01 Мамыр, 2010

ЫНТЫМАҚ, БІРЛІК, КЕЛІСІМ

1489 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
– Басты ұстанымымыз, дейді жетісулықтар Жетісудың әсем табиғаты көктемнің шырайлы шағымен одан бетер түрленіп, Жер-ана алқызыл гүлмен көмкеріліп, уыз шаққа ұласқан. Айналада береке мен бірлік туы желбіреп, еңбек пен достықтың күйі шертілуде. Осы шақта Талдықорған қаласының шығысындағы Достық үйінде Қазақстан халқының бірлігі күніне орай “Бірлігіміз – бақы­тымның бастауы” тақырыбында қазақ халқымен тағдырларын байла­ныстырған ұлттар мен этнос өкілдері бас қосып, бүгінгі шуақты мерекенің ауқымын айқындай түсті. Облыстағы “Видергебурт” неміс қоғамдық бірлестігінің басшысы Влади­мир Молодцов 1 Мамыр мере­кесінің өзге мерекелерден өзгешелігін ортаға салды. Елбасының Жолдауында халық­тың бірлігін, татулығын нығайту – бас­ты мақсат екендігі атап көр­сетілсе, бүгін­де облыстық Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы нақты бағдарлы жұмыс­тарымен оны дәлелдеп келеді. Мәселен, немістердің қоғамдық бірлес­тігі 1992 жылдан бері неміс мәдениетін жаңғыр­ту, сақтау және дамыту, туған тілі мен дәс­түрін, салттары мен әдет-ғұрып­тарын оқып-үйрену, тағы басқа жұмыс­тар­ға қолдау көрсетіп, бірліксіз іс бітпей­тінін дәлелдеп келеді, деді ол өз сөзінде. Қазақстандық немістердің қарт адам­дар клубы халық дәстүрлерін құнт­тайды және оны жас ұрпаққа жет­кізуді дәстүрге айналдырған. “Senіorenklub” клубы өз достарын Неміс үйінде қабыл­дап, дастарқан басындағы ыстық кофе мен жылы пейілдегі әңгіме – дүкен құру аса бір жағымды іс. Осы сәтте өткен еске алынып, өлеңдер оқылып, әндер шырқалатыны да бар. Көбіне ардагерлер сонау сұрапыл жылдардағы қазақ халқының өздеріне деген ілтипатын, достық пейілін жас ұрпақ санасына сіңіріп, жақсылыққа жақсылық жасау қажеттігін айтып отырады. Қазақ халқының тілін білу, дәстүр-мәдениетін сыйлауды қалыптас­тыру да негізгі борышымыз, деді бірлестік басшысы. Облыстық Қазақстан халқы Ассам­блея­сы төрағасының орынбасары, хатшы­лық меңгерушісі Ғабит Тұрсын­бай 1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі татулық пен берекенің ұйытқысы, әрі ортақ шаңырақтың беріктігінің бейнесі саналатынына тоқталды. “Ынтымақ, бірлік, келісім, ең асыл бақыт ел үшін” дегендей, Жетісу өңірі­нің тұрғындары да мерекені көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуға дайындық үстінде екендігіне екпін берілді. Жыл сайын этномәдени бірлестіктер облыс орталығында өтетін “Достық” фести­валі­нің және салтанатты шерудің бастаушысы болады. Осы күні Достық үйінде халық шығармашылығының деңгейін көтеру арқылы көркемдік дәрежесі жоғары, рухани-эстетикалық тәрбиесі мол ән-би өнерін халық арасына кеңінен насихаттап, жандан­дыру, талантты жастарды анықтап, болашақтарына жол ашу мақсатында “Өнерім – өмірім” атты вокалды-хореографиялық байқау өтеді. Байқауға өңірдің түкпір-түкпірінен шығармашы­лық топтар қатысып, өнерлерін ортаға салады. Онда жүлделі орын алғандар 1 Мамыр күнгі шеруден соң басталатын “Достық фестивалі” концертінде құрметті қонақ, Қазақстанның халық әртісі Лаки Кесоглумен бір сахнада шаһар тұрғындары мен қонақтарына өз өнерлерін ұсынады деп күтілуде. Осыған орай Ассамблея мүшелері мен хатшылық қызметкерлері мәдени шара­ны өз деңгейінде өткізу үшін жұмы­ла жұмыс жасауда, деді атқарыла­тын мәдени шаралар жайлы ой бөлісіп. Сонымен қатар, 15 мамыр күні әлемнің дамыған елдерінде БҰҰ Бас Ассамблеясының құрылтайшылығымен Халықаралық отбасы күні атап өтілетіні белгілі. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде биыл­ғы жылы ІV рет өткізілетін облыстық “Ортақ шаңырақ аясында” фестиваліне дайындық қыза түскен. Бұл шара отбасы жылуы мен тату да жарасымды өмір сүрудің ұрпақтар сабақтастығы арқылы жалғасын табатын өзара түсіністіктің жарқын мысалын көрсе­тетінін де айтқан абзал. Еліміздегі тәуелсіздік нәтижесінде түрік халқы да көптеген табыстарға қол жеткізді. Бірлік пен этносаралық келісімді сақтауды насихаттау – өңірдегі түрік мә­дени орталығының көп қырлы қыз­метінің басты арқауы. Олар облыстық Ассам­блеяның жұмысына белсене арала­сып, жер­­гілікті билік органдарымен бірле­се жұ­мыс атқарып, “қазақстандық қоғам­да тұрақ­­­тылықты сақтауға, этнос­аралық дос­тықты нығайтуға бағытталған”, деп санай­­тынына көз жеткізілуде. Осы орайда об­лыс­­тық мәс­лихаттың депутаты Г.