Аталған өнер ордасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров театр маусымының ашылуы алдымен әртістер мен көрермендер үшін мазмұнды мереке екенін атап өтті.
– Бұл маусымды еліміздегі жаңа ахуалға бейімделген жағдайда бастап, барлық санитарлық талапты сақтаймыз. Театр ұжымы вакцина алған, себебі біз өзімізге ғана емес, көрермендердің де денсаулығына алаңдаймыз. Жаңа маусымның алғашқы жартысында бес премьера ұсынылады. Бұл опера және балет труппасына айтарлықтай салмақ болмақ, өйткені онымен бірге репертуар қорындағы спектакльдер де қойылады. Сонымен бірге көрнекті тұлғалардың шығармашылығына арналған мерейтойлық кештер мен ата-аналарға да қызықты балалар репертуарын кеңейтуді жоспарлап отырмыз, − деген ол, сөзін одан әрі жалғап, тоғызыншы маусымда – жұртшылыққа балет әртістерінің жаңа есімдерін ашып, қысқа үзілістен кейін сахнада прима-балерина Мәдина Басбаева өнер көрсететінін жеткізді.
Сондай-ақ алдағы 2 және 3 қыркүйекте астанаға Шымкент опера және балет театры гастрольдік сапармен келіп, Тасқын Жармұқаметтің қасиетті жанның көркем бейнесі сипатталған «Домалақ ана» операсын қояды. Одан кейін Мәдениет және спорт министрлігі және театрдың тұрақты бас демеушісі Halyk Bank қолдауымен «Астана Операның» қойылымдар кезегін Piccolo театры жобасының аясында «Д.Чимарозаның «Жасырын неке» операсы жалғастырады. Жеткіншектерге арналған М.Минковтың «Сиқырлы музыка немесе операны бірге жасайық» және А.Байғожаевтың либреттосына қойылған Ж.Дәстеновтің «Қаңбақ шал» атты алғашқы қазақ балалар операсының премьерасы да көрермен көңілінен шығады деген ойдамыз.
Сонымен қатар өнерсүйер қауым В.А.Моцарттың музыкасына қойылған Иржи Килианның «Алты би» және Дьюла Харангозоның хореографиясындағы Тибор Кочактың музыкасымен өрілген «Ақшақар мен жеті ергежейлі» спектакльдерін тамашалайды.
Ал Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығына орайластырылып сахналанатын көрнекті композитор Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» операсы жаңа маусымның тұғырлы туындысы саналмақ.