Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына орай Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті Алаш қозғалысы жетекшісінің атымен аталды. Бүгін білім ордасының бас ғимаратында Әлихан Бөкейхан бюстінің ашылу салтанаты өтті.
Бюст авторы – белгілі мүсінші, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Талғат Анарбеков. Сондай-ақ университетте «Әлихан Бөкейхан тұлғасы отандық ғылым контексінде: жаңа пәнаралық зерттеулер мен ізденістер» атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.
«Семей қаласының білім жүйесінде Әлихан Бөкейхан есімін жаңғырту ісі өзекті. Бұл тұрғыда республикалық жоғары білім кеңістігінде өзіндік орны бар – Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің атауы «Әлихан Бөкейхан университеті» болып ауысты. Замана ағысында ұлт көшбасшысы болған тұлға есімінің университетімізге берілуінің тарихи негізі бар. Бұл білім ордасының құрылтайшылары мен студенттердің ел мен Семей қаласы тарихына және ұлттық мүддені ту етіп көтерген Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің тарихи қызметіне көрсеткен құрметі», деді университет ректоры Шырын Құрманбаева.