Спорт • 27 Тамыз, 2021

АҚШ-та атой салған Әнуар

110 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күні кеше ғана Охлахома-Сити қаласында ескек есуден АҚШ-тың ашық чемпионаты аяқталды. Әлемнің бірқатар мемлекеттерінен келген сақа спортшылардың басын қосқан дүбірлі додада тұңғыш рет Қазақстанның өрені өнер көрсетті. Ол – 21 жастағы Әнуар Ақчурин. Бір айта кетерлігі, жерлесіміз осы жарысқа қатысып қана қоймай, өзінің өрелі өнерімен америкалық жанкүйерлерді қуантты.  

АҚШ-та атой салған Әнуар

Жарыстың алғашқы күні Әнуар Ақчурин америкалық Гэвин Росспен бірге каноэ-екілік сайысында сынға түсті. Айтулы жұп 1 000 метрлік қашықтықта мәре сызығын екінші болып қиып өтті. Келесі тәулікте каноэ-төрттік бәсекелері басталды. Бұл жолы қазақ спортшысы «Вашингтон каноэ клаб» клубының сапында өнер көрсетіп, өзінің командалық әріптестерімен бірге дәл сол межеден көрінді. Одан кейін Ақчурин жекелеген сайыста және каноэ-төрттікте (200 метр) тағы қос күміс медальді кеудесінде жарқыратты. Жарыстың соңғы күні жоғарыда есімі аталған америкалық спортшымен бірге Әнуар алтын тұғырға көтерілді. Олар каноэ-екілік жарысында алдарына жан салмады. Нәтижесінде жерлесіміз АҚШ-тың ашық чемпионатын бір алтын және төрт күміс медальмен қорытындылап, қазақстандық жанкүйерлерді қуаныш пен шаттыққа бөледі.

Алыстағы Америкада олжаға кенелген қандасымыз жайында айтар болсақ, ол 2000 жылы Алматы қаласында дүниеге келді. 11 жасынан бастап спорттың осы түріне мықтап ден қойды. «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісіне берген сұхбатында: «Бірде әкем Айсұлтан мектеп тақтайшасындағы жарнаманы көріп, мені осы спорт түрімен айналысуға үгіттеді. Әкемнің ақылына құлақ асып, Астанадағы «Толқын» спорт кешеніне келдім. Ол жақтағы жаттықтырушылар менен «Қайсысын таңдайсың: академиялық есуді ме, әлде каноэ мен байдарканы ма?» деп сұрады. Қапелімде не деп жауап берерімді білмей, қатты сасып қалдым. Бұған дейін спортпен шұғылданбаған 12 жастағы баланың академиялық есу немесе каноэ мен байдарканы ажырата алмайтыны анық қой. Бағыма орай, сол кезде жанымызға білікті бапкерлердің бірі келе қалды. Ол мені қолымнан жетектеді де, өзі жетекшілік ететін үйірмеге алып барды. Осылайша, мен каноэ есудің қыр-сырына қаныға бастадым», деп Әнуар өзінің үлкен спорттағы алғашқы қадамы жайында әңгімелеп берген еді.  

Уақыт оза жас өрен өзінің табандылығы мен ерен еңбегінің арқасында біраз белестерді бағындырды. Атап айтсақ, 2016 жылы жасөспірімдер арасында Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен Азия кубогында бас жүлдені олжалады. 2017 жылғы Шанхайдағы Азия чемпионатында төртінші орынға табан тіреді. 2008 жылы каноэ-бірлікке (С-1) әбден машықтанған қазақтың ұлы ел біріншілігінде алдына жан салмай, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Словакияның Питешти қаласында өткен регатада ол өзінің оң жамбасына келетін жаттығуда алтын алса, 500 метрлік сайыста күміспен күптелді. Жастардың Самарқандтағы Азия біріншілігінде екі рет дара шығып, Болгарияның Пловдивінде жалауы желбіреген әлем біріншілігінде күміс медальді мойнына ілді.

Осыдан біраз уақыт бұрын халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған қандасымыз ескек есуде елеулі табыстырға қол жеткізумен қатарбілімге де мықтап деп қойып отыр. 2018 жылы ол Нұр-Сұлтандағы Назарбаевтың Зияткерлік мектебін ойдағыдай тәмамдады. Одан кейін білімін жетілдіру мақсатында мұхиттың арғы бетіне аттанды. Бұл күндері Әнуар Ақчурин АҚШ-тың Мельбурн қаласында орналасқан «Florida Institute of Technology» деп аталатын іргелі оқу орнының 4 курс студенті. Ол жақта қазақтың «сегіз қырлы, бір сырлы» өрені инженер-механик мамандығын меңгеруде.