Қазақстан • 27 Тамыз, 2021

Тәуелсіз елдің дара жолы

175 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстанның тәуелсіздік алған тұста қабылдаған маңызды шешімдерінің бірі ядролық қарудан бас тарту мәселесіне қатысты болғаны мәлім. Осылайша, егемен ел тарихының алғашқы парақтарына осы бір игі бастама айшықтала жазылды. Жаңадан тәуелсіздікке қол жеткізген мемлекеттің халықаралық аренадағы бейнесі осы бір шешіммен тығыз байланысты.  

Тәуелсіз елдің дара жолы

Мемлекеттер басшыларының шешімі мен әрекеті сол елдің халықаралық қоғамдастық ал­дын­дағы сыртқы бейнесін айқын­дайтын бірден-бір қадам екені анық. Әсіресе жаңадан егемен­дігіне қол жеткізген мемлекет үшін өзін жақсы қырынан таныс­ты­ру аса маңызды. Ал­ғашқы оң­тайлы шешімдердің мемле­кет­тің болашағына, өзгелермен қарым-қаты­насына тікелей жақсы әсер ететіні бар. Осы орайда Қазақ­станның қазіргі беде­лі мен тәуел­сіздіктің алғашқы жыл­дары қабылданған шешімдерінің ара­сын­­дағы байланысты бірден бай­қауға болады. Мұндай мүм­кін­дік бір-ақ рет беріледі. Ал оны қалай пайдалану – елдің тізгі­нін ұстаған азаматтардың енші­сінде. Қазақстанның Орталық Азия аймағы мен посткеңестік кеңіс­тіктегі, халықаралық аренадағы ор­нын айқындаған тарихи шешім­дердің бірі – Елбасының әлемдегі төртінші ірі ядролық қарудан бас тартуы болғаны хақ. Бұл қадамның дұрыстығын тарих та растап отыр.

АҚШ-тың беделді The Times немесе Johnson city press, Chicago Tribune, The News Journal, Los Angeles Times секілді басылымдарында 90-жылдардың басында жарияланған материалдарға көз жүгіртсек, КСРО ыдырағанда тәуелсіздік алған елдердің арсена­лында қалған ядролық қарудың көле­мі мен оның қаупі ту­ралы көпте­ген материалға кезігесіз. Сол кез­дегі күрделі жағдайда тәуел­сіз­дігін жаңадан алған елдердің бұл қаруды қалай қолданатыны толғантып, сескенген Батыс жағдайды жіті қадағалап отыр­ды. Associated Press авторлары 1992 жылы 14 маусымда Johnson city press газетінде жария­лаған материалда Украи­на мен Қа­зақстанның иелігіндегі ядро­лық қару Батысты ғана емес, Ресейді де алаң­дататынын жазған. Сондай-ақ Қазақ­станның Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың Ва­шинг­тоннан Ресей, Қытай не­ме­се АҚШ-тың ядролық шабуылына қар­сы кепілдік сұрағаны айтылған. Мұн­дай талапты Украина тарапы да қойған екен.

The Atlantic басылымы халық­аралық назар Солтүстік Корея мен Иран­дағы ядролық бағдар­ламаларға бағыт­талған­дықтан, аз талқыланатын Азия елі – Қазақ­стан ядролық қарусыз әлем құру мәсе­ле­сінде көшбасшыға айналғанын жазады. Бұған 2013 жылы елде Иранның ядролық мәселесіне қа­тысты өткен халықаралық келіссөздер де дәлел бола алады. Қа­зақ­станның ядролық қару­ға қарсы күрес сала­сындағы көшбасшылық рөлі одан бас тарту туралы шешіммен айқындалады. Еліміз ұлттық қауіп­сіздікке, адамзат пен бүгінгі өрке­ниетке төн­ген басты қауіппен кү­рес­те халықаралық ұйымдармен бір­лесе отырып, өз мысалында яд­ро­лық қарусыз әлем құру идея­сын белсенді түрде насихаттап келеді.

2017 жылы The Hill басылымында жа­рия­ланған мақалада автор Ариэль Коэн Қа­зақстанның ядролық қарудан бас тар­туы символдық қадам ғана емес, елдің брен­діне айналғанын мәлімдеген. Ра­сында Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бас­тап өзінің сыртқы саясатында бейбітшілік пен татулықты ту ететінін көрсетіп келеді. Ядролық қарудан азат әлем құру мақсатына зор үлесін қосып келеді.