Каса­нов бастауы­мен өмірге келген іргелі істер өз алдына. Қазақтар мен орыстар үш ғасыр бойы бір-бірімен қоян-қолтық араласып, осының өзі ұқсас белгілердің қалып­тасуына із салғаны аян. Екі халықтың тарихи – рухани – адамгершілік жақын­дасуы жүзеге асты деуге болады. Славян дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын сақтау және дамыту, ұлттық сана-сезімді тәрби­леу, этносаралық қатынастарды, тілді үйлесімді дамыту қажеттігі өңірде орыс орталығын құруға итермеледі. Талды­қорған облыстық орыс мәдени орталығы 1992 жылы маусымда ашылды. Олар мәдениет пен тілдің өзіндік жарқын мерекелерін шебер ұйымдастырған. Орталық мүшелері 1 Мамыр күніне достықтың туын жоғары ұстап, ән мен жырдан шашу шашады. Талдықорғандағы “Авив” еврей мәдени орталығы балалар мен жастар арасындағы драмалық үйірме жұмысымен кеңінен танымал. “Жылжымалы еврей кітапханасы” рухани көмек көрсетеді. Мұнда тарих және философия, салт-дәс­түр­лер және балалар әдебиеті жалықпай теріп-жинақталыпты. Десек те, жыл сайын бір келетін бірлік мерекесінің олар үшін де маңызы зор екендігі айтылып, іс-шаралар ауқымы белгіленді. Бүгінде жетісулық қарашай-балқарлар мәдениетіне құрметпен қарап, тілдері, дәстүрлері мен салттарын сақтау мәселелерімен терең айналысуда. Елімізге тағдыр тәлкегімен келген этнос өкілдері осында тұрақтады. Сөйтіп, Қазақстан олардың Отанына айналды. Жергілікті халық тағдыр тезіне түсіп, қуғынға ұшырағандардың аяғынан тік тұрып кетуіне көмектесіп, баспана, ұрпақ өсіруде қолұшын созды. Сол бір қиын кездегі мейірім мен жылылығы үшін олар қазақтарға аса құрметпен, туысқандық сезіммен қарайтынын орталық мүшелері өз әңгімелеріне арқау етті. Қарашай-балқар “Минги-Тау” аймақтық қоғамдық бірлестік белсенділері осы бір бірегей халықтың мәдениетін, тілін, дәстүрін сақтау үшін көп істер атқарып келе жатқандығы басқосу барысында анық аңғарылды. Қазақ және өзбек халқы бірнеше ғасырлар бойы бір-бірімен ауылы аралас, қойы қоралас өмір сүруде. Біздерді тарихи күрделі оқиғалар ғана емес, мәдениеттің ортақтығы да тығыз байланыстырып отыр. Екі халықтың тағдыры бір-бірімен біте қайнасып кеткелі қашан, дейді әңгіме арасында Ассамблея хатшылығының бас маманы Жанна Оразғалиева. Алматы облысының аумағында – Талдықорған, Қапшағай қалалары, Өтеген батыр кентінде украин мәдениеті фести­вальдары жыл сайын ұйымдастырылса, “Чаровница” ансамблі, хор ұжымы жұмыс істеп, мерекеге өнерлерін тарту етеді. Талдықорған қаласында “Туған тел” татар мәдени орталығының өкілдері қоғамдық келісім мен бірліктің бастауы – ұлтаралық достық қатынасты нығайту, ата-баба дәстүрін, ана тілін сақтау сияқты міндеттер өздерінің басты мақсаттары еке­нін айтып, ынтымақ мерекесі қар­саңында “Айналайын” балалар үйіне уақыт­ша орналастырылған тасқыннан зардап шеккен қызылағаштық балаларға қайырымдылық шараларын көрсетсе, орталық өнерпаздары өнерлерімен тәнті етті. Ұлттық киімдері бойларына жарасқан әр этнос өкілдерінің көңіл-күйлері халқымыз бірлігінің ырыс-берекеміз бен бақ-дәулетіміздің қалтқысыз кепіліндей көрінді. Көгілдір Туымыз да биікте желбіресе, ақ көгершіндей пәк достық ниет орныққанын да паш етті. Сондай-ақ, әр шаңыраққа бақыт құсы ұя салса деген ниетпен өрілді. “Отанымыз – Қазақстан жасай бер­сін!” деген тілек әр жүректе жаңғырып, оған жеткізетін ынтымақтың уығын бекітуге бел буылғаны анық аңғарылды. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. Суретте: бірлікті бақыттың бастауына балаған этномәдени бірлестіктер мүшелері мерейлі мерекеде бас қосты.