Өскеменде “Бір шаңырақ астында” атты облыстық достық форумы өтті
Жақында Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары, Достық үйлерінің директорлары, республикалық және облыстық мемлекеттік құрылымдардың басшылары, облыстағы қала мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің меңгерушілері, қоғамдық секторлардың өкілдері қатысуымен “Бір шаңырақ астында” атты облыстық достық форумы болып өтті. Бұл – облыс орталығында дәстүрге енген игілікті бастама. Айта кету керек, елімізде ең бірінші дүниеге келген Өскемендегі Достық үйі болатын. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын Елбасы Н.Назарбаев Достық үйіне келіп, игі тілегін білдірген.
Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен қазақстандық үлгідегі этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынас қалыптасты. Бүгіндері біздің еліміздегі “достық үлгісі” әлем елдерінің қызығушылығын кездейсоқ тудырып отырған жоқ. Себебі, көптеген ғасыр өтсе де адамдар бір-бірімен ынтымағы жарасып, тату өмір сүруге әлі толық қол жеткізе қойған жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның тәжірибесі жалпы келісімнің бір түрі ғана болуы мүмкін және бүгінгі күнде ол озық үлгі ретінде өз сұраныстарын тауып отыр.
“Бір шаңырақ астында” достық форумында бірінші болып сөз кезегін Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің профессоры Евгений Григорьев алды. Реті келгенде айту керек, Е.Григорьев – қазақ халқын ерекше жақсы көретін, хакім Абай туралы бірнеше кітаптар жазып, екі тілде шығарған ұлтжанды азамат. Ұлттар достығын, бірлік пен ынтымақты жалау етіп көтерген ғалым алқалы жиында да ойлы пікірмен ерекшеленді.
Шығыс Қазақстанда 74 этномәдени бірлестік және Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған “Ынтымақ – Содружество” жастар бірлестігі қызмет етіп келеді. Кенді Алтайда 5 Достық үйі жұмыс істейді, олар Өскемен, Семей, Риддер қалаларында және Глубокое, Шемонайха аудандарында орын тепкен. Шырайлы Шығыста Достық үйі елімізде бірінші болып құрылғанын жоғарыда айттық. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Достық үйіне келген кезде оны құрушылармен кездесті, ақылман қария, Ұлы Отан соғысының ардагері Төлеухан Қоғабаевпен, басқа да қарттармен емен-жарқын әңгімелесті. Сол жолы Президент осындай ынтымақ пен достықтың “алтын діңгегі” – этномәдени бірлестіктерді басқа да облыстарда ашатын ойы бар екенін тілге тиек етті. Қазір Қазақстанның барлық облыстарында Достық үйлері ашылған және еліміздегі ынтымақ пен бірлікке қызмет етуде. Елбасы осындағы естелік кітапқа: “Қазақстан халқының достығы – еліміздің баға жетпес игілігі. Әртүрлі ұлт өкілдерінің өзара сенімділігі, заң алдындағы теңдігі болмаса, мемлекеттің гүлденуі де болмайды. Демек, қарапайым адамдардың бақытты өмір сүруі де мүмкін емес” деген сөздерді жазған болатын, деп ағынан жарылды профессор Е.Григорьев.
Бұдан кейін сөзді Шығыс Қазақстан татар мәдениет орталығының төрағасы Ғабдулхай Ишмуратов алды. Айта кету керек, Кенді Алтайда мыңдаған татар өмір сүріп жатыр. Облыстағы татар этномәдени бірлестігі 1996 жылы қазан айында құрылды. Оны құруға ықпал жасаған оның алғашқы төрағасы, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Исмағұл Шамсутдинов болатын. Ол бірлестікті төрт жыл жемісті басқарған соң тізгінді Ғ.Ишмуратовқа тапсырды. Л.Әубәкірова, Р.Цис, М.Асқаров, М.Сүлейменова, тағы басқалар орталықтың аяғынан қаз тұрып кетуіне көп үлес қосты.
– Татар халқында да “көршінің хақы зор” деген мәтел бар. Бұл нені білдіреді? Тек көршің ғана емес, жалпы адамдардың бір-бірімен тату, бірлігі мен ынтымағы жарасқан болуын меңзейді. Татар мен қазақ ежелден ағайын. Қазір де екі ел басшылары жиі қарым-қатынас жасап тұрады. Біздер, татарлар ұлттық дәстүрді жалғастыруға көңіл бөлеміз. Жыл сайын Комсомол аралында “Сабантой” ұлттық мерекесі өтіп тұрады. Мерекелер, таңдаулы халық әндері, билері, музыкасы, ұлттық спорт түрлері бойынша өтетін жарыстарға, татардың ұлттық салт-дәстүрін насихаттайтын кештерге адамдар көп жиналады. Қысқасы, Шығыс Қазақстандағы барлық этностар татулықты басты назарда ұстай бермек. Енді менде мынадай бір ой бар. Жақында Өскеменде ашылатын мәдени саябаққа Ұлы Отан соғысының қаһарманы, жерлесіміз, партизан-жазушы Қасым Қайсеновтің есімін берсек, ұрпақтардың қарызы өтелер деген ойдамын, – деп Ғ.Ишмуратов тың ойдың шетін шығарды.
