Қазақстан • 24 Тамыз, 2021

«Отбасымды атажұртқа әкелу – арманым»

442 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ауғанстандағы шиеленіскен жағдайға Арқа төсінде білім алып жүрген ауған жастары қатты алаңдап отыр. Олар бәрінен де елдерінде қалған ата-аналары мен ағайын-туыстарының амандығын уайымдайды.

«Отбасымды атажұртқа әкелу – арманым»

Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде ауғанстандық 14 студент оқиды екен. Сегізі биыл оқуын тәмамдаған. Әйтсе де, олардың туған жерге қайтқылары жоқ. Әлбетте, мұның бірнеше себебі бар. Ең әуелгісі – бұларды отанында болып жатқан оқиғалар әбден шошытып тастаған. Оның үстіне, ауған жастары Қазақстанда қалып, осында өмір сүруді хош көреді...

Шынын айтсақ, ауғандық жастардың қазіргі жағдайы мәз емес. Тамыз айының 31-і күні олардың визасы бітеді екен. Қазір ауғандық студенттер университет жатақханасында уақытша тұрып жатыр. Ал жаңа оқу жылы басталғанда, амал жоқ, бөлмелерді босатуға тура келеді...

Осы мәселе бойынша хабарласқаны­мызда ҚарМТУ-дың проректоры Мирас Құттыбай былай деп мәлімдеді: «Қара­ғанды техникалық университетін биыл бітірген Ауғанстан азаматтары елдегі дүрбелеңге байланысты, туған жеріне қайта алмай қалды. 31 тамыз күні визалары аяқталады екен. Университет жатақханасында тұруға рұқсат берілді. Ендігі мәселе – ІІМ Көші-қон полиция­сы арқылы виза проблемасын шешу».

Қарағандыдағы 14 студенттің біреуі ғана – қыз. Қазіргі уақытта олар тамақ өнеркәсібі саласында түрлі жұмыстарды атқарып, нәпақа тауып жүр.

«Ауғандық жастар өте тәртіпті және ең­бекқор. Өздері бірнеше тілді меңгер­ген, оқу-білімге ықыласты», дейді Мирас Құттыбай. 

Ауған студенттерінің арасында Айдын Мұрат есімді жалғыз этностық қазақ бар. Ауғанша есім-сойы – Ай­нуд­дин Мұради екен, паспортында солай жазылған. Ол университетті «Ақпа­раттық технологиялар» мамандығы бо­йынша биыл тәмамдады. Жиырма екі жастағы бұл азаматпен арнайы кездесіп, әңгімелескенімізде, көптеген жайтқа қанық болдық.

«Қазір әке-шешем, бауырларым Құн­дыз қаласында тұрып жатыр. Өзім бес ұлдың ортаншысымын, жалғыз қарындасым бар. Құндыздағы жағдай өте күрделі. Дүкеніміз бар еді, қазір ол жабылған. Мектепте математика пәнінен сабақ беретін ағам жұмыстан шығып қалды. Қазір олар үйден шықпайды. Үрей үстінде өмір сүріп жатыр»,  деп терең күрсінеді Айдын.

Айдын Мұраттың айтуынша, бұлар­дың арғы аталары ашаршылық кезінде Қызылорданың Шиелісінен жан сауғалап, Өзбекстан мен Тәжікстан арқылы ауған жеріне өткен екен. Содан бері бір ғасыр­дай уақыт сол елдегі Хатунқала  елді мекенінде тұрақтап қалған.

«Біз – жеті атасын ұмытпаған, қазақ­тың тілін, дәстүрі мен салтын сақтаған әулетпіз. Хатунқалада жағдайымыз жаман болған жоқ. Жүзге тарта қой, табындап сиыр, үйірлеп жылқы ұстадық. Жеріміз болды, бау-бақша өсірдік. Дүкеніміз жұмыс істеді», дейді Айдын.

Сөйтіп жүргенде, осыдан екі жылдай бұрын «Ислам мемлекеті» содырлары  Айдынның әкесіне келіп, 300 мың ауған ақшасын немесе автомат қаруын сатып алып беруін талап етіпті.

«Әкем мұның дұрыс емес екенін айтып, олардың талабын орындаудан бас тартты... Бір күні әкем Кабулға кеткен кезде әлгі содырлар үйімізге шабуыл жасады. Мектепте математика мұғалімі болып жұмыс істейтін ағамды өлімші етіп соққыға жықты. Біз болсақ, жан сауғалап қашып үлгердік. Содан, бәріміз үй-жайымызды тастап, Құндызды паналадық»,  дейді ауғандық қазақ ауыр күрсініп.

