Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңындағы мерекелік шаралар барысында қиын-қыстау кезеңдегі майдан мен елдегі жағдай еске алынып, оның қаһармандарының аттары аталып, рухына тағзым етілуде. Ал көзі тірі ардагерлерге айрықша құрмет көрсетілуде. Сондай берекелі басқосулардың бірінде әңгіме арнасы алдымен әр тарапқа тартып, ендігі кезекте кезінде облысты басқарған кісілер жайына ойысқандай еді.
Сол тұста сонау сұрапыл соғыс жылдары облыстың бірінші басшысы болған Рахымбай Төлебаевтың аты аталып қалды. Ортақ әңгіменің ортасында ойын оздырып отырған ағалардың бірі:
– Жас еді, жалынды еді, – деп өзекті әңгімеге тамызық тастағандай болды. Оны осындағылар жамырасып, қызу қолдап кеткен еді.
– Рахымбайдың облыс тарихында өзіндік орны бар.
– Оу, жан алып, жан беріскен соғыс жылдары ел басқару оңай болып па?
– Не айтатыны бар, сайыпқыран еді ғой.
– Оны білетіндер азайып қалды-ау.
– Рахымбай Төлебаевты Сыр елі ұмытпауы керек...
Осындай ой-пікірлер бір қауым уақыт айтылып барып, толастағандай тұста маған салмақ салынғандай еді.
– Газетте істейсің, қолыңнан келеді, жарқыратып жаз, – деді осындағының жасы үлкені. – Мына мерекелі күндері аяулы азаматтың есімі ел құлағына жетсін.
Байлам осы болды. Ойлаған кісіге бұлардың айтып отырғандары да орынды секілді. Өткен өмірді, оның өрге сүйреген өрелі азаматтарын ұмытуға болмайды. Бұрынғының сабақтары болашаққа қажет. Кемелді келер ұрпақ одан керегін алар, жақсысын жаратар....
Сонымен неден бастау керек? Ойыма “Сыр бойы” (бұрын “Ленин жолы”) газетінің бұрынғы бас редакторы Нұрділда Уәлиев ағамыз оралды. Нұрекең кезінде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы облыс баспасөзінен кандидаттық диссертация қорғаған. Оның бер жағында ол кісінің Рахымбай Төлебаев туралы айтқандарын құлағымыз шалған. Өкініштісі, тұсында бәлендей мән бермеппіз. Нұрекеңнің үйіне телефон шалып едім, жеңгей көтерді, ағамыздың ауырлаңқырап отырғанын айтты.
Амал жоқ, газет тігінділерін, мұрағат құжаттарын аударыстыру басталды. Сәтіне орай, Нұрекеңнің осыдан оншақты жыл бұрын Сабыр Арыстанбаевпен бірігіп жазған мақаласы алдымен қолға түсті. Ағамыздың көңілі дұрыс екен деймін өзім де көңілденіп, тынысым да ашылғандай болып...
Нұрділда Уәлиевтің жазбаларынан
Біз әңгіме еткелі отырған азамат Рахымбай Төлебаев облыстық партия ұйымының жетекшілігіне соғыс басталардан бір жылдан астам бұрын – 1940 жылдың ақпанында келіпті. Сонда ол отызға да толмаған екен.
Сонымен, Р.Төлебаев кім еді? Ол Қазақстанның шығысында – Ұлан ауданындағы Қызылтас ауылында дүниеге келіпті. Әкесі бүкіл өңірге белгілі пеш ұстасы екен. Алайда, өз отбасының, оған қоса ерте қайтыс болған аға-інілерінің алты жаны қосылып, тапқаны тамағына жетпей бір қора жан қиыншылықтың небір азабын тартқан. Бала кезінде ол өзіне деп арнап тігілген бір киім кимей өсіпті. Жазда егін екті, мал бақты. Ол 1925 жылы бірінші мектеп есігін 15 жасында ашып, Ұландағы орыс орта мектебінің екі класын бітірді. Араға екі жыл салып Өскемендегі төрт класты қазақ мектебінде екі жыл оқыды.