Бұдан кейін әзірбайжан және орыс этномәдени бірлестіктерінің өкілдері сөз алып, атқарып жатқан жұмыстары жайында әңгімеледі.
Елдегі сүттей ұйыған тыныштық, береке мен ынтымақ ел игілігіне жұмыс жасауда. Бірде-бір қазақстандық ұлтаралық жанжалдардың құрбаны болған жоқ. Көрші Қырғызстандағы жағдайды білесіздер. Қаншама адам құрбан болып, әдемі ғимараттар қирады. Бұдан кейін Қырғызстанға дамыған елдер инвестиция тартады деу қисынға келмейтіндей. Себебі, тату елдер ғана өз экономикасын жақсарта алмақ. Үстіміздегі жылдың тамызында Өскеменде Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Ресей Президенті Д.Медведевтің қатысуымен ірі инвестициялық халықаралық форум өтпек. Бұл – елдегі ірі жаңалықтардың бірі. Өйткені, дамыған бай елдерден ірі компаниялар мен холдингтердің басшылары келіп, еліміздің Шығысындағы экономиканың жағдайымен танысып қана қоймай, мол қаржы құймақ. Міне, осының өзі Қазақстан лидері Н.Назарбаевтың беделі мен ірі тұлғасын айқындап тұрғандай. Ел тұрғындары да осыған сай достығын тереңдете берсе, нұр үстіне нұр болмақ.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев достық форумында терең де мағыналы сөздер айтты:
– Қазақстанның беделі күн сайын көтеріліп келе жатқанын көріп, біліп отырсыздар. Тіпті, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі үлкен тарихи оқиға. ТМД елдері бойынша төрағалық ету бақыты әзірше біздің маңдайымызға жазылыпты. Бұл да Елбасы Н.Назарбаевтың бүкіл әлем алдындағы зор беделінің арқасы екені күмәнсіз. Шілдеден бастап Ресей, Қазақстан және Беларусь мемлекеттері Кедендік одақ бойынша қарым-қатынасқа көшеді. Ал бұл дегеніңіз, дүкендер тауарларға толып, қажетті заттарды толық тұтына аламыз деген сөз. Қытай мен Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында бірігуі де шетелдер алдында мәртебемізді биіктетіп тұр. Өскемендегі Достық үйінде отыздан астам этномәдени бірлестік бірігіп жұмыс істеп жатыр. Мен аудандарды жиі аралаймын, барған сайын аудандар мен қалалардағы Достық үйлеріне кіріп, олардың жұмысымен танысамын. Осындай Достық үйлері барлық аудандарда ашылып жатса, нұр үстіне нұр. Биылғы қыс өте ауыр болды. Оңтүстік аудандардағы су тасқынынан мыңға тарта үй қирап, жарамсыз болып қалды, отыз мыңға тарта мал қырылды. Міне, осындай сын сәтте Елбасының өзі қамқорлық қолын созды. Қазір апатты жоюға қыруар қаржы түсіп жатыр. Бірақ қауіп әлі сейілген жоқ. Енді биік тау қыраттарындағы мұз бен қар еріген соң өзендердің деңгейі көтеріліп, су тасқыны бола ма деген қауіп та жоқ емес. Ендеше, сақ болғанымыз жөн. Қиын кезеңде Қазақстанның барлық облыстарынан көмек келді, ұжымдар мен мекемелер бір күндік табыстарын аударып жатыр. Міне, бұл – нағыз үлгі тұтатын, қиналған кезде адамдардың бір-біріне деген қайырымдылығын көрсететін игі дәстүр. Олай болса, ел-жұртымыз аман болсын, – деді өңір басшысы.
“Ұлттық шығармашылық пен мәдениетті дамытуға, этносаралық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға үлес қосқаны үшін” берілетін облыс әкімінің жыл сайынғы сыйлығы 2006 жылы бекітілген. Биылғы достық форумы аясында облыс әкімінің сыйлығы бесінші рет тапсырылды. Бұл жолы өңір басшысының қолынан сыйлықтарды Өскемендегі Достық үйі директорының міндетін атқарушы Б.Есдәулетова, Семей, Риддер қалалары мен Глубокое және Шемонаиха аудандарындағы Достық үйлерінің жетекшілері А.Еременко, О.Корень, М.Пекур, О.Ушакова алды.
Бұдан кейін түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері ән мен биден шашу шашып, ынтымақ пен бірлікті насихаттайтын көріністер қойды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.