Ауғанның 300 мың ақшасы долларға шаққанда, шамамен 3,5 мың АҚШ доллары болады екен. Ал жаңағы сұраған автоматтың ол жақтағы бағасы бес мың доллардай тұратын көрінеді.

Бұлардың Хатунқаладағы үйлерін осыдан бір жарым жыл бұрын «Ислам мемлекеті» содырларынан  талибтер тартып алып, өздері тұрып жатқан көрінеді.

«Таяуда ғана үй-ішімен хабарластым. Әкем жағдайдың күн санап нашарлап бара жатқанын айтты. Үйден шыға алмай қалыпты. Жинаған қор да түгесілуге таяған. Қазақстанға қайтқылары келеді, бірақ ешқандай көмек жоқ, жол да жабылған. Елшілікке хабарласып едік, ол жақтан мардымды жауап болмады», дейді Айдын мұңайып.

Қазір Айдын Мұрат Қарағандыдағы Nәtige сүт фабрикасында жұмыс істеп жүр. Кәсіпорын басшысы Ерлан Әшім тікелей өзінің қамқорлығына алып, қандас бауырға ұдайы көмек қолын созып жүреді екен.

«Ерлан Әшім ағамызбен осыдан бір жарым жыл бұрын азаматтық ала алмай, қиналып жүргенімде танысқан едім, – дейді Айдын ризашылықпен. – Содан бері осы кісінің жақсылығын көріп келе­мін. Алғыстан басқа айтарым жоқ».

Айдын қазір қолына тиген еңбекақы­сының аз ғана бөлігін алып қалып, қал­ғанын үйіне салып отырады екен.

«Теңгені осы жақта долларға айырбастаймын да, Түркиядағы таныстарға банк арқылы жіберемін. Ол жақтағылар әр 100 доллардан екі доллар ұстап қалып, Ауғанстанға салып отырады.

Үйдегілер ақшаны дүкен арқылы аударып алады»,  дейді Айдын ақша жөнелтудің өздері ойлап тапқан операциясын түсіндіріп.

Айдын да, Қарағандыда оқып жүрген ауғандық басқа студенттер де Қазақ­стан­да қалып, тағдырларын осы елмен бай­ла­ныстырғысы келеді. Өкінішке қа­рай, олардың магистратураға түсіп, оқуы­мызды жалғастырсақ деген ойлары әзірге жүзеге аспай тұр. Неге десеңіз, үйден келер көмек-қаражаттың жолы кесілген...

«Ауғанстанда адамдар ертеңгі күнім қалай болар екен деп үнемі үреймен  өмір сүреді. Сондықтан болар, ол жақтағы 60 жастағы адамға 70-80 жас бересіз. Менің әкемнің есімі – Камалиддин. Суретіне қарасаңыз, алпыс жаста деп айтпайсыз. Бейнетті көп көріп, қорқынышпен өмір сүргеннен кейін, ондағы адамдар тез қартаяды...», дейді жүзін мұң торлаған Айдын Мұрат.

Айдындар үшін атамекенге оралу – бірталай жылдан бері келе жатқан  асыл арман екен.

«Мен осыдан екі жыл бұрын Дүние­жүзі қазақтары қауымдастығының Қара­ғанды облыстық филиалына өтініш жасап, атамекенге оралу туралы мәселені қозғадым. Мұны ұйымның басшысы Меруерт Башай растап бере алады. Кабул­дағы Қазақстанның елшілігіне де телефон арқылы бірнеше рет хабарластым. Бірақ еш нәтиже шықпады...», дейді шарасыз­дықтан шаршаған Айдын.

Ол өзі Қазақстан азаматтығын алып, бейбіт өмірдің бесігінде тербелген қазақ жерінде жүргенімен, бар ойы Ауғанстанда екен. Күндіз-түні уайымдайтыны – үй-ішінің амандығы. Егер мүмкін болса, менің отбасымды көшіріп әкелу жөніндегі өтінішімді Қазақстан басшылығына жеткізсеңіздер екен деген тілек білдірді ол қоштасарда.

Айтпақшы, көңілді аз да болса жұ­ба­татын бір жағымды жаңалық бар: ауғандық студент Айдын Мұрат жатақ­ханадан шыққан күннің өзінде далада қалмайды екен. Қайырымды кәсіп­кер Ерлан Әшім мырза баспанасыз қалдыр­маймын деп уәде еткен көрінеді...

 

ҚАРАҒАНДЫ

Суретте: ҚарМТУ-дағы ауған студенттері