Экономика • 25 Тамыз, 2021

Миллиондаған шығынға батқан алматылық кәсіпкерлер жұмыс істеуге рұқсат сұрайды

48 рет көрсетілді

Базарлар мен сауда үйлерінің өкілдері қатаң шектеусіз және локдаун­сыз жұмыс істегісі келеді. Алматылық кәсіпкерлердің айтуынша, шектеусіз жұмыс істеу оларға мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындауға мүмкіндік береді.

Коллажды жасаған Амангелді Қияс

Алматыда сауда секторында, оның ішінде ойын-сауық орта­лық­тары, сауда үйлері мен сауда желі­лерінде 115 мыңнан аса жеке кәсіп­кер бар. Орташа алғанда бір кәсіпкер 2-3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Яғни орташа есеппен 280 мыңнан аса адам осы саладағы табысқа тәуелді. Мұндай көрсеткіш Алматы қаласы тұрғындарының 15%-ын құрайды.

«Бізге демалыс күндеріндегі локдаун қиынға соғып тұр. Әсіресе, жалға алушылардың жаңа оқу жылына сатып алған тауарларын толық сатуы маңызды. Сатып алушылардың негізгі бөлігі демалыс күндері келеді. Кәсіпкерлердің 90%-ында тұты­ну­шылық несие бар, ал кіріс төмен­деді», деді «Орбита» сауда орталы­ғы­ның директоры Абзал Исакеев.

Орталық басшысының айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлер – Алматы қаласының белсенді тұр­ғындарының негізгі бөлігі. Егер жағдай өзгермесе, мұндай қатаң шаралардан кейін бизнес қайта қалпына келе алмайды. Сондықтан алматылық кәсіпкерлер шектеу шараларын жеңілдетуді талап етеді.

«Егер жалға алушылардың кем дегенде 70%-ы вакцина алса, онда Ashyq жүйесімен жұмыс істейтін нысандарға демалыс күндері де жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі деген еді. Бізде қызметкерлердің 90%-ы вакцина алған, ендігі таңда олар бұл жағдайға наразы. Адамдар қазірдің өзінде үмітсіздіктен жолдарды жабамыз деп қорқытуда, бірақ біз жағдайды өз бақылауымызға алдық. Былтыр локдаун болды, біздің сала біраз шығынға ұшырады. Сонымен қатар дезинфекциялаушы заттарға, туннельдерге және бас­қа да жабдықтарға – бәріне был­­тыр шамамен 27 млн теңге жұм­­са­дық. Өз кезегінде ШОБ өз жұмы­сын са­нитарлық нормалар мен та­лап­­­тарды сақтай отырып жүргізіп отыр», дейді «Алатау» базары дирек­торы­ның орынбасары Александр Ким.

Сонымен қатар Қазақстан сауда жылжымайтын мүлік девелоперлер одағының төрағасы Александр Ревин демалыс күндері енгізіл­ген локдаунға байланысты сауда орталықтары табысының 50%-ын ала алмайтынын айтты. Базарлар үшін бұл сома айына 10 млн-нан 15 млн теңгеге дейін жетеді. Оның айтуынша, Қазақстан сауда жылжымайтын мүлік девелоперлер одағы оны жалға алушы болып табылатын шағын және орта бизнес өкілдеріне 30 млрд теңгеге дейін көмек ұсынған.

«Егер біз қаладағы күрделі эпи­де­миялық жағдайға байланысты осын­дай қатаң шектеу шараларын ен­гі­зуге мәжбүр болсақ, шектеулер­ді ен­гізу кезінде мемлекеттік қол­дау ша­ра­ларын ескеруді сұрай­мыз. Со­ны­мен қатар бизнес үшін, ең алдымен көмек алу ғана емес, шектеусіз жұмыс істеу өте маңызды. Кәсіпкерлер бір демалыс күні бүкіл жұмыс аптасын алмас­ты­ра­ты­нын бірнеше рет айтқан. Мүм­кін­дігінше, кәсіпкерлікті қолдау шарасы ретінде біз ASHYQ-тың адал қаты­су­шыларының, мысалы, базарлар, сауда үйлері мен сауда-ойын-сауық орталықтарының жұмысын дема­лыс күндері шектемеуді ұсы­на­мыз», деді Алматы қаласы кәсіп­керлер палатасының басшысы Айтуар Көшмамбетов.

Сондай-ақ ол «Атамекен» басшы­лығы кәсіпкерлердің қызметіне қа­тыс­ты алты ұсыныс жібергенін айт­ты. Онда кем дегенде бір демалыс күнінде жұмыс істеуге рұқсат беру қарас­тырылған. Сонымен қатар қыз­меткерлердің 90%-дан аста­мы вакцина алған бизнесті ынта­лан­дырып, оларды Ashyq көшбас­шы­ларымен теңестіруін сұрайды.

 

Соңғы жаңалықтар

Сербиядан олжалы оралды

Спорт • Бүгін, 08:43

Медаль саны 70-тен асты

Спорт • Бүгін, 08:38

Жүлдегерлердің жүзі жарқын

Спорт • Бүгін, 08:37

Әдебиеттану тарланы

Әдебиет • Бүгін, 08:33

Шүмектен шыққан су мен шу

Қоғам • Бүгін, 08:23

«Әйнегіңізді жуып берейік»

Қоғам • Бүгін, 08:21

Шекараның шебі берік

Қазақстан • Кеше

Бақыт министрлігі

Қоғам • Кеше

Электр желілері тозып тұр

Экономика • Кеше

Шығын көбейсе, тариф өседі

Экономика • Кеше

Ұлт ұстазының ұлағаты

Ахмет Байтұрсынұлы • Кеше

«Қылмыскер» қалам

Өнер • Кеше

Бетховеннің өмірі

Өнер • Кеше

Алан алған 15-ші жүлде

Теннис • Кеше

Ұқсас жаңалықтар