Осыдан кейін Рахымбайдың нағыз еңбек жолы басталады. Ол Риддер руднигінде жұмысшы болып істеп жүріп, осындағы фабрика-зауыт училищесін бітірді, комсомол қатарына өтті. Қоғамдық жұмыста көзге түскен жас жігіт көп ұзамай қорғаныс зауытының кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасарлығына, онан кейін зауыт директорының орынбасарлығына жоғарылатылады. Мұнда ол кәсіпорынды қазақ жастарымен нығайту жөнінде айрықша қимыл танытты. Ол арнайы тапсырмамен қазақ арасын аралап, Қу ауданынан Риддерге 150 қазақ жасын әкелсе, өзінің туып-өскен Ұлан ауданынан 100 қаракөзді әкеліп, өндіріске орналастырады.
1932 жылдың қазан айында жас коммунист әскер қатарына шақырылады. Алматы қаласындағы қазақ ұлттық атты әскер полкіне келген ол полк мектебіне жіберіліп, мұнда мектептің портбюро хатшысы болады.
Әскери міндетін өтегеннен кейін Рақаң Лениногорға қайта оралып, қалалық партия комитетінің нұсқаушысы болып қызмет атқарады. Осы қызметте жүріп көзге түскен жас жігіт 1936 жылы Алматыдағы қазақтың марксизм-ленинизм институтына тыңдаушы етіп жіберіледі. Онда екі жыл оқып, қабілеттілік танытқан Р.Төлебаев Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетіне үшінші хатшы етіліп жіберіледі. Араға аз уақыт салып, ол осы комитеттің екінші хатшысы болады. Сол 1938 жылы Меркі сайлау округінен республика Жоғарғы Кеңесіне депутат болады...
Нұрділда Уәлиевтің естелігінен алған үзіндіні осымен тәмамдап, оны енді Рахымбай Төлебаевтың мұрағаттан табылған, өз қолымен жазылған өмір дерегімен жалғастырайық.
Төлебаевтың төл жазбаларынан
...1940 жылдың ақпанында Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті мені Қызылорда облысына жұмысқа жіберді. Мұнда мен 1945 жылдың қараша айына дейін облыстық әрі қалалық партия комитеттерінің бірінші хатшылығы қызметтерін қоса атқардым... Қызылорда облысы негізінен күріш өсірумен айналысады. Күріштің суда тұрып, суда ғана өсетіні белгілі. Көктемгі егіс жұмыстарының жағдайымен айналыса бастағанымызда, су мұқтаждығы алдымыздан шыға келді. Бар судың өзінің деңгейі күннен күнге төмендеп бара жатты. Өзбек ағайындар осының алдында ғана Сырдың жоғарғы ағысынан Үлкен Ферғана жармасын салып, өзенге көптеген бөгеттер орнатқан екен. Олар суды өз керегінше жұмсап, мәре-сәре болып жатты. Қызылорда облысында қолдан қазылған арық-жармалардың көбісі дария суынан бір-екі метр жоғарыда асылып қалған. Пайдасыз су оның арнасында көзді қызықтырып, жарқырап ағып жатыр.
Не істеу керек, бұл қиыншылықты қалай жеңу керек? Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет осы еді. Мұнан шығудың бір жолы Қараөзекті байлау деп шештік. Бұл ойымызды іске қоссақ Сырдария, Тереңөзек және Жалағаш аудандарының көп шаруашылықтары сумен қамтамасыз етілер еді, әрі жаңадан тың жерлер игеруге де мүмкіншілік туар еді.
Сонымен, мамыр айында Қараөзек бөгетінің құрылысына кірістік. Қараөзек арнасын байлау үшін ұзындығы 50 метр, биіктігі бес метрлік бөгет соғып, оның бір метрлік табанын күйген кірпішпен бекіттік. Күрішті себу мерзімі де өтіп бара жатты. Біз екі жағалаудан қазылатын оралтпа жарманы да әзірлеп болмағанбыз. Сол түнде-ақ еңбегіміз зая кетті. Сырдың жойқын суы таңертең біздің бөгетімізден жұрнақ та қалдырған жоқ. Бұл оқиға қарадүрсін әрекетімізден түк шықпайтынын көрсетті.
