23 Қаңтар, 2014

Таэквондо: Астана төрінде - татами шеберлері

358 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Taekvondo-23.01

Астанада кешеден бері Оңтүстік Кореядан келген татами шеберлері өнер көрсетіп жатыр. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.

Кеше Таңғы шық елінің атақты спортшылары «Дәулет» спорт кешенінде қазақстандық жас таэквондошыларға жекпе-жектің барлық қыр-сырын көрсетті. Осы жерде спорттың осы түрін жанына серік еткен отандастарымыз да өз өнерлерін ортаға салып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Осыдан кейін Дүниежүзілік таэквондо федерациясының президенті Чжо Чжонг Вон елімізде спорттың осы түрін дамытуға қосқан үлесі үшін Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Арман Шылманов пен басқа да азаматтарға арнайы дипломдар табыс етті.

Осы күні Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы төрағасы Тимур Құлыбаев Дүниежүзілік таэквондо федерациясының президенті Чжо Чжонг Вомен кездесті. Онда қазақстандық тарап биыл Халықаралық таэквондо федерациясының (WTF) тұжырымы бойынша Гран-при сериясының әлемдік турнирін, ал  2017 жылы «EXPO-2017» халықаралық көрмесі кезінде әлем чемпионатын өткізуге дайын екенін айтты.

Бүгін Астанада кореялық таэквондошылар «Хан шатыр» ойын-сауық кешенінде тағы да көпшілікке шеберліктерін көрсетеді. Шара сағат 19.00-де басталады.

Дастан Кенжалин.

Дереккөз: Қазақстан таэквондо федерациясының баспасөз хатшысы Назерке Сұлтанбек.