Танымал актрисаның еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі қасиетті орындарды аралап, әулиелердің басына түнеген кезі болыпты.
– Мен қазақ даласын көрдім. Өмірімде табиғат көрінісінен тұңғыш рет ғажайып сезімге бөленген сәтім осы болды. Тау да, су да, орман да керемет стихия ғой. Ал дала стихиясының жөні бөлек. Біз жеткілікті мөлшердегі жылдамдықпен жүріп отырдық. Жол бойы қарайған тау, қылтиған ағаш көрмейсің. Ұшы-қиыры жоқ жазық дала. Айнала қоршаған көкжиекпен ғана бетпе-бет қаласың. Тақ бір мұхиттың табанында келе жатқандай керемет сезімге шомасың. Жап-жазық далада келе жатып кенет еңіске қарай құлдилай жөнелесің, – деп орман қызы дала көрінісін тамсана еске алады.
Иә, көз ашқалы көргеніміз осы болғандықтан, бізге дала таңсық емес. Құла түзде қызығарлық ештеңе жоқ. Тауға шықсақ немесе теңізге түссек, жанымыз сергіп бір жасап қалар едік деп ойлаймыз. Даланың саф ауасын, мөп-мөлдір өзен-көлін, дарқан кеңдігі мен мүлгіген тыныштығын теңізден, орман-таудан мезі болған немесе айқай-шуға толы үлкен мегаполистерден шаршаған ақшалы жұрт табиғаттың керемет бір ғажайыбы ретінде көретінін ескере бермейміз. Арлы-берлі толассыз ағылып жатқан көліктер мен пойыздардың терезесінен даланың келбетіне құр тамсанып қаншама Ириналар өтіп жатқанында шаруамыз жоқ. Қырға қызыққан жұрт көп. Соны көреміз де, «туризмді дамыту керек еді» деп қоямыз. Бірақ соның тетігін әлі күнге дейін дөп басып таба алмай жүрміз.
Алайда кейінгі кезде ішкі туризмді дамытуды қолға алып, қанатқақты жобаларын жүзеге асырып жатқан азаматтардың қатары көбейіп келеді. Мысалы, Торғайдағы көшпелі қонақүй жобасының авторы Амандық Әмірхамзинді алайық, біраз жылдардан бері көпшілікке Торғай төрінің тылсым табиғатын насихаттап, туристерді өңірге жетектегендей етіп әкеп жүрген елшіл азамат биыл «Жартоғай глемпингі» деген жаңа жобаны қолға алып жатыр.
– Негізі біз бұған дейін де «Тылсым Торғайға тур» деген жобаны қолға алып көргенбіз. Басты мақсатымыз – мүмкіндігінше өңірдің туристік әлеуетін ашып көрсету, Қостанай облысының тең жартысын алып жатқан Торғай даласында туризмнің дамуына ықпал ету. Енді жаңа ғана бастап жатқан жобамызға «Жартоғай глемпингі» деп ат қойдық. Глемпинг болған соң туристерге көрсетілетін қызметтің бәрі ішінде, демалушылар не қалайды, соның бәрі дайын әрі ыңғайлы болу керек. Қазір осы деңгейге жетуге ұмтылып жатырмыз, – деді Амандық Әмірхамзин.
Амандықтың көздегені – бұрынғы қазақ ауылының үлгісін қайта қалпына келтіру. 10-12 киіз үйден тұратын шағын ғана қазақы ауыл тұрғызуды ойластырып жүр. Қазірдің өзінде Жангелдин ауданындағы Жартоғайға 4-5 үй тігіп қойған. Үй саны алдағы уақытта сұранысқа қарай көбейе береді.
– Дүниежүзілік жануарлар дүниесі деген қор бар. Соның бір жарнамасын кездейсоқ көріп қалдым. Олар Қазақстандағы кәсіпкерлерге қорықтардан елу шақырым қашықтықтағы жерлерден экономиканың балама көзі бола алатын жобаларды ұсынады екен. Сол жобаны көріп оларға өтінім тастадым, ол қабылданды. Одан кейін жұбайым екеуіміз Kazakh Tourism АҚ пандемия кезінде ішкі туризмді дамыту мақсатында ұйымдастырған онлайн академиясында оқып, жеті сертификатын алдық. Ол жерде әр бағытта оқытады, мәселен, турды қалай ұйымдастыру керек, глемпингті қалай жасау керек деген сияқты. Осы жеті курсты тәмамдаған соң, біз өзіміздің бизнес жоспарымызды жасап, «Жангелдин ауданындағы Жартоғай глемпингі» деген жобамызды ұсындық. Нәтижесінде жеңімпаз болып, одан кейін Kazakh Tourism бізді киіз үйден тігілген қонақүй бизнесімен таныстыру мақсатында Жетісу өңіріне шақырды. Бұл бизнес Алматы облысында жақсы дамыған екен. Көлсай, Қайыңды көлінде болып, көріп қайттық. Өздері шақырып, қаржыландырды, – деді жоба авторы.