Әбден абыржыдық. Барлық мамандар, егіншіліктен тәжірибесі бар деген адамдар, аудан басшылары ақылдаса келе Қызылорда бөгетін салу керек деген тұжырымға келдік. Бөгет құрылысы іске асса Сырдария, Тереңөзек, Жалағаш және Қармақшы аудандарының шаруашылықтарын түгелдей сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілетін еді. Соның өзінде Жаңақорған, Шиелі және Қазалы аудандарының колхоздары егістік сумен қамтамасыз етілмей қалатын.
Ақылдаса отырып, көп маманды ертіп Алматыға бардым. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы А.Н.Скворцов, Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Оңдасынов бізді тыңдап болғаннан кейін өзінің қорытындысын беру үшін Мемлекеттік жоспарлау комиссиясына тапсырма берді. Мемжоспарком мен Су шаруашылығы халық комиссариаты біздің қатысуымызбен Қызылорда бөгет құрылысының техникалық-экономикалық тиімділігін негіздеп тұжырымдама берді.
Мәскеуден оралған А. Скворцов И.В. Сталинмен жолыққанда бірінші мәселе етіп Қызылорда бөгетінің құрылысын қойғанын мәлімдеді. Сталин Мемжоспарком мен КСРО Жер халық комиссариатына Қызылорда бөгетін салу туралы БК(б)П ОК мен КСРО Халық комиссариаты кеңесінің қаулысының жобасын әзірлеуге тапсырма беріпті. Бұл хабар облыс еңбекшілерінің рухын көтеріп тастады.
1940 жыл Қызылорда облысы үшін ауыр жыл болды. Сырдария суы күрт түсіп кетті, көп көлемдегі күріш егістігі судан қалды. Әсіресе, Шиелі ауданының жағдайы қиындады. Қызылорда облысын сумен қамтамасыз ету мәселесі БК(б)П ОК-нің пленумында әңгіме болып, КСРО Жер халық комиссарының орынбасары Рогов бастаған комиссия құрылып облысқа келді. Комиссия қанша тырысқанымен, оның жұмысынан онша нәтиже шыға қоймады.
Осындай жағдайда Шиелі жармасын халықтық әдіспен салу туралы шешім қабылданып, Орталық партия комитеті мен республика Халық комиссарлары кеңесінен рұқсат сұралынды. Бұл екі жоғарғы органының жарма құрылысын салу жөніндегі арнайы қаулысы 1940 жылдың 7 қыркүйегінде қабылданды. Бұл қаулы бойынша құрылысты 45 күн ішінде аяқтау межеленді. Қаулыны жүзеге асыру мақсатында обком, облыстық атқару комитеті қабылдаған қаулыда құрылысты 5 қазанда бастап, 25 қарашада аяқтау көзделінді. Жарманың ұзындығы 103 километр, саға жағының ені 25 метр болып белгіленді. Жарма құрылысы темір жолдың екі жағымен де жүретіндіктен, ол барлық колхоздарды егістік сумен қамтамасыз ететін болды.
Жұрт жанқиярлықпен жұмыс істеді. Моторлы экскаваторларға қарағанда жарма табанынан топырақты сыртқа көп шығарған колхозшылардың қимылын таңғажайып ерлік деп қалай айтпассыз!
Жұртты ынталандырудың талай түрлері ойластырылды. Сөйтіп, жарма құрылысын мерзімінен бес күн бұрын 40 күнде аяқтадық. Республиканың басшы органдарына жеңісімізді баяндап, оның республиканың 20 жылдық тойына тарту еттік.
