Білім • 28 Тамыз, 2021

Ата-аналардың онлайн тамыз конференциясы өтуде

464 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандық ата-аналардың тамыз конференциясы Zoom платформасында өтіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ата-аналардың онлайн тамыз конференциясы өтуде

Онлайн жиынға Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңға жуық ата-ата қатысуда. «Сенім мен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан шара аясында «Жаңа ұрпақ» жобасының авторы, отбасы коучы Асхат Әбжанов, психолог-педагог Айжан Әділбаева, «Сенім мен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің мамандары дәріс оқып, ата-аналармен тренингтер өткізеді.

Зерттеуші педагог Нұрлан Иманғалиев «Ата-ана жаңа оқу жылына қалай дайындалуы керек» деген тақырыпта дәріс оқып, уақыт менеджментін тиімді ұйымдастыру жолдарына тоқталды.

«Балаңыз табысты азамат болып жетілсін десеңіз, оған уақыт менеджменті дағдыларын үйретуіңіз керек. Балаға бірдеңе үйретпес бұрын, оны әуелі өзіңіз жетік білуіңіз қажет. Сондықтан ең әуелі уақыт менеджментін сауатты ұйымдастыруға көңіл бөліңіз. Ата-аналардың көбі баласы 11 сыныпқа келгенде өкініп жататынын жыл сайын көріп жүрміз. Сондай өкініш болмауы үшін балаңыздың болашағын 4-5 жыл бұрын жоспарлап дағдыланыңыз. Бала армандай алғанымен, табиғатынан 4-5 жылға жоспар құра алмайды. Мысалы, IELTS-тен сүрінбей өту үшін кемінде 120 сабақ алу керек. Ал мұнша көлемдегі білімді 1-2 аптаның ішінде алып үлгеру мүмкін емес. Баланың үлгеріміне, сынақтарға дайындығына сын сағат таяғанда емес, ерте бастан дайындалу маңызды», деп кеңес берді педагог.

Ол, сондай-ақ баласының болашағына алаңдайтын кез келген ата-ана қазіргі технологияның игіліктерін өз икеміне қарай пайдалану керектігін назарға салды.

«Білім беру жүйесі жыл сайын өзгеріп жатыр. Ата-ана бағаны емес, әр пәннің үйрену мақсаттарын білу керек. Әр пән бойынша бала бір тоқсанда нені үйрену керектігін тоқсанның басында нақтылап алсаңыз, оның үлгерімін тоқсан бойында қадағалап отыра аласыз. Тек алған бағасын сұрай бергеннен тақырып бойынша пікір алмасып қадағалау әлдеқайда тиімді», деді Нұрлан Иманғалиев.