Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Семейге барған сапарында «Полигон зардабын тартқан азаматтарға жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажет. Үкіметке полигон аумағындағы халыққа берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын», деген еді. Содан бері Шығыс жұрты Президенттің тапсырмасынан нәтиже шығады деген үмітте.
Жуықта «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясына полигон зардабын тартқан әскерилерге әлеуметтік көмектің көрсетілу-көрсетілмеуі жөнінде «Айрықша тәуекелді ардагерлер» ҚБ төрағасы Ержан Дүйсенбаев бастаған бір топ азаматтан хат түсті.
«Сіздерге 1949 жылдан бастап Семей ядролық сынақ полигонындағы жарылыстар тоқтағанға дейін, осы қауіпті аймақта мерзімді әскери борышын өтеген ардагерлер қауымы хат жолдап, қолданыстағы заңнамадағы өздеріне қатысты жазылған кейбір тұжырымдардың қарама-қайшы тұстарына түсінік берулеріңізді талап етеді», деп басталған хат мәтінін толық назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
«Шынын айту керек, СЯП-та әскери міндетін өтеген сарбаздарымыздың мәртебесі күні бүгінге дейін қолданыстағы заңдарымызда нақты көрсетілмеген. Соның салдарынан оларда күні бүгінге дейін, сонау Ленинград қоршауында болған, тіпті соғысты айтпағанда, оқ-дәрінің иісін иіскеп, қолына қару ұстап көрмесе де кеңестік жүйеде бір саланы ұзақ жылдар бойына басқарғаны үшін мемлекеттің ерекше қамқорлығын көріп, жеңілдігін пайдаланып отырған басшылардың мәртебесіндей мәртебе жоқ.
1949 жылдан 1990 жылға дейін Үкіметтің бұйрығымен 18 бен 20 жастағылар денсаулығымызға қауіп төндіре отырып, ядролық жарылыстың зардаптарын жойып, әскери борыштарымызды өтедік. Бүгінде Семей ядролық полигонының ең жас ардагері 50 жастан асқан. Әсіресе 50 жылдан кейін ядролық сәулеленудің адам ағзасына әсері қаншалықты қауіпті екенін бәрі біледі. Алайда Семей ядролық полигонының ардагерлері мемлекет тарапынан еш қорғалмаған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «тікелей» деген сөздің жоқтығын алға тартып, анықтамаларымызды қабылдамайды. Әскерге шақырылып, қызмет еткен сарбаздар үнемі сол жерде ядролық жарылысты сынауға тікелей қатысты. Әлеуметтік қамсыздандыру органдары «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық музейі өкілінің әскери бөлімдерде нақты әскери қызмет етуі әскери билетте көрсетілген және оны архивтік анықтамамен растаудың қажеті жоқ» деген уәжін ескерер емес. Семей ядролық полигонының ардагерлері Отан алдындағы борыштарын орындағанымен, Үкімет пен мемлекеттің қолдауына мұқтаж.
Сонымен, СЯП-та әскерде болғандар деп отырғанымыз кімдер? Былтырға дейін қолданыста болып келген «Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен оларға теңестірілген тұлғаларды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 сәуірдегі №2247 Заңында да, былтыр қабылданған «Ардагерлер туралы» заңда да СЯП-та әскери қызметте болғандар туралы нақты еш нәрсе айтылмайды. 1995 жылғы 28 сәуірдегі «Соғыс мүгедегі мен қатысушысының және оларға теңестірілген тұлғаларға кепілдендірілген жеңілдіктер берудің мәртебесін анықтау туралы» заңның 10-бабында «...Чернобыль АЭС-тегі және тағы да басқа азаматтық, әскери нысандардағы радиациялық апатты жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тікелей қатысқандығы және жарақат алғандығы мен мүгедектігі туралы сот-медициналық сараптамасының қорытындысы бар» деп жалпылап ғана көрсетілген. Біздіңше, атқарушы билік пен заң шығарушы орган СЯП-та әскери қызмет етіп, денсаулығынан айырылып, мүгедек болғандарға қазынадан төленетін өтемақыны үнемдеу үшін қаптың аузын қысып ұстап, осындай қитұрқы әрекетке барған тәрізді. Күні бүгінге дейін семейлік сарбаздардың жолына «бүк түсіп жатып алып, аяқтарынан шалатын» осы анықтама қаншалықты заңды?