Шынында, бұл жарманың облыс, республика үшін маңызы қалай айтса да сыятындай еді. Бізді осы жеңісіміз қайраттандырып, енді Қызылорда бөгетінің құрылысын қайта әңгіме ете бастадық. Мәселені қайта қозғадық. Біздің өтінішіміз ескеріліп, 1940 жылдың қарашасында БК/б/П мен КСРО Халық комиссарлары Кеңесі Қызылорда бөгетінің құрылысын бастауға рұқсат берген қаулы қабылдады. Қаулыны алысымен дайындық жұмысына кірісіп те кеттік. Құрылыстың бастығы болып бұрынғы Су шаруашылығы халық комиссары А.Бектасов тағайындалды. Күтпеген жерден үмітіміз үзілді. Көп ұзамай сұрапыл соғыс басталды да кетті...
Рахымбай Төлебаевтың өз жазбалары осылай дейді. Ал Ұлы Отан соғысы жылдарындағы облыстың тыныс-тіршілігі қандай еді? Ендігі сөз сол жайында.
Облыс отан соғысы жылдарында
Ұлы Отан соғысы басталғанда егін, мал шаруашылығы шайқалып тұрған облыстың бас-аяғын жинап, өндірістен қол үзбей қысқа мерзімді курстарда адамдар даярлау, майдан өрті шарпыған жерлерден күн сайын көшіп келіп жатқан мыңдаған жалаңаш-жалпы, аурулы-сырқаулы адамдарды жұмысқа орналастыру, оларға баспана, тамақ тауып беру, жаңадан өндіріс орындарын ашу оңай шаруа емес еді.
Дәл осындай қиыншылық жағдайда облыста “Қандыарал”, “Сұлутөбе”, “Жетікөлжарма”, “Шіркейлі”, “Аюшығанақ” жармалары қазылып, оң жақ, сол жақ Қазалы жармалары салынды. Қызылорда қаласының бүгінін, келешегін ойлап, оның ортасынан қаланы гүлдендіру, көркейту мақсатында қалалық жарма жүргізілді.
Соғыстың алғашқы күндерінен бастап қыздардан механизаторлар курсы ұйымдастырылды. Облыстың 700 қызы автомобиль, трактор, комбайндарды меңгеруге аттанды. Су шаруашылығына арнап Қызыл Армия қатарына шақырылмайтын адамдар құрамынан 612 маман даярланды. Мұның 160-ы әйел еді.
1941 жылдың соңына дейін ғана облыс аумағына эвакуациямен 36546 адам көшіп келді. Олардың ішінен жұмысқа жарайтын 18 мың адам еңбекке орналастырылды. Қазақстанға көшірілген 142 кәсіпорынның 11-і Қызылорда қаласына орналастырылды.
Соғыстың екінші жылының басынан қарқын алған облыс экономикасының барлық саласы сол қарқыннан түскен жоқ. Соғыстың алғашқы үш жылында соғыстан бұрынғы үш жылғымен салыстырғанда облыс мемлекетке 465 мың центнер астықты артық тапсырды. Отан қорғау қорына астықты артық тапсырып қана қоймай, оның үстіне жаудан тазартылған жерлердің халқына көмектесті. Осы жылдары аты шыққан диқандар Ыбырай Жақаевтың, Ким Ман Самның, ұжым басшысы Досан Елеусізовтің, Қашақбай Пірімовтің есімдері кейінірек бүкіл елге тарап, егіншіліктің туына айналып кетті.
Облыстық ұйымдардың бастауымен соғыс жылдарында төлдейтін әрбір 100 аналықтан 119 қозы, 79 бұзау, 78 құлын, 46 бота алынды. Облыс мал өсіруден, төлдейтін мал санын арттырудан, жемшөп қорын жасаудан бірнеше рет республикада алдыңғы орындарды жеңіп алды.
Соғыс кезіндегі үш жылда /1942-43-44 жылдар/ мемлекеттік және қорғаныс қорына мал өнімдері, мал терісі оның алдындағы үш жылдағыдан анағұрлым артық тапсырылды. Соның өзінде барлық түлік бойынша мал саны артты. Облыс малшылары осындай жанқиярлық еңбектерімен КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитетінің Ауыспалы қызыл туын жеңіп алды.
