Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында ынтымақ пен бірліктің елімізді табысқа бастайтыны атап көрсетілген. Елбасы Н.Назарбаевтың “Біз қазығы берік, мемлекеттігі бекем, төрт құбыласы сай Қазақ елінің айбынын асырып, атағын әлемге әйгіледік... Біз сияқты халқының саны аз, экономикасы даму үстіндегі елге технология ауадай қажет. Сонда ғана әлемнің алып мемлекеттері мен төңірегіміздегі елдер бізбен санасады. Бұл бағдарламаның түпкі мақсаты – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызу”, деп атап көрсеткені әрқайсымыздың күнделікті жұмысымыздың асыл арқауына айналуы керек деп түсінемін.
Тіл – халықтың жан-дүниесі, рухани негізі мен ел еркіндігін, ұлттың ұлылығын танытатын басты күш. Ұлт болмысын ұғындырып, жалпы жұртты төңірегіне топтастырушы, біріктіруші ретінде де саналады. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі деген жөн. Тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өзінің азаматтық міндетін атқарғанда ғана ол нәтижелі болатынына күн сайын көз жеткізіліп келеді.
Осы орайда Мемлекет басшысы алқалы жиындарда қазақ тілінің мәртебесін көтеру жайына тоқталмай өткен емес. Кешегі әдебиет пен өнер қайраткерлеріне 2009 жылғы Президенттік және мемлекеттік стипендияларды тапсырған кезде де “Мемлекеттік тілдің артықшылығына ешкім таласа алмайды. Түбінде барша қазақстандықтар мемлекеттік тілде сөйлейтін болады. Өзге өркениетті елдерде мемлекеттік тілдің мәртебесі қандай болса, бізде де сондай болады. Халықтың мәдениеті оның тілімен жасалатыны белгілі. Тіл тек қана қатынас құралы емес, ұлттың бар сипатын анықтайтын оның негізгі кілті”, дегенінің өзі біраз жайды аңғартса керек.
Қазақ – дана халық. Оған “Қатты айтсаң, қарындасыңа жақпайсың, Ақырын айтсаң, ақың кетеді” деген тәмсілмен жауап беруге болады. Тіл мәселесі де осы тәрізді. Біздер үйреншікті сүрлеуден шыға алмай, күні бүгінге еренсіздігімізден сүйретіліп жүрген жайымыз бар. Шұрайлы тілдің шырайын кетіретіндер де өзіміз. Алайда, Елбасының тікелей басшылығымен, қолдауымен мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, көңіл аударылғанының нәтижесінде соңғы жылдары көпкөрім ілгерілеушілік болды.
Мемлекеттік тіл саясатын жеделдете іске асырудың басты шарты – оны балабақшадан бастау қажеттігі. Қоғамда қай саланы болсын мемлекеттік тілден хабардар, салалық мамандар басқарғаны абзал. Себебі, тіл білгеннің тамырында ұлттық, халықтық, елдік, мемлекетшілдіктің қаны мен қасиеті болады. Ұлттық болмысты ұғатын рух, қоғамдық бағытты аңғаратын, ерекшелігін түсінетін, елжандылық асқақ сезімі басым жандар ғана көсегемізді көтертеді. “Мемлекеттік тіл – менің тілім” дегенді мемлекеттік қызметкерлерге міндеттегенде ғана оның өміршеңдігіне қол жетеді.
Халықтың қаны мен жаны саналатын қазақ тілінің абыройы мен беделі қазақстандықтардың міндеті, адами борышы болуы тиіс. Демек, басты жауапкершілік билік басындағы азаматтарға жүктелуі тиіс. Мемлекеттік тілді қажетсінбейтін шенеуніктер тәртіпке шақырылса да артық емес. Себебі, басшысы мемлекеттік тілге оң қабақ танытпаса, іс ілгерілемейтінін күнделікті өмірде көз жеткізіп келеміз. Талап қойып, мән берген, жүйелі жұмыс атқарған мекемелер мен облыстарда өзгеге үлгі болатын оң бастамалар орныққан. Ондай өңірлер мен мекемелер елімізде жоқ емес, бар.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттікті айқындайтын факторлардың бірі, әрі бірегейі. Еркіндік пен теңдік берілгендіктен, өзге қанша тіл білгің келсе де біле бер, үйрен, оның артықтығы жоқ. Бірақ, қазақ тіліне деген басымдықты естен шығармауымыз керек. Өйткені, қазақ тілі басқа елде қолданылып, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие бола алмайды. Оның Отаны – Қазақстан. Өз елінде осы тілді дамытамыз дейтіндердің сөзі құлағыма түрпідей тиеді. Бұл жөнсіз. Қазақ тілі – ұққан жанға дамыған, кәдеге жараған, ұлттың болмысын баяндаған тіл. Онымен қазақ жат елмен дипломатиялық жұмыстар жүргізіп, досын туыс, дұшпанын дос етіп, барлық салада тарих көшінен қалмай келген. Және киелі тілдің оған құдіреті жеткен де. Бірде-бір түркі тілдес халықта он томдық түсіндірме сөздік жоқ. Мұндай құнды дүние тек қазақта ғана бар, осы ұлтқа ғана тән рухани байлық.
Жаһанданудың бүгінгі кезеңінде де, бұған дейін де еліміз батысқа еліктеп, сол үлгімен күн көруге, жүруге көшкені жасырын емес. Хош делік. Олай болса, тілге де сол елдерше мән бере, баршаға ортақ тіл етіп, құрметтеп, неге қолданбасқа. Тәжірибе алмасып, идея, пікір бөлісіп, тіл мәселесін неге ортаға салмаймыз. Қазақ тілінің уызынан ажырап, байлығынан көз жазып, ұрпаққа бай тілді неге баяндап бермеске. Мемлекеттік тіл болғандықтан, қазақ тілін күллі қазақстандықтар ортақ тіл етіп, неге орнықтырмаймыз. Қазақша үйрену керек, оған жағдай жасау керек деген әбден жауыр болған, жаттанды сөз тіркестерімен көзбояушылық жасап, елді алдаусыратудан арылып, Конституция мен “Тілдер туралы” Заңдағы көрсетілген мемлекеттік тілді білу әрбір азаматтың борышы дегенді міндетті түрде орындау қажет деген талап қоятын кез жетті.
Тілдің негізгі қызметі – халықты біріктіру. Демек, мемлекеттік тілдің мемлекеттік басқару орындарында негізгі тіл ретінде қолданылуын қалыптастырған жөн. Қызметке аларда мемлекеттік тілде ойлайтын, сөйлейтін, терең сусындаған, қазақтың болмысын ұғатын қарымды да қабілетті жастарды алып, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жазуға баулу шарт. Елбасының даналығы мен көрегендігін аңғарып, “қазақ қазақпен қазақша сөйлессін” дегеніне қолдау көрсетсек, өзгелер қайда кетеді. Сонда қазақ тілі қолданысқа еніп, ортақ тілге айналары ақиқат. Қазақ тілі – шағыстырушы емес, егемендіктің табыстырушы алып бұтағы, бәйтерегі. Тек оның жапырақ жаюы күтіміне байланысты болып тұр.
Тіл білігі – мәдениеттілігіміз бен елжандылығымыздың нышаны. Әрбір ісіміз мемлекеттік мүддені жастарға ұғындыратын ұлттық ерекшеліктерді ұлықтап, халықтың абырой-беделін көтеретін, рухы биік, мәдениеті мәртебелі ұрпаққа берілетін ұлттық тәрбиемен бағытталғаны дұрыс.
Өзге этнос өкілдерін жүрек қалауымен, орыс тілді қазақ жастарын міндетті түрде мемлекеттік тілді оқытып, санасына сіңіріп, меңгеруді жүзеге асыруды талап етсек, нұр үстіне нұр. Сонда ғана тіл өз мәртебесіне лайық қызмет атқарады.
Тарихымызды таразы басына салсақ “Біреудің сөзі әдемі, біреудің көзі әдемі” деп інжу-маржан ұлт байлығына мән бермей, өзгенікін алтынға балап, ұрпағымызды жатбауыр етіп алдық. Енді сол олқылықтың орнын толтыра алмай, опық жеп, шыр-пыр боламыз. Кей жерде істен гөрі құр сөз басым. Осы орайда барлық өңірде мемлекеттік істі мемлекеттік тілде жүргізу қажет. Қағаз жүзінде емес, іс жүзінде. Оған қазақ тілін меңгерген кадрларды тарту бүгінгі басты міндетіміз болғаны абзал. Яғни, болашақтың іргетасы бүгіннен қаланатынын ескерген жөн.
Сөз сөзден туады. Егер құнарлы тілдің құнын түсіріп, күнделікті қолданыс аясын кеңейтуге өзіміз үлес қоспасақ, өзгелерден қалай талап етеміз. “Құлағына мақта тыққандарға” бұл аз айтылып жүрмегені аян. Жаңа ғасыр жаңашылдығымызды таразы басына салатынын ұмытпайық, ағайын.
Асылы ОСМАН, “Мемлекеттік тілге құрмет” бірлестігінің төрайымы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.
Алматы облысы.