Амандық «Жартоғай глемпингі» жобасын сәуір, мамыр айларында бастаған. Одан кейін үйін кепілге қойып, бес жарым млн теңге шамасында несие алды. Мұның сыртында, бір жарым млн теңгедей өз қаражатын жұмсап, оған киіз үйдің ішкі бұйымдары, қазан-ошақ, көрпе-жастық деген сияқты тұрмыстық дүниелерді сатып алды.
– Өкінішке қарай, киіз үйлерді арнайы жасаттырып Қырғызстаннан алдыртуға тура келді. Өйткені Қазақстанда жасалған киіз үйлерді сатып алуға шамамыз келіңкіремеді, сосын бізде саудаласу деген кішкене қиындау мәселе екен. Жалпы, негізгі идея жоғарыда айтқандай біздің өңірімізде экономиканың баламалы көзін ұсыну ғой. Негізгі мақсат – осы. Бұл – әлеуметтік жоба, өйткені осы арқылы туристерді тарту керек. Мәселен, осы өңірдегі жергілікті кәсіпорындар мен жеке шаруа қожалықтары өнімдерін сату үшін мың шақырым жерге апарады. Ал турист келсе, сол жерде-ақ, бағасына қарамай сатып алады. Одан кейінгі мақсат, мысалы, біздің Торғай өңірінде қонақүй бизнесі кенжелеп қалған. Өңірге туристерді тарту кезінде көптеген қиындыққа тап келеміз. Кейде қайда жатқызарымызды білмей қаламыз. Қонақүй болмай қалған жағдайда, адамның қабағына қарауға тура келеді. «Жартоғай глемпингі» де осы қажеттіліктен туындаған бастама. Біз негізгі қоныс ретінде осы жерге тоқтаймыз да, туристерді ары қарай басқа өңірлерге алып барамыз. Торғайда туристерді қызықтыратын жер көп қой, Қаратұз, Торғай геоглифтары, Торғайдағы алты музейге, Алтын дала резерватына апаруға болады. Торғайдың жануарлар дүниесі, табиғаты, тарихы бай ғой, – дейді кәсіпкер.
Амандықтың глемпингі жолдың бойынан қашықтау жерге орналасқан.
– Өйткені бізге жолдан оқшаулау, интернеті болмайтын, адам отбасымен келіп табиғат аясында демалатындай болу керек. Демалушыларға біз мынадай қызмет түрлерін ұсынамыз. Қазір 4 киіз үй қойдық. Қонақүйлер күн батареялары арқылы жарықтандырылады. Біріншісі асхана, шаруашылыққа, тамақ дайындауға арналған. Екіншісі ерлерге, үшіншісі әйел адамдарға, төртіншісі жеке отбасыларға арналған. Оларға атқа міну, садақ ату, балық аулау, көремін десе киіктерді көрсету, қажет болса, жанымыздағы «Алтын дала» резерватының қорғауындағы жануарлар мен құстар әлемін көрсету, сол өңірдегі тарихи орындармен таныстыру сияқты қызмет түрлері көрсетіледі. Тапсырыс бойынша қой сой десе, қой сойып береміз, құрт, ірімшік, қаймақ, сары май, қымыз, қымыран әкел десе, оны әкеп береміз. Биылғы мақсат – бұл жобаға қызығушылық бола ма, соны байқау. Енді менің ойымша, осы өңірден кеткен азаматтардың көбі туған жерді сағынып келеді деп ойлаймын, мұның сыртында қазір пандемиядан зәрезап болған отбасылар бір оңаша, оқшау жерге барып, тамылжыған тұмса табиғаттың аясында біраз уақыт сергіп, демалып қайтқысы келеді. Ең бастысы, осы қызметті жоғары деңгейде жасап, оларға ұсыну керек. Торғайды көргісі келетін туристер табылады деп ойлаймын, – деді Амандық.
«Жартоғай глемпингі» Торғай өзенінің бойына орналасқан. Мұнда қазірдің өзінде бірнеше отбасы демалып жатыр.
Қостанай облысы