Жоғарыда жарияланған материалда Солтүстік Корея мен Иранның ұста­ны­мына балама ретінде Қазақстанның үлгісі келтірілген екен. «Пхеньян мен Теге­ран сабақ алып, ядролық қару­ды бейбіт мақсатта қолдануды қарас­тыруы керек. Оны жүзеге асы­руға болады. Екі жарым он­жыл­­дықтан астам уақыт бойы Ресей мен Қытайға көршілес елдің Пре­зиденті үлгі көрсетіп келеді. Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев Кеңес Одағы ыды­рағаннан кейін иелігінде қал­ған ядролық қарудан бас тарту туралы шешім қабылдап, ядролық қаруды таратпау мен қарусыздану жолын ұстануды жалғастырып келеді», делінген мақалада.

Сондай-ақ Кеңес Одағы ыды­ра­ғаннан кейінгі саяси және эко­но­микалық тұрақ­сыз­­дықта Қа­зақ­стан басшылығының ауқым­­ды ядролық арсеналды бас­қару мәсе­лесі күр­делі болғаны айтылған. Болашағы белгі­сіз тарихи ке­зеңде Н.Назарбаев саяси және экономикалық шығындарды тара­зы­лап, ақырында ядролық қарусыз бола­шақты таңдап, тәуекелге бел бууды шешкен-ді.

Басылым Н.Назарбаев ядролық қару­сыз­дануды қабылдап қана қоймай, оны өз елінің брендінің бір бөлігіне айнал­дыр­ғанын жа­зады. «Қазақстанның жаңа ха­лық­аралық бейнесі қауіпсіз әрі жауапты ядролық саясатпен тікелей байланысты болды», деп жазды The Hill.

Байқағанымыздай, Елбасының бұл тарихи шешімі Қазақстанның халықаралық саясаттағы орнын айқындап қана қоймай, оның бі­тімгершілік қызметіне негіз болды.

Шетелдік басылымдардың бет­терінде қазақ даласындағы ядро­­лық қарудың қаралы ізін, алапат қасіреттің құрбаны бол­ғандар­дың ауыр тағдырын си­пат­та­ған материалдар да жиі кез­десіп жатады. Беделді басы­лым­­дар­дың бірі The Nature-де жария­­лан­ған «Кеңес Одағының ядро­лық күнәсі Қазақстанда тірші­лігін жал­ғастыруда» тақыры­бындағы ғылыми мақалада поли­гонның зардабы әлі күнге дейін жойылмағанын көрсететін көлемді материал жарияланған. Осы секілді оқиғалар Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту туралы шешіміне тереңірек үңілуге мүмкіндік бе­реді. Бұл бір ғана өңірдің не ұлт­­тың тағдыры емес, адамзаттың қасі­реті екенін көрсететін осы мы­­сал Қазақстанның ядролық қару­сыз әлем құрудағы әрекетіне назар аудару керектігін тағы бір дәлел­дейді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының 29 тамыз­ды Ядролық қаруға қарсы іс-қимыл­дың халықаралық күні деп бекітуі Қа­зақ­станның бастамасымен қабылданғаны белгілі. Атаулы күннің тарихына үңілген The Times журналы «БҰҰ жыл сайын Қа­зақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назар­­баев­­тың полигонды жабу туралы шешіміне орай Ядролық қаруға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнін атап өтеді» деп жазған.

1991 жылы 9 қыркүйекте The Times жур­налы аймақтағы ядро­лық қарудың болашағына алаң­даған Батыс елдері үшін Елба­сының Семей полигонын жа­бу туралы шешімі жақсы белгі еке­нін жаз­ған екен. «Семей сынақ алаңының 1991 жылы Кеңес Ода­ғының ыдырауы қар­саңында жабылуы символдық мәнге ие болды», деп жазды The Times журналы.

Әлемдегі ірі державалардың бірі – Кеңес Одағы ыдыраған тұс­та ядролық қарудың басым бөлігіне ие посткеңестік елдер­дің алдағы шешімі дүние жүзін алаң­датқаны түсінікті. Сол кезде Семей полигонының жабылуы зұл­­мат қарусыз бейбіт әлемнің алғашқы үміт-сәулесі болды. Осылайша, Елбасы Нұр­­сұлтан Назарбаевтың тарихи шешімі тәуел­­сіз Қазақ­станның болашағымен қатар, ха­лықаралық аренадағы беделі мен ор­нын айқындап берді деуге толық негіз бар.