Осы межеге жету үшін елді мекендерге тиісті инфрақұрылымды жеткізу бойынша жоспар бекітіліп, жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі таңда қала тұрғындарын орталықтандырылған сумен жабдықтау көрсеткіші 95,6%-ды құрайды. Яғни, қаладағы 81 елді мекеннің бесеуі кестемен, жетеуі тасымалды ауызсумен, ал 69-ы сапалы ауызсумен қамтамасыз етілген.
«Осы жылы 3 магистралды су құбыры, тасымалды суды пайдаланатын 7 елдімекен және ауызсу кестемен берілетін 2 елдімекеннің құрылысы аяқталып, 25,6 мың адам сапалы ауызсуға қол жеткізеді. Нәтижесінде, қамтылу көрсеткіші 98 пайызға өседі», деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Шымкент қаласының Солтүстік Батыс бөлігінде орналасқан елді мекендерді ауыз сумен қамту мақсатында жалпы ұзындығы 30 шақырымнан астам болатын үш магистралды суаққының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Аталған магистралды су құбырының құрылысы аяқталса Асар-2, Достық, Солтүстік саяжай, Ынтымақ, Ынтымақ-2, Батыс, Қызылжар, Игілік, Жаңаталап, Тәуелсіздікке 20 жыл, Көкбұлақ тұрғын алаптары, яғни онда тұратын 50 мыңға жуық тұрғын толыққанды сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда.