Фотода әйгілі адвокатпен иық тірестіріп тұрған Смағұл атамыз – Торғай жұртын уәлі сөзімен ұйытқан, аруақты Төке бидің баласы. Шын мәнінде, руы мерген Төке биден тараған ұрпақтарының бәрі ата даңқына лайық болған. Айталық, бидің алғашқы бәйбішесінен Ормағамбет, Нұрмағамбет, Смағұл тараса, екінші анамыздан Кәкімбек пен Қамбар туған. Осындағы есімі айтылған Нұрмағамбет – 1864 жылы Торғайдағы Ыбырай Алтынсарын ашқан мектептің табалдырығын аттаған алғашқы он төрт баланың бірі. Ұлы ағартушы іргесін қалаған білім ордасының ашылуына Төке бидің өзі қолдау көрсетіп, қамқорлық жасаған. Бұл жайында тарихи құжаттарда жазылады. Смағұл Төкеұлы да Ыбырай мектебінде оқып, өз заманының көзі ашық, озық ойлы азаматы атанып, Шұбалаң болысын он екі жыл басқарып, халықтың алғысына бөленген. Жергілікті өлкетанушы, журналист Қабылахат Сейдахметовтің айтуынша, өткен ғасырдың басында болыстың ағайындары істі болып, ол іс насырға шауып, ақыры, Смағұл Төкеұлы туыстарын ақтап алуға Санкт-Петербургке барып, адвокат Федор Плевакомен жүздесіп, барлық мән-жайды түсіндіреді. Алыстан ат арытып келген қыр қазағының өтінішін мұқият тыңдаған адвокат қылмыстық іспен жіті танысып, соның нәтижесінде сот ісі қайта қаралып, түрмеге қамалған адамдарды босатып алады. Бұл оқиға шамамен 1904-1905 жылдары болғандықтан, екеуі суретке сол кезде түссе керек. Бүгінде бір ғасырдан аса уақыт болған көне суреттен олардың байыпты, парасатты тұлғасын ғана емес, сол дәуірдің бейнесін аңғарасыз.
Қиын-қыстау жылдары қазақтарға көп қайырымы тиген Федор Никифорович Плевако 1842 жылы Троицк қаласында туған. Әкесінің ұлты – литван, 1832 жылғы Польшадағы поляк көтерілісіне қатысқаны үшін Ресейге, оның ішінде Троицк қаласына жер аударылады. Сонда жүргенде қазақ қызымен танысып, шаңырақ көтерген. Кейбір деректерде заңгердің анасының аты Өлмесек, бір ауқатты кісінің қызы болған дейді. Бірақ қарақшылардың қолынан әке-шешесі қаза тауып, қыз жетім қалады. Оны орыс әйелі тауып, бауырына басып, Екатерина деген есім береді. Кейін қыз бойжетіп, Федордың әкесімен көңіл қосады. Плевако өмірбаяндық еңбектерінде анасының қазақ қызы екенін анық айтқан. Бұл жайында орыс ғалымы В.Смолярчуктiң «Адвокат Плевако» деген кiтабында жан-жақты жазылған. Жиырма екі жасында сот лауазымына тағайындалып, жиырма төрт жасында адвокат болған талантты тұлғаның сөзге шешендігін жоғары бағалаған орыстар оны заң саласының «Пушкині» деп атаған.
Бір айта кетерлігі, Смағұл атамыздың Санкт-Петербург қаласына екі рет жолы түскен. Біріншісін тәптіштеп жаздық. Екіншісі, 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты. Әрине, көтеріліс бір күнде «бұрқ» ете қалған жоқ. Патшаның «Июнь жарлығы» шыққаннан кейін осы өңірдің беделді бес азаматының бірі ретінде Санкт-Петербургке барып, патша өкіметіне Торғай уезі қазақтарының қарсылық хатын тапсырады. Алайда қайтар жолда Орынборға аялдаған Смағұл Төкеұлын билік жандармдары ебін тауып қолға түсіріп, есіл ер солардың қолынан қапияда қаза табады. Сүйегі Орынбордағы мұсылмандар зиратына жерленген.