Н.Погодин атындағы орыс драма театрында облыс активінің қатысуымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын талқылауға арналған келелі жиын өтті. Онда аймақ басшысы Самат Ескендіров ұзақ мерзімге бағдарланған стратегиялық басымдықтарды белгілеп берген тарихи құжаттан туындайтын міндеттер жайлы баяндама жасады.
Н.Погодин атындағы орыс драма театрында облыс активінің қатысуымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын талқылауға арналған келелі жиын өтті. Онда аймақ басшысы Самат Ескендіров ұзақ мерзімге бағдарланған стратегиялық басымдықтарды белгілеп берген тарихи құжаттан туындайтын міндеттер жайлы баяндама жасады.
– Барша қазақстандықтар қоғамдық-саяси маңызы зор оқиғаның куәгері болып отыр. Елбасы халыққа дәстүрлі Жолдауын жариялап, «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың басты қағидаттарын белгілеп берді. Алдымызда ғасыр ортасына таман экономикалық-әлеуметтік қуаттылығы мықты 30 елдің санатына қосылу секілді ұлы мақсат тұр. Елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын кезеңге Нұрсұлтан Әбішұлы «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті» деген сипаттама берді. Елбасы дамыған 30 елдің қатарына кіру жоспарын ұсына отырып, Қазақстанның 15-17 жыл ішіндегі ауқымды серпіліс мүмкіндіктерін айқындап берді.
Инновациялық-индустриялық трендін түзеу және күшейте түсу, агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру, ғылымның әлеуетін арттыру, инфрақұрылымдық үштаған – агломерация, көлік, энергетиканың қарқынды дамуын қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті өркендету, қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасау, мемлекеттік институттар жұмысын жетілдіру салалары бойынша тың талаптар қойылды, дей келіп, Самат Сапарбекұлы Президент белгілеп берген Қазақстанның әлемдегі ең қуатты елдердің қатарына кіру тұжырымдамасының ұзақ мерзімді басымдықтарына жан-жақты тоқталды. Бірінші бесжылдықта инновациялық индустрияландыру саласы бойынша жобалардың жүзеге асқанын, олардың ішінде жүк вагоны, газ-мұнай, теміржол салаларына айрықша басымдық берілгенін атап өтті. Индустрияландыру картасы аясында 41,5 миллиард теңгенің 30 жобасын іске қосып, 2 мың жаңа жұмыс орындарын ашу көзделсе, бүгінде 26 миллиард теңгенің 26 жобасы пайдалануға беріліп, 800 адам жұмысқа орналасқан. Нәтижесінде экономикаға 77 миллиард теңгедей инвестиция құйылған. Инвесторларға қызмет көрсету орталығы құрылғалы жеке инвестицияларды тарту өсімі байқалады.
Одан әрі Елбасы агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру жөнінде нақты тапсырма бергенін, соған орай алда атқарылатын шараларды тілге тиек етті. Баяндамашы ғылыми қамтымды экономика құру тапсырмасына сәйкес тиісті орындарға шетелдерден әкелінетін инвестицияның барлық мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. Шыны керек, бұл саладағы көрсеткіш мүлдем төмен. Барлық қаржыландырудың 0,1 пайызын ғана құрайды.
Облыс әкімінің ендігі бір тоқталғаны экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін арттыру жайы болды. Бұдан былай түрлі әкімшілік кедергілерге тосқауыл қойылатынын, кәсіпкерлік отбасы дәстүріне айналатынын, ауылдықтардың жеке шаруамен айналысуына басымдық берілетінін жеткізді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.