Облыс жұртшылығы талай патриоттық істердің бастаушысы бола білді. Сол үшін Мемлекеттік қорғаныс комитетінен 11 рет алғыс алды. Соғыс жылдарында Қызылорда облысы өзінің еңбек көрсеткіштері бойынша республиканың алдын берген жоқ. Қызылордалықтар майдан далаларында да ерлікпен шайқасты.
Осы жұмыстардың бәрінің басы-қасында басшы әрі ұйымдастырушы ретінде Рахымбай Төлебаев жүрді. Ең бастысы, оның жұмысынан із қалды, ел аузында аты қалды. Осы күннің өзінде Сыр бойында ертеректе салынған маңызды су құрылыстары әңгіме бола қалса, облыстың қиын кездегі басшысы Рахымбай Төлебаевтың аты аталмай қалмайды.
Қызылорда облысының өміріндегі ең маңызды іске асырылған Қызылорда плотинасының құрылысы болды. Соғысқа дейін БК (б)П ОК мен КСРО Халық комиссариаты кеңесінің осы жөнінде қабылдаған қаулысы сұрапыл соғыс салдарынан тоқтап қалған болатын. Мінекей, осы құрылыс 1945 жылдың 8 сәуірінде қайта жалғасты.
Плотинаның ашылу салтанатында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Р.Төлебаев сөйлеген сөзінде:
– Жолдастар! Өздеріңізге мәлім, Қызылорда облысы плотинасының құрылысы 1941 жылы басталмақшы еді, неміс басқыншыларының елімізге шабуыл жасауына байланысты кейінге қалдырылған болатын. Содан бері қарай аса қиын кезеңдерді бастан өткізіп, бүгінде соғыс жағдайы мүлдем өзгерді, жау өз үңгірінде талқандалуда. Қазір құрылысты бастауға мүмкіншілігіміз мол, сондықтан оны бастағалы отырмыз. Құрылысты Қазақ КССР-інің 25 жылдық ұлы тойына бітіруіміз керек, – деген болатын.
Бұл арман орындалып, плотина құрылысы уақтылы бітіп, Қызылорда облысы экономикасының қарыштап дамуында плотинаның үлкен рөл атарғанына ел куә.
Қиыншылық кезде ел басқарған қоғам қайраткерлерінің еңбегін Отаны кезінде жоғары бағалады. 1940 жылы Р.Төлебаев Қазақ КССР-інің 20 жылдығына байланысты “Құрмет Белгісі”, 1944 жылы Отан соғысы, 1945 жылы “Қызыл Жұлдыз” ордендерімен марапатталды. Оларға қоса бірнеше медальдармен, Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамоталарымен наградталды. Ол кісі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып бірнеше рет сайланды. Бұл оның Қызылорда облысына, еліне жасаған еңбегінің нәтижесі еді.
Естелік дерек бүй дейді
Облыс басқарған жылдарда Рахымбай Төлебаев, әрине, көп кісілермен кездесті, көп адамдармен қызмет бабында аралас-құралас болды. Бұл күнде олардың көбісінің көзі жоқ, бары да некен-саяқ. Солардың бірі – Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықов ағамыз былайша сыр шертеді:
– Ұлы Отан соғысы жылдарында Бірінші Беларусь майданының №1 Брест атқыштар дивизиясында болдым. 1944 жылдың қыркүйек айында әскерге азық-түлік әкелу үшін үш жауынгерді Қазақстанға жіберді. Бізді республика Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Д.А.Қонаев қабылдады. Мән-жайға қаныққан соң Димекең бізге бес күнге туған ауылдарымызға барып қайтуға рұқсат берді. Ауылдан оралсақ, әскерге Қызылорда облысынан 60 тонна ақ күріш пен 40 тонна кепкен балық бөлінетін болып шешім шығарылыпты. Сонымен Қызылорда қайдасың деп жолға шықтық.
Қызылордаға келсек облыс әкімі Рахымбай Төлебаев Шиелі ауданында іссапарда жүр екен. Обком қызметкерлері телефон арқылы байланысқанда, ол бізді өз үйінде қонақ етуді тапсырды. Не керек, содан бізді Төлебай ақсақал қарсы алып қонақ етті. Рахымбайдың келіншегі ерінің жоқтығын білдірмей, қалтқысыз қызмет жасады.
Ертеңіне Рахымбай бізді арнайы вагонмен Шиеліге алдырып, күтіп алды. Соғыста жүрген сарбаздар – біздерге ерекше құрмет көрсетілді. Пойызды он алты атқа мінген, ұлттық киім киген он алты қыз құрметпен күтіп алып, “Қызылту” колхозына бастады. Сонда қонақ болдық. Сол жолы Ыбырай Жақаевпен кездестік, ол кезде ол егіс бригадирі екен. Ертеңіне Шиелінің шығыс беткейіндегі “Шәулімші” деген жерде Октябрь революциясының 27 жылдығына арналған мереке болды, оған біз де қатыстық.
Рахымбай Төлебаев ағамыз бізді солайша ыстық ықыласпен қарсы алып, қимас көңілмен шығарып салды. Біз майданға мол байлықпен оралдық. Сол бір сәттерді күні бүгінге дейін мен қимастық сезіммен еске аламын...
Халық жазушысы осылай дейді.
Міне, Рахымбай Төлебаевқа қатысты осы тектес деректерді әлі де жалғастыра беруге болады. Дегенде осымен шектелгенді жөн көрдік. Ойлы оқырман біз жинақтаған азды-көпті естеліктер мен құжаттарға көз жүгірте отырып, сонау сұрапыл соғыс жылдары Сыр елін басқарған айтулы азамат, білікті басшы хақында ой түйер, жадын жаңғыртар, керек-ау дегенін кейінгіге ғибрат етер деген ниеттеміз.
Сөз соңы
Рахымбай Төлебаев Сыр елі үшін тер төгіп, аянбай, талмай еңбек етті. Алдымен айтарымыз, ол облысты басқарған тұста аймағымызды суландыру бағытындағы үлкен шаралар іске асырылды. Атап айтқанда, Шиелі, Шіркейлі каналдары халықтық асар әдісімен қазылды, Сырдария өзеніне Қызылорда плотинасын салуға мемлекеттік жоғарғы органдардың беті бұрылып, арнайы шешім шығарылды. Аталған каналдар мен плотинаның игілігін Сыр елі өз қажетіне жаратумен келеді.
Сонау сұрапыл соғыс жылдары облыс жұртшылығы тылда ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, мемлекеттік міндеттемелер мен тапсырыстарды үнемі орындап отырды. Еңбекшілердің күш-жігері жеңісті жақындатуға жұмылдырылды, отаншылдық рух тасқындай түсті. Ыбырай Жақаев, Қашақбай Пірімов, Досан Елеусізов сынды патриоттар жеке қаржыларын Отан қорғауға жұмсады. Осының баршасы, әрине, өзінен өзі жүзеге асқан жоқ. Басшы мен қосшының бірігіп жұмыс істеуі, оны қалың бұқараның қолдауы арқасында жүзеге асты. Қиын-қыстау кезеңдегі ауызбіршілікпен атқарылған айбынды істер мен білікті басшылық елді соғыс шырғалаңынан шығарды. Соның басында болған, басшылық еткен Рахымбай Төлебаев секілді ерлердің есімін мерейлі мерекелер тұсында айрықша атаған орынды деп есептейміз. Оның үстіне биылғы жылы оның туғанына 100 жыл толып отыр.
Қазіргі таңда Рахымбай ағаның бір ұл, төрт қызы (Марат, Света, Бақыт, Үміткүл, Сәуле) Алматы қаласында халық шаруашылығының сан саласында табысты еңбек етіп, өсіп-өніп жатыр.
Әскербек РАХЫМБЕКҰЛЫ, журналист.
Қызылорда облысы.