– Жақында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ауған жеріндегі этностық қазақтарды елге алып келуге дайын екенін айтты. Ауғанстанның паспортында азаматтың қай ұлт өкілі екені көрсетіле ме?
– Ауған жеріндегі қазақтардың алғашқы тобы 1930 жылдары, кейінгі топ қызмет бабымен барып, қалып қойғандар. Ал паспортта ұлтын көрсету мәселесін азаматтың өзі шешеді. Тілдік орта болмағандықтан, этностық қазақтар жергілікті ұлтпен сіңісіп, ана тілін ұмытып барады. Аға буын болмаса, ана тілін білетін қазақ жастары өте аз. Тіпті аты-жөндерінің өзі парсы тектеніп барады.
Ауғанстанда қанша қазақ тұратыны жайлы мәліметтер әртүрлі. 1990 жылдары Түркістан облысына 10 мың қазақ көшіп келді. Қалған қазақтардың басым көпшілігі Мазари Шариф, Құндыз қалаларында тұрады. Жастар жағы жол сөмкесін арқалап, ел асып кетуге дайын болса, аға буын мал-жанымен бірге көшкісі келеді. Ал мен әскери адам ретінде адамның тағдыры бір оққа байланып тұрғанын жақсы түсінемін. Көшті кешеуілдетуге болмайды деп айтуға оңай. Мал-жан, ата-баба бейітін тастап кету қиын. Бауыр басып қалған елді бір күнде тастап кетудің қиын екенін өз басымнан білемін. Аға толқында жағдай ертең түзелер деген үміт бар. Қазақстан Үкіметі қандастарын елге алдырудың барлық мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.
– Қазір Ауғанстанда ертең не боларын ешкім айқын болжап айта алмай отырған сияқты...
– Соғыстың әр түрлі сипатта болатынын бүгінгі Ауғанстандағы жағдайға қарап білуге болады. Өткен аптада талибтердің балалар аттракциондарында ойнап жүрген суреттері ғаламторды кезіп кетті. Ауған жерінде көзін есін жия салысымен қолына қару ұстаған ұрпақ қалыптасты.
Мен пуштун тайпасының момадзай тармағынан шықтым. Есте жоқ ерте заманнан бері ауған жеріндегі саяси элита осы тайпадан шықты. Бабамыз Шах Ахматхан баба Дорани 250-280 жыл бұрын қазіргідей қырық руға бөлініп кеткен тайпаның басын қосып, тәуелсіз Ауғанстан мемлекетінің негізін қалаған.
Мен мемлекеттік қызмет емес, әскери саланы таңдадым. Бір кездері қолыма қару алып, әскери операцияларға қатыстым. Ол кездегі арман-мақсатымыз мемлекеттілікті қалыпқа келтіруге бағытталды.
Бірақ идеологиясының қақпағы ашық елді билеп-төстеуге дайын елдер жан-жақтан табыла кетеді екен. Ауған халқы – біртұтас халық. Мен бір-бірін тайпа-тайпаға бөліп-бөлшектемейтін ортада азамат болып қалыптастым. Әлемдік қоғамдастықтың да осындай ұстанымға басымдық бергенін қалаймын.
Ауған халқының қандай халық екенін тек біз ғана білеміз. Бір-бірімізді тайпа-тайпаға бөлшектемей, бойындағы кемшілігімен һәм жетістігімен қабылдап, бауырымызға баса аламыз. Мүдделер қақтығысы, содан кейінгі бір-бірін жау көрген сенімсіздік синдромы түбі бір халықты бір-бірінен алыстатып жіберді. Сондықтан бұл мәселені өзге емес, ауғандықтардың өздерінің шешкенін қалаймын. Қазір ауған халқына қару емес, гуманитарлық көмек керек. Тоғыз жолдың торабында орналасқан елде, заманның беті оңғарылса, өркениетті елдердің көшіне қосылуға мүмкіндіктің бәрі бар.
Ауғанстан – бай тарихымен кез келген азаматының көкірегінде мақтаныш сезімін ұялата алатын біртұтас мемлекет, біртұтас халық. Қырыққа бөлініп кеткен халықты түптің түбінде тарихы табыстырады .
– Ауғанстанның мемлекеттік біртұтастығына қай жылдардан бастап сызат түсе бастады?
– Меніңше, мемлекеттіліктің біртұтастығына қауіп төндірген сызат 1980 жылдардың соңында президент Наджибулла биліктен кеткеннен кейін басталды.
1992 жылдардың басында ел басшылығы өздерін оппозиция деп санап жүрген 13 партия өкілдерімен келісімге келмек болды. Президент Наджибулла Үкімет қарауындағы әскери топқа қаруын тастауға бұйрық берді, қарсы тарап та сондай шешім қабылдайтынына сенді. Оның бас амандығына кепілдік бергендер болды. Бірақ мұның соңы немен аяқталғанын білесіз. Шетелдегі оппозиционерлердің Ауғанстанға оралуы да осы жылдарға тұспа-тұс келді. Кейін ақпарат құралдарында олардың басым көпшілігі, тіпті Ауғанстанды басқарған тұлғалардың алыс-жақын шет мемлекеттердің барлау мектебінен өткен азаматтар екені айтылды.
1990 жылдары жақын досым Ахмад Шах Масуд Қорғаныс министрі болды. Сол жылдары, 31 жасымда генерал шенін алдым. Мен басқарған дивизия халық арасында беделді еді. Жақсы қаруланған, жоғары білімді әскери мамандармен қамтамасыз етілген дивизияны оппозиция да, биліктегілер де өз қатарына тартпақ болды: 1992 жылы түн ішінде маған белгісіз бір топ қару кезеніп тұрып, дивизияммен бірге өздерінің жағына өтуімді талап етті. «Ауғанстанда халық таныған бір президент, бір қорғаныс министрі бар, солармен біргемін, оларға қарсы шығу – мемлекетке қарсы шығу», деген сөздерім қаперге алынбады.
Менде өлім немесе екінші жаққа өтіп, халқыма қару кезенгеннен өзге жол жоқ еді.
– Осы әңгімеден соң ауған жерінде қалудың мәні жоқ деген шешімге келдіңіз бе?
– Бастапқыда елден мүлдем кетемін деп түпкілікті шешім қабылдаған жоқпын. Уақытша, жағдай тынышталғанша деп ойладым. Артта қалған ағайын да менің сапарымды солай қабылдады.
Қорғаныс министрі Ахмад Шахқа қоңырау шалып, жағдайды түсіндірдім. Таңертең ішінде 20 адам бар көлік он екі солдаттың қорғауымен Мазари Шарифке жүріп кеттік. Ташкентте екі күн аялдап, одан әрі Украинаға кеттік.
Менде Еуропаның кез келген елінде тұрақтап қалуға мүмкіндік бар еді. Бірақ қайда барсам да «ауғандық» деген атау қыр-соңымнан қалмады. Бұл жерде «ауғандық» деп туған елім, туған халқымнан жерініп отыр деп ойлап қалмаңыз. Туған елімдегі атылған оқтың жаңғырығы менімен бірге ілесіп жүргендіктен, ел-жұртқа сіңіп кетудің мүмкіндігі аз болды. Содан қазақстандық достарыма қоңырау шалдым. Ауған жерінде бір нанды бөліп жеген қарулас достардан шақырту алған соң келген тобымызбен Қазақстанға, Шымкентке қарай ат басын бұрдық. 2004 жылы азаматтық алдым, ел-жердің тыныс-тіршілігіне үйрендік.
Қазақстанда балаларым дүниеге келді, қыз беріп, келін алып, өрісімді кеңейттім.
– Ауғанстаннан тыныштық кетті ғой...
– Ұшақтың шассиіне аяқ іліктіре алмай құлап жатқан азаматтарды, жаны қалса болды деп қорғанның арғы жағына сәбиін лақтырып жатқан ата-аналарды, балалар аттракционында, батутте секіріп ойнап жүрген талибтерді көргенде жүрегім қырық жапыраққа бөлінгендей күй кештім. талибтерге қатысты айтарым, олардың балалық шағын соғыс ұрлады, қанды кек қолына қару алдырды.
Мен – Қазақстан азаматымын. Мемлекетім рұқсат берсе, ауған жеріне соғысуға емес, бітімгершілік мақсатпен баруға, қажет болса, қолыма кетпен алып, егін егуге, үй салуға баруға дайынмын. Қандас бауырларыма қару кезеніп, күнәға батқым келмейді.
Ауғанстанның проблемасы – өзге елдердің ішкі ісіне араласуы. Қазір бұл елдің ішкі ісіне араласқысы келетін елдердің қатары өскен сайын тыныштықтың алыстап кететінін сезіп отырмын. Менің ойымша, соғыс – алпауыт елдер үшін тек қана құны қымбат жоба. Ал қарапайым халыққа кетісетін емес, бітімге келуді үндейтін, бір-біріне жауығып кеткен бауырларды табыстыратын шешім керек. Мұның кілті басқаның емес, ауғандықтардың өз қолында екенін түсінетін кез келді.
– Ауған жерінде қалған достарыңызбен, ағайын-туғандарыңызбен хабарласып тұрасыз ба?
– Бірге туған бауырларым қазір менімен бірге. Алыстан туысатын ағайын әліптің артын бағып елде отыр. Жас келгенде алдың тұман, артың жарық болады екен. Мұндай көңіл күймен мал-жанды, кіндік кескен жерді, ата-баба бейітін тастап кету оңай емес. Жастар жағы – Түркия, Иранда. Басым көпшілігі сонда жоғары оқу орнын тәмамдап, қалып қойды. Елде қалған достармен, ағайынмен хабарласып тұрамын. Жағдай мәз емес...
Әңгімелескен
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,
«Еgemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