Қатысушылар Ауғанстандағы жағдайға назар аударып, соған байланысты Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігіне төнуі мүмкін қатерді талқылады.
Пікір алмасу барысында ЕҚЫҰ ПА Төрағасының орынбасары, ҚР Парламенті Сенатының вице-спикері Асқар Шәкіров Ассамблеяның қолданыстағы мандаты аясында ауған халқының сенімін қалпына келтіру шараларына тоқталды. Қазіргі таңда халықаралық коалиция күштерінің осы елден шығарылуына байланысты Ауғанстан азаматтарында ертеңгі күнге деген сенімсіздік басым екені белгілі.
Орталық Азия елдері босқындардың жаппай көшуі кезінде аймақтағы жағдайдың тұрақсыздануына және өңірге радикалды ағым өкілдерінің шоғырлану мүмкіндігіне алаңдаушылық білдірді.
Вице-спикер Ауған жеріндегі жағдайды тұрақтандыру жұмыстарына Қазақстанның қатысып жатқанын атап өтті. Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешіміне сәйкес Алматыға БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі миссиясының уақытша кеңсесі көшірілгенін тілге тиек етті. Қазіргі таңда Миссия қызметкерлеріне жұмыс істеуге және тұруға қажетті жағдай жасалған.
«Отырыс соңында Парламенттер өкілдері Ауғанстандағы ахуалға, оның ЕҚЫҰ аймағындағы қауіпсіздікке ықпалы тұрғысынан тұрақты мониторинг жүргізу керектігі туралы ұсыныстар айтты. Сондай-ақ, бұл мәселені Парламенттік Ассамблеяның алдағы іс-шараларының күн тәртібіне енгізу қажеттігі де сөз болды», деп жазады ведомтсвоның баспасөз қызметі.