған. Бүгінде қаладағы 526 мектепке дейінгі мекемелерде 67 422 бала тәрбиеленуде. Сонымен қатар 30 жылда 79 385 орындық 121 мектеп салынды. Үкіметтің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы және арнайы түзілген «Жол картасы» аясында заманауи үлгідегі білім ошақтары бой көтеріп, үш ауысымдағы, апатты жағдайдағы және ыңғайластырылған мектеп ғимараттары типтік үлгідегі ғимараттарға көшірілді. Осы жылдары дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын Назарбаев Зияткерлік мектептерінің желісі құрылып, оқушылар түрлі әлемдік, халықаралық зерттеулерге қатысып, білімдерін жетілдірді. Сондай-ақ бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру 32 колледжде іске асырылуда. Оның 11-і – мемлекеттік, 19-ы – жекеменшік, студенттер саны – 27 046. Ал 11 412 студент колледждерде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алуда. Жұмысшы мамандығын тегін алу мүмкіндігі 2017 жылдан заңдастырылғаны мәлім. Нәтижесінде жыл сайынғы бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың кемінде 50 пайызға жуығы жұмысшы мамандықтарды дайындауға қарастырылуда. Былтыр «Жас маман» жобасы аясында 2 мемлекеттік колледжді жабдықтауға – 646 млн 624 мың теңге қаржы қаралып, жеткізу жұмыстары толығымен аяқталды. Сонымен қатар «Жас маман» жобасы шеңберінде шетелдік әріптестің дайындаған білім беру бағдарламаларының негізінде 13 мамандық бойынша жұмыстық оқу жоспарлары бекітіліп, жаңа оқу жылында енгізілмек. Биыл 5 колледжді жабдықтау үшін республикалық бюджеттен 1 557,992 теңге қаралған.
Айта кетелік, бүгінде мектептердің дайындығын пысықтау мақсатында құрылған арнайы мобильді топтар білім ұяларын қадағалауға кіріскен. Ал мектептер ұжымы жаңа ережелермен жұмыс істеуге дайын екендіктерін мәлімдеуде.
Шымкент