Қазақстан • 25 Тамыз, 2021

Ауыл, аудан және қала мәртебесін беру талаптары қайта қаралады

707 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаменті директорының орынбасары Миржан Иманбаев елімізде ауыл, аудан және қала мәртебесін беру стандарты әзірленетінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ауыл, аудан және қала мәртебесін беру талаптары қайта қаралады

«Ауыл, аудан және қала мәртебесін беру талаптары қайта қаралады. Қала мәртебесінің берілуі үшін онда тұратын халықтың саны 10 мыңнан кем болмауы тиіс, ал бізде халық саны 10 мыңға жетпейтін қалалар бар. Халқы 10 мыңнан асатын, бірақ ауыл мәртебесі берілген кездер де болды. Осы мәселерді шешу үшін, талаптарды қайта қарап, жаңа стандарт дайындалады. Стандартта халықтың санынан бөлек, ауылда немесе ауданда қандай инфрақұрылым болуы тиіс, оның даму көрсеткіші толық көрсетілетін болады. Қалалар деңгейіне қарай 3-ке жіктеледі: аудандық маңызы бар қала, облыстық және республикалық маңызы бар қала», деді Миржан Иманбаев.

Оның айтуынша, аудандық маңызы бар қалада халықтың саны 10 мыңнан кем болмаса, облыстық маңызы бар қалада кемінде 50 мың адам тұруы тиіс.

«Бюджет берілген мәртебеге сәйкес белгіленеді. Әрине ауылға қарағанда аудан мен қаланың бюджеті молырақ. Елімізде ауыл, аудан және қала мәртебесін беру талаптарына талдау жасау келесі жылы қолға алынады. Ал стандарттың өзін 2023 жылы қабылдау жоспарланды», деп нақтылады ол.