Ұлы Отан соғысы кезінде бұратана халықтар арзан жұмыс күші ретінде пайдаланылған «жұмысшы батальондарының» Кеңес заманында «құрылыс батальондары» деп аталатын көшірмесі көп болды. Мұндай әскери құрамаларға, негізінен, қолдарына қарудың орнына күрек, қайла ұстайтын, барынша қауіпсіз Орта Азия халықтарының өкілдері мен оның ішінде жергілікті қазақтар көп шақырылды. Қазақстан Үкіметі заң шығару барысында олардың санының көптігі мен мемлекет тарапынан полигонда мерзімді әскери борышын өтегендерге төленетін өтемақы көлемінің шығынын есептеп, осындай қисынсыз әрекетке барып отырған тәрізді. Рас, олар жарылыс сынақтарына тікелей қатыспаса да сол аумақтағы ауаға тараған умен тыныстап, жерасты шахталарында құрылыс жұмыстарын жүргізді. Тіпті жарылыстан кейін радиациялық қалдықтарды тасуға қатысқандарының әскери билеттеріндегі «айрықша белгілері» деген тұсына «сынаққа қатысқан» деген мәлімет те жазылмаған. Сол 1949 жылдан бастап әскерде болғандардың алды қазір бұл дүниеде жоқ. 1970-1980 жылдар аралығында полигонда қызмет еткендердің қатары да сиреп кеткен.
Әділдікті ту етсек, заңнамада көрсетілген мерзім аралығында СЯП-та әскери борышын өтегендерге қандай әскери бөлімде қызмет атқарғанына қарамастан ардагер мәртебесі берілуге тиіс. Ол үшін ең алдымен СЯП-та әскерде болғандардың мәртебесін заңдық тұрғыдан анықтап алуымыз керек. Өкінішке қарай, әзірге СЯП-та әскерде болғандар жөнінде былтыр қолданыстан шығып қалған 1995 жылғы 28 сәуірдегі № 2247 Заң мен «Ардагерлер туралы» Заңда да ұшынан ұстатпайтын жалпылама сөзден басқа түк те жоқ. Заң шығарушы орган оларға төленетін өтемақының мөлшері мен жеңілдіктер жасауға жұмсалатын қаражаттан жалтарып, жалпы қауіпті аймақ тұрғындарымен теңестіріп жіберген. Одан әрі заң «1966 жылдан 1990 жылғы 1 қаңтарға дейінгі аралықта жерасты ядролық жарылыстарын жасау кезеңінде осы аумақтарда тұрған, жұмыс істеген немесе әскери қызмет (соның ішінде мерзімді) атқарған азаматтарды ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтар санатына жатқызған. Қарап отырсаңыз, осы екі заңда да қисынға келмейтін қарама-қайшылық көп. Неге заң шығарушы орган сол аймақтарда тұрғандар мен әскери міндетін өтегендердің мәртебесін теңестіріп жіберген? Бұл – ақылға сыймайтын нәрсе.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің бағдарламада төрт негізгі басымдық бар. Әр азаматқа өз мүмкіндіктерін іске асыруға тең мүмкіндіктер беріңіз. Мемлекет шынымен мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсетуі керек. Ең бастысы – әлеуметтік әділеттілік», деген еді.
«Біз, ардагерлер қауымы заң шығарушы органның СЯП-та әскерде болғандарды Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтардың қатарына қосып жіберуін барып тұрған әділетсіздік және мерзімді борышын өтегендердің конституциялық құқығын шектеу деп түсінеміз».
Ардагерлердің айтайық деген ой-пікірлерінің тоқетері: Семей аумағында тұрған азаматтар мен онда әскери борышын өтегендердің мәртебесі заңдық тұрғыдан ажыратып көрсетілуі керек.
Шығыс Қазақстан облысы