Ауылда тұратын қылқалам шебері Елбасы Жолдауын тыңдап отырып, іле-шала «Мәңгілік Ел» композициясын салған
Ауылда тұратын қылқалам шебері Елбасы Жолдауын тыңдап отырып, іле-шала «Мәңгілік Ел» композициясын салған
Сан қырлы өнерімен танылып, туған өлкесінің беделін көтеріп жүрген қылқалам шебері Қали Қораласбаев – Шу өңірінің азаматы. Бейнелеу өнерінің төрт бағытында еңбектеніп жүрген талант иесі биылғы Елбасының Жолдауын тыңдап отырып, «Мәңгілік Ел» атты композицияны қағазға түсіріп, редакцияға жолдапты.
Көкірегіндегі бір ғана ойды майлы бояу, графикалық кескіндеме, су бояу, тастан қашалған мүсіндермен, жырларымен де сомдайтын суретші: «Жолдауды тыңдап отырып, қолым қалай қаламға жүгіре бергенін байқамай да қалыппын. Менің түсінігімдегі «Мәңгілік Ел» идеясы осындай. Елбасының 2014 жылғы 17 қаңтардағы Жолдауында басты тақырыбы ата-бабаларымыздың аңсап өткен «Мәңгілік Ел» Стратегиясы болды. «Мәңгілік Ел» дегенде қазақ халқының тарихы, тілі, ділі және ұлттық құндылықтары алдымен ауызға оралады», дейді.
Басты тақырыбы қазақтың жаны, тарихы, табиғаты болып табылатын өнерпаз ауылда тұрып-ақ Алматының қақ төрінде, үлкен қалаларда онға тарта көрме өткізген, сөйтіп, қабілетімен шығармашылық қауымдастықты мойындатқан.
Өз Отанын шексіз сүйетін, отаншылдық туындылар тудыра алған, ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңірген, салт-дәстүріміз бен тарихымыздың тамырынан нәр алып, қазақтың маржан сөзімен қаруланған, жастарға еңбексүйгіштігі үлгі болатын суретші-мүсінші әрі карикатурашы, «Балалар жасөспірім орталығының директоры», Халықаралық жоғары қоғам медалінің иегері Қали Қораласбаев Жамбыл облысының Шу ауданындағы, Төлеби ауылында тұрады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
–––––––––––––––––––
Суретте: «Мәңгілік Ел» композициясы.