Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауын талқылауға арналған облыс активі болып өтті. «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев таяу жылдары және келешекте алдымызға қойған қадау-қадау жоспарды айтып берді.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы – үздіксіз өсуді өрістету жолы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауын талқылауға арналған облыс активі болып өтті. «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев таяу жылдары және келешекте алдымызға қойған қадау-қадау жоспарды айтып берді.
Мақсат биік, оған жету үшін атқарар жұмыстың қарасы да үлкен. Басты мақсат – Қазақстанның дүниежүзіндегі ең дамыған 30 елдің қатарына енуі. Ал «Мәңгілік Ел» идеясы осы мақсат негізінде өзінің іргетасын қалап отыр. Бұл идея Қазақстан тарихындағы жаңа дәуір парағының ашылуы десе де болғандай.
– Кемел болашақты қазірден бастау үшін әр қазақстандық, оның ішінде әр қостанайлық Елбасы Жолдауының әр жолына қанығуы керек. Өйткені, әр жолдың артында барар бағытымыз, әр санның артында атқарар іс тұр. Сондықтан осынау маңызды құжатты түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін алдымен біз идеологиялық қуатымызды жұмылдыруымыз қажет, – деді облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов облыс активіне жиналғандар алдында.
Мұнан кейін облыс әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов Елбасы Жолдауының негізгі бағыттары жөнінде баяндама жасады. Серік Шыңғысұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауы халыққа 2012 жылдың аяғында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауымен сабақтас екенін айтты. 2012 жылғы Жолдау еліміз дамуында жаңа саяси кезеңге көтерілгенін паш етсе, биылғы Жолдау еліміз алдындағы биік мақсаттардың жүзеге асуына жаңа тыныс бергендей. Жаңа тыныс – стратегиялық жоспарлау ХХІ ғасырда өмір сүрудің бірінші ережесі болып табылады. Ұзақ мерзімді жоспармен дамып келе жатқан Түркия, Қытай, Малайзия секілді елдер тура жолда екенін дәлелдеп отыр. Ал «2050» Стратегиясы елдің басты мақсатынан ауытқымай, алға ұстап отыратын негізгі іс-қимылдың темірқазығы болады.
Активте облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин, «Иволга-Холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Василий Розинов, «Қарқын» Агрофирмасы» ЖШС директоры Сайран Бұқанов, Қостанай қаласындағы №5 мектеп-гимназияның директоры Лидия Сарычева, облыс орталығындағы №4 емхананың бас дәрігері Маргарита Бисенова, Жастар ісі жөніндегі басқарма басшысы Әлия Сапарова Жолдауда айтылған бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне тоқталды. Олар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауын жарқын келешекке адастырмайтын маңызды құжат деп бағалады.
Мәжілісті облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов қорытындылап, «Мәңгілік Ел» идеясы өзіміздің жарқын болашағымыз екенін айта келіп, ол жұдырықтай жұмылғанда, оған үлес қосуды әркім өзінің парасатты парызы деп санағанда мүмкін екенін